Көпшілік өрттің тілсіз жау екенін білсе де, қауіпсіздік ережелерін естен шығарып алып жатады. Соның салдарынан жылыту маусымы басталғаннан облысымызда 60 өрт оқиғасы болып, жалпы шығын сомасы 10 миллион теңгеден асты. Өрттің салдарынан бес адам қаза тауып, жетеуі жарақат алған.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
— Өрттің салдарынан 5 адам қаза тапты, 7 адам түрлі сипатта жарақат алды. Сонымен қатар, көміртегі тотығымен 7 адам уланып, 2 адам қаза болды, — деді Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Берік Омаров.
Департамент өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй секторындағы өрттердің негізгі себептері отты абайсыз қолдану, электр жабдықтарын орнату, оны пайдалану ережелерін бұзу, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу болып отыр.
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подпол-ковнигі Тілекжан Галямовтың сөзіне сүйенсек, облыс аумағындағы өрт шығу жағдайын тұрақтандыру үшін тұрғындарға өрт қауіпсіздігі мәселелеріне саналы түрде қарау қажет. Яғни қайғылы жағдайдың алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына жол бермеген абзал.
Қазіргі таңда азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдар, волонтерлік ұйымдар өкілдерімен бірлесіп тұрғын үй секторын, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлерді аралап, тұрғындарға нұсқау беруде. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің осы саладағы өкілеттіктері пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру жөніндегі профилактикалық жұмыстармен шектеледі.
Айта кеткен жөн, былтыр
1 маусымнан бастап облыс аумағында тұратын әлеуметтік осал отбасыларға жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қаражаты есебінен 233 улы газ датчигі орнатылды. Қазіргі уақытта бұрын бұзушылықтар анықталған әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың баспаналарын қайта аралау жұмыстары жүргізілуде.
Т.ӘБІЛДА.