Наурыз мейрамы — көне дәстүр сабақтастығының белгісі саналатын, ұлттық мәдениетіміздің қайта түлеген ерекше мерекесі. Халық арасында бұл мереке молшылық пен сәттілік әкеледі деген сенім бар. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деп айтқан еді. Президентіміздің бұл сөзі – біздің бай ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді заманға сай үйлестіріп, үндеу. Сонымен, жыл басын тойлаудың жаңа тұжырым-дамасы қалай болуы керек? Осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Әли БЕКТАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты (пікір интернеттен алынды):
— Халқымызда Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, күн мен түннің теңелген күні. Дәл осы күндері бітелген бұлақтардың көзін ашып, жерге тал отырғызып, әркім өз ауласы мен үй-жайын тазалаған. Егіске шығып егін егіп, малмен айналысатындар төл алуға кірісіп, Жыл басы қайнаған еңбекке ұласқан. Яғни Наурыз – халқымыздың нағыз рухани және еңбек мейрамы. Сондықтан Наурыз біздің ұлттық идеологиямыздың негізі болуы керек.
Наурыз мейрамы ынтымақтың, жаңару мен жаңғырудың символына айналуы үшін осы мерекені дәріптеуге және оны тойлау дәстүрін ілгерілетуге ықпал ететін жалпыұлттық тұжырымдама қабылдануы қажет. Сондай-ақ, Наурыз қарсаңында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау мен көмек көрсету бойынша бүкілхалықтық шараларды бастаған жөн деп санаймын. Еңбек адамдарын марапаттау және олардың жетістіктерін насихаттау да маңызды. Сондай-ақ, бұл күндері соғыстан зардап шеккен елдерге гуманитарлық көмек көрсету де артық болмас. Осындай игі істер арқылы халқымыздың кеңпейілдігін, дархандығын көрсете аламыз.
Мейрам НҰҒЫМАН, Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі:
— Наурыз – Шығыс халықтарына тән мереке. Бұл мейрамның тарихы тереңде жатыр. Алайда ХХ ғасырдың басында «Діни мереке» деп тойлануына тыйым салды. Кейін араға жылдар салып, елімізде 1988 жылдан бастап кең көлемде тойлана бастады. Ал 2009 жылы 22 сәуірде «Мерекелер туралы» заңына өзгерістер енгізіліп, Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында атап өтілетін болды. Дегенмен, бұл мереке соңғы 30 жыл бойы өзінің толыққанды келбетін көрсете алмай келеді. Көбінесе этнографиялық сипат пен біркүндік сахналық қойылымнан ары аспай қойды. Сол себепті мейрамның мазмұны да қалыптаспады. Халық атаулы күнді адамдар орталық алаңға барып, тегін палау мен бауырсақтан дәм тататын күн ретінде қабылдайды.
Олай болса, бұл мерекенің маңызын арттырып, мәртебесін көтеру үшін мемлекеттің идеологиялық тұрғыдан етене араласуы, қаржылай қолдау көрсетуі мен БАҚ арқылы мемлекеттік үгіт жүргізуі қажет. Наурыз замана талабына да сәйкес келіп, ұлттық мүддеге, елдікті нығайтуға ықпал етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, атаулы күн отбасылық мерекеге айналуы тиіс. Ол күні әр шаңырақта дастархан жайылып, отбасы мүшелері бір-біріне сый жасаса, мерекенің мәні де, мазмұны да ерекше болары сөзсіз
Алмагүл БҰЗАУБАЕВА, ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі:
— Әрине, Наурыз мейрамын атап өтудің бүгінгі үлгісі оның әу бастағы мән-мағынасынан алшақтау екенін мойындауымыз керек. Бұрындары отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаса, қазір бірнеше мерекелік шарамен шектеліп жатады. Иә, қазіргі таңда Наурыз мейрамы дархан даламызда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің ортақ мерекесіне айналды. Ата-бабамыздың озық дәстүрін жалғастыру мақсатында бұл күндері ағаш отырғызу акциялары, қайырымдылық шаралары өткізіледі.
Жер-жерлердегі әкімшіліктер тұрғындарға шама-шарқынша концерттер ұйымдастырады. Құрылғансахналардың бірінде шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп жатса, бірінде спорттық ойындардан жарыстар өтіп жатады. Бірінен-бірі өткен киіз үйлер тігіліп, наурыз көже таратылады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлыстың ұлы күні қар еріп, жер жіпсіген кезде тойланып, нағыз халықтық думанға айналғаны есімізде. Бәлкім, сол сияқты сәуір айының алғашқы күндері, біздің аймақта жер құрғап, күн жылынған уақытта ақшаңқан киіз үйлер тіккен дұрыс болар. Сондай-ақ, бұл мерекеде жастарымызға ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді, әдеп-ғұрпымызды насихаттауымыз қажет.
«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.