Шаруаларға қандай қолдау көрсетілмек?

Былтырдан бері өңірде ауа райының қолайсыз болуы көпшілікке, әсіресе шаруаларға қиындық тудырып отыр. Өткен жылы аптап ыстық болып, ала жаздай бір тамшы тамбай, күзде диқандар қуаңшылықтың зардабын тартты. Енді біресе боран соғып, біресе жаңбыр жауып, оның соңы сақылдаған сары аязға ұласуының салдарынан жерді  мұз басып, иен далада жайылып жүрген жылқылар тебіндей алмай қалды. Мәселені шешу үшін облыс басшылығы арнайы бағдарлама әзірледі.

Қамбар ата түлігінің басым бөлігін қыстаққа қалдырған тұрғындардың көпшілігі жылқыларды қораға қайта қамауға мәжбүр. Әсіресе, Ақтоғай, Ертіс, Железин аудандары мен Екібастұз қаласына қарасты ауылдық аймақтардағы жағдай күрделі. Сол себепті күзден бері жайылымда жүрген жануар-
ларды қораға әкелуге тура келді. Оның өзінде көктайғақтан жылқылар жүре алмай, ауылдағы ағайын амалын тауып, трактормен тіркемеге көтеріп, әупірімдеп жүріп жеткізді. Аздап қоң жинағандары қырда қалды. Себебі тұрғындардың барлық жылқыны азықпен қамтуға шамасы жетпейді.

— Былтыр аптап ыстықтан соң қиналып қалғанымыз бар. Мұны кәсіпкерлер өз пайдасына шешіп, шөптің бағасын бірден қымбаттатып жіберді. Алдыңғы жылы бір тіркемесін 50 мың теңгеге алсақ, былтыр 80 мың теңгеге сатып алдық. Сондықтан азықтың көлемін азайтуға тура келді. Ол кезде жылқылардың қыс бойы далада жүретінін ескердік. Енді көк мұз бен қақаған аязда қораға қоюдан басқа амал болмай тұр. Көктемге дейін аз қалған шөпті бес бас жылқының бәріне бірдей жеткізе алмаймын. Сондықтан құлынды биені ғана әкеліп, үш басты далада қалдырдым, — дейді тұрғын Амангелді Бейсенбаев.

Тұрғындардың сөзінше, мұзда тебіндей алмай қалған жылқылар әбден ашығып, әлдері кеткен. Кейбір көтерем қылқұйрықтының қайта көтеріліп, қоң жинауы да екіталай. Бірқатар жеке аулада жем-шөптің аз болуы жағдайды одан әрі қиындатып отырған жайы тағы бар.

Жергілікті билік көпшілікті титықтатқан бұл мәселені ескеріп, жедел шаралар қабылдады. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасымен «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы төрт түлік өсіріп отырған ағайынға жемдік астықты тауарлық несие ретінде беру бойынша көмек көрсетудің өңірлік бағдарламасы
әзірленді.

— Қолайсыз ауа райына байланысты аймақтағы жайылым-дардың жекелеген учаскелерінде мұзқатқақтар пайда болды. Бұл жылқылардың тебіндеуіне және басқа да малдарды жайылымға шығаруға қиындықтар туғызуда. Осыған байланысты астықты тауарлық несие ретінде беру бойынша өңірлік бағдарлама қабылданды. Оны 2024 жылдың 1 қарашасына дейін ақшалай түрде немесе бірдей сападағы әрі бірдей көлемдегі астықпен қайтаруға болады. Тауарлық несие кепілсіз және сыйақы (пайыз) есептелмей берілетін болады. Яғни, шаруа қанша алса, сонша қайтарады. Тек  ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасынан көшірме, сондай-ақ, шаруа және фермер қожалықтарының басшыларының нотариалды куәландырылған несиені қайтару туралы кепілдіктерін тапсыруы тиіс. Несиені алу үшін аудан әкімдіктеріне жүгіну қажет, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Атап өтерлігі, астықты қарызға тек ресми түрде тіркелген шаруа қожалықтары, фермерлік шаруашылықтар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерліктер ала алады. Бұл ретте жемнің көлемі базада көрсетілген мал санына сай есептеліп
беріледі.

— Азықтың әр басқа малға арналған нормативті көлемі бар. Айталық, бір қара малға күніне 3,1 келі, жылқыға 3 келі, қойға 300 грамм жем керек. Бұл көлем көтерем болып тұрған мал басына көбейтіліп, шаруаларға үлестіріледі. Астықтың қанша уақытқа керек екенін төрт түлік иелерінің өздері белгілейді. Әдетте ірі қара, жылқылар жайылымға сәуір айының ортасы, мамыр айында шығатынын ескерсек, шаруашылықтарға екі–екі жарым ай аралығында малдарды жемдеуге жететін азық қажет, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсаринов.

Атап өтерлігі, астықты тауарлық несие ретінде алу туралы келісімшарт «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жасалады. Соған сәйкес, шаруа-
лар астықты Павлодар қаласы мен Ертіс ауданындағы элеваторлардан ала алады.

— Бұрнағы күні аталған бағдарлама аясында алғашқы өтініш түсті. Күні кеше Екібастұздағы шаруалармен тағы 10-нан астам келісімшарт жасалды. Соған сәйкес, мал бағып отырған қожалықтарға астық үлестіріледі. Егер облыс орталығындағы элеватордан алатын болса тоннасы 69 мың теңге, Ертістегі элеватордан әкетсе 67 мың теңге болады. Осы жылдың 1 қарашасына дейін астық алған шаруашылықтар дәл осы соманы қандай да бір пайызсыз қайтарып беруі тиіс. Не болмаса, қазір қандай көлемде жем алса, дәл сол көлемді тұрақтандыру қорына қайта толтыруға міндеттеледі. Бұл қиналып қалған шаруаларға көмек болады деген үміттеміз, — дейді «Павлодар» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Бек Оразғұлов.

Ауыл шаруашылығы басқар-масының мәліметінше, әзірше тебіндей алмай, мертіккен жылқылар тіркелген жоқ. Әр аудан-қалада жедел штабтар құрылып, жергілікті жердегі мамандар мәселені басты назарға алып отыр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА