Исламдағы бес парыздың бірі – отыз күндік ораза. Бұл Алла тарапынан міндеттелген негізгі құлшылықтардың арасында көпшілік қауымның өтеуіне мүмкіндік берілген ең жеңіл түрі болып саналады. Ораза ғибадатын орындауға кезінде тек мешіт-медреселерде қызмет еткен имам-молдалар ғана емес, халқымыздың рухани көшбасшысы болған зиялы қауым, тарихи тұлғалар да аса мән берген. Сонымен қатар, ақын-жазушылардың көптеген шығармаларынан, зерттеулерінен ораза ғибадатының маңыздылығы жайлы оқуға болады.

Қазақ халқының көрнекті ғалымы, этнограф, саяхатшы, фольклорист және ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен дін жайлы және ораза жайлы жазбаларды көптеп кездестіреміз. «Ислам діні» деген мақаласында «Қазақстанда Ислам діні сегізінші ғасырда тарай бастағанымен, он тоғызыншы ғасырдың аяғында ғана бұл дін қазақ халқының арасында басымдыққа ие болды» деп жазады. Ал тағы бір жазбасында «Отыз күн ораза мен бес уақыт намазы болмаған адам туыстары арасында сыйға ие бола алмай, дауыс беру құқығынан айырылған. Олар Ислам дініне толықтай беріліп, Құранға қайшы келетін нәрселерді қабыл етпеген» депті. Соған қарағанда, бұрын ораза тұтпайтын және бес уақыт намазына мән бермейтін адамдардың ел ішіндегі абырой-беделі де төмен болып, тіпті кейбір жалпыға ортақ дүниелерден шектелген екен.

Қазақ зиялыларының оразасы туралы айтқан кезде Абайдың әкесі Құнанбайды айналып өте алмаймыз. Абайтануға айтарлықтай үлес қосқан Әрхам Кәкітайұлы естелігінде Құнанбайдың оразасы жайлы мысал келтіреді.

«Құнанбай енді ел сөзіне кіріспей, дін жолына біржола беріліп, күндіз-түні ораза тұтып, намаз оқып, Ғабитхан молланы уақыт-уақыт шақырып алып, шариғаттың бес парызын, уәжібін, сүннетін сұрап алып үйреніп, оңаша үйде тағат, ғибадат ететін болды» дейді Әрхам Кәкітайұлы. Сөйтіп жетпістен асқанда қасиетті қағбаға қажылық жасаған.

Сәбит Мұқанов та Құнанбайдың дін Исламды дамытуға үлес қосқаны жайлы айтады. «Құнанбай діншіл адам болған. Ол сол кезге дейін көшпелі қазақ ауылдарының арасына біртіндеп тарап келген мұсылман дінінің ықпалын күшейтуге тырысқан, намаз оқитын, ораза тұтқызу, дәулетті адамдарға зекет төлету сияқты дін шарттарын өзіне бағыныштыларға күшпен таратпақ болған. Осы мақсатпен Орта Азияның діндар қожаларын, татар молдаларын қарамағындағы ауылдарға таратып, олардың балаларын міндетті түрде мұсылманша оқыттырады. Сондай қожа-молдаларды өз ауылында да ұстап, өз балаларын, олардың ішінде Абайды Ғабитхан есімді татар молдасына сабаққа берген» дейді Сәбит Мұқанов.

Кәкітай Ысқақұлы естелігінде Құнанбайдың ұлы Абайдың да Рамазан айында құлшылығын арттырып, ораза ұстағаны жайлы жазады. Абай дінді мақтан үшін ұстанғандарды ұнатпаған.

«…Рамазан айында ораза ұстап, намазды сонда үзбей оқушы еді. Ол оқыған кезінде, өзгелерді «асығыс отырып, сендер көңілді алаң қыласыңдар» деп, өзі жеке асықпай оқып отырып алушы еді» дейді. Кәкітайдың жазуынша, Абай «Құдайға шын көңілмен ғибадат қылған кісі құпия қылады деп» сыртымен тақуасынған адамдарды аса жақтырмағанын атап өтеді. Бұл пікірді Көкбай Жанатайұлы да қуаттаған. Көкбай естелігінде «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда-қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, үлкен сынмен, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын» деп жазады.

Ораза жайлы орамды ой қозғаған тұлғаның тағы бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы болатын. Ол өзінің «Мұсылмандық шарты» (Орынбор, 1911) кітабында «Әр жылда рамазан айында ораза тұтпақ парыз. Ораза кісі күндіз еш нәрсені ішіп-жемейді, күндіз ұрғашыға жақындамайды, темекі тартпайды, насыбай атпайды, сағыз да шайнамайды» деп бастай келіп, оразаны Рамазан айын көріп барып ұстаудың дұрыс болатынын баяндайды. Одан ары ораза ұстау ережелеріне қатысты мол мәлімет береді.

Рамазан оразасы туралы құнды мағлұматтарды Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазбаларынан да кездестіруге болады. Ұлы ойшылдың оразаның маңыздылығын жырлаған өлеңдері көп. Бір толғауында «Ораза, намаз, зекет, қажы – ол нұр иман! Бұл айда рахмет нұрға дүние толған» деп толғайды. Иә, он екі айда бір келетін Рамазанды Дүние рахмет нұрға толған қасиетті ай деп әспеттейді. Сонымен қатар, жұртты рамазанда ауыз бекітуге шақырған жарапазан жырлары да бар:

Жарапазан айта келдім, сіз байларға,

Кім кетіп, кім жетпеген  бұл айларға?!

Кірерсіз сегіз бейіш сарайларға,

Мұхаммед үмбетіне шақыр, рамазан!

Бір келген он екі айда шақыр, рамазан,

Қылыңыз рамазанда  жанды құрбан!

Үш айда енді бізге қалам, Құран,

Мұхаммед үмбетіне шақыр, рамазан!

Осылайша, қазақ зиялыларының Рамазан айында жасаған ғибадат-құлшылығы мен ораза туралы ой-толғамдары жайлы қысқаша мағлұмат ұсындық. Жалпы, ұлт зиялыларының қай-қайсысын алып қарасаңыз да, діннен алшақ болмаған, өз заманының ағымына қарай намазын өтеп, оразасын ұстаған және зекет-садақасын қате қылмаған.

 

Тілеуберді САХАБА.