Ұлттық кинематографияның негізін қалаушы, тұңғыш режиссер Шәкен Айманов — актерлік, жанрлық, сюжеттік кинематография өкілі. Оның фильм-дерінің танымал болуының сыры сол, жанр үйлесімділігін сақтай отырып, көрермен қабылдауына орай мазмұнды дүниелер ұсынады. Режиссер үшін бастысы кейіпкер бейнесінің шынайылығы, мінез бірегейлігі болса керек.
Режиссердің «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Жол қиылысы», «Алдар көсе», «Атаманның ақыры» сияқты фильмдері — еркіндікке бастаған қадам деп айтуға болады. Әр фильмді дүниеге әкелген сайын қоюшы режиссердің кәсіби шеберлігі ұштала түскенін байқаймыз. Туған халқының тұрмысын суреттейтін картиналарының әлеуметтік мазмұнға бай болуы себепті халық мойындаған суреткерге айналды.
Жуырда Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музейінде Шәкен Аймановтың 110 жылдығына орай режиссердің бастамасымен түсірілген кинофильмдердегі әндерге арналған музыкалық салон өтті.
— Тағдыр Шәкен Аймановтың бір басына барлық дарынды үйіп-төгіп берген. Театрда, кино саласында өшпес із қалдырған Шәкеннің әншілік өнері де — бір төбе. Себебі жұрт арасында қазақтың халық әні «Жиырма бес» пен «Екі жиренді» Шәкендей ешкім орындай алған жоқ деген сөз көп айтылады. «Атаманның ақыры» фильмінде де «Жиырма бесті» орындаған Шәкен Аймановтың өзі болатын. Кезекті музыкалық салонда Шәкен Аймановтың киноларының негізгі әндеріне тоқталдық, — дейді музей басшысы Ерлан Рақымов.
Шара барысында музыкалық колледждің студенттері режиссердің «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» және «Атаманның ақыры» кинофильмдерінің бойтұмарына айналған әндерді шырқады.
Өз тілшіміз.