Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана базасында облыстағы жалғыз ревматологиялық орталықтың ашылу салтанаты өтті. Жаңа орталықтың ашылуы – облыстың ғана емес, еліміз үшін денсаулық сақтау саласындағы маңызды оқиға. Жақын арада басқа өңірлер мен қалаларда да осындай орталықтар құру жоспарланып отыр.

Айтулы шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас ревматологы, қазақ ревматологы қауымдастығының төрағасы және Еуразиялық ревматология лигасының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Тоғызбаев және облыстың бас штаттан тыс ревматологы З.Қуанышбаева қатысты.

–  Енді халыққа сапалы меди-циналық қызмет көрсетуге, ревматикалық аурулары бар науқастарды диагностикалауды уақтылы жүргізуге және пациентті мүгедектікке жеткізбей емдеуге мүмкіндік артты. Заманауи үлгідегі жабдықтардың көмегімен ауруды ерте анықтап, ем жасалады, — деді Ғалымжан Тоғызбаев.

Облыстық аурухананың бас дәрігері Арман Мұсабековтің айтуынша, орталықта орналасқан екі типті стационарда ревматологиялық аурулардан зардап шегетін тұрғындар білікті медициналық көмек ала алады. Мұнда консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге арналған ревматолог кабинеті, гендік-инженерлік биологиялық терапия кабинеті — ГИБТ, буынішілік манипуляциялар кабинеті жұмыс істейді. Тәулік бойғы стационарда 30 төсек-орын, күндізгі стационарда 10 төсек-орында төрт дәрігер жұмыс істейді, тағы екеуі емханада пациенттерді қабылдайды.

Қызметті қайта ұйымдастыру және ревматологиялық орталықтың ашылуы ревматологиялық пациенттерге көмек көрсетуді жақсартуға, ауруды уақтылы диагностикалауға және емдеуге мүмкіндік береді. Ревматологиялық пациенттерге базистік препараттарды уақтылы тағайындауды қамтамасыз ете отырып, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін динамикалық бақылау ұйымдастырылатын болады.

– Бұрын әртүрлі ауруханаларда терапевтік немесе кардиологиялық бөлімшелерде бірнеше төсек-орын ғана бөлінген еді. Жаңа орталықта стационарлық көмектен басқа, емхана жанынан амбулаториялық қызметті кеңейтеміз, пациенттер тексеруден өтіп, консультация мен ем ала алатын күндізгі стационар ашамыз. Ревматология басқа медицина салаларымен тығыз байланысты, сондықтан облыстық көпсалалы ауруханада ашу туралы шешім қабылданды, – деді Арман Мұсабеков.

Ревматологиялық аурулар негізінен жас адамдарда дамиды және тұрақты еңбекке жарамсыздыққа әкелуі ықтимал. Осыған байланысты ревматологиялық пациенттерге көмек көрсетуді жақсарту және Павлодар облысында ревматологиялық қызметті қайта ұйымдастыру қажеттілігі туралы мәселе көтерілді. Ревматологиялық орталықтың ашылуы ревматологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу мәселесін жақсартады. Базистік препараттарды уақытылы тағайындауды қамтамасыз ете отырып, пациенттерді динамикалық бақылау ұйым-дастырылады. Бұл пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек.

— Біз барлық органдар мен жүйелерге әсер ететін аутоиммунды ауруларды емдеумен айналысамыз. Егер үшінші немесе төртінші сатыдағы буындардың зақымдануы болса, протездеу қажеттілігін бағалау үшін травматологты шақыра аламыз. Пациенттеріміздің өмір сүру сапасын базистік препараттармен жақсартамыз, гендік-инженерлік биологиялық препараттарды енгіземіз. Егер науқастарда асқазан-ішек жолдарының проблемалары болса, онда емдеудің одан әрі тактикасы терапиямен бірлесе отырып қарастырылады. Ауырлық дәрежесі мен емдеу дерматологтармен талқыланады. Айталық, псориазды артропатия туралы айтатын болсақ, онда тері де, буындар да зардап шегеді, – дейді ревматологиялық орталықтың меңгерушісі Ақылбек Бижанов.

Аймақ тұрғындары арасында ең көп таралған аурулардың бірі – деформацияланатын остеартроз және ревматоидты артит. Біріншісі жамбас немесе тізе буындары зақымдалған егде жастағы адамдарда, артрит жастар арасында жиі кездеседі. Бөлімде 25 жастағы жігіт пен 18 жастағы қыз емделуде. Науқастар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде емхананың жолдамасы бойынша ревматологиялық орталықта тегін тексеруден өтіп, емделе алады.

Облыстық ауруханада жаңа мекеменің ашылуына орай ҚР ДСМ бас штаттан тыс ревматологы, профессор, медицина ғылымдарының докторы Ғ.Тоғызбаевтың және облыстың бас штаттан тыс ревматологы З.Қуанышбаеваның қатысуымен жалпы практика дәрігерлері үшін және терапевтер, ревматолог дәрігерлер, ревматолог резиденттер үшін «Ревматологияның өзекті мәселелері» тақырыбында «Ревматолог мектебі» ұйымдастырылды. Онда мамандар ревматолог дәрігердің тәжірибесіндегі пәнаралық мәселелерді қарастырды.

Сәуір айында павлодарлық дәрігерлер Алматы қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты ревматологтар лигасының симпозиумында шеберлік сабақтарына қатысады. Ауқымды шарада отыздан астам әлемдік сарапшы бас қоспақ.

Торғын ОРАЗАЛЫ.