Әлемге әйгілі ғұлама ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейн болашақты болжай келе, ХХІ ғасыр – психология ғасыры деп атап кеткен екен.

Шынымен де, бүгінде барлық салада психология ғылымының маңыздылығы арта түсті. Әсіресе, ел ертеңі болар жас ұрпақ үшін бұл маманның алар орны айрықша. Оңы мен солын танып білмейтін оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жан дүниесін түсінуде мектеп психологтарына жүктелетін жауапкершілік жоғары. Мойнына жүктелген осындай міндетті ойдағыдай орындап, кәсіби білімі мен мол тәжірибесінің арқасында түрлі байқауларда топ жарып жүрген білікті маманның бірі – Павлодар қаласындағы №25 жалпы орта білім беру мектебінің психологы Жанар Бейсенбайқызы Ордабаева. Ол таяуда ғана республика көлемінде «Жылдың үздік психологы» атанды. Мұндай жетістікке жету кез келгеннің қолынан келе бермейтіні сөзсіз. Аймақ абыройын асқақтатып, жас буынның жанын емдеп жүрген өз ісінің хас шеберімен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 

— Жанар Бейсенбайқызы, жақында республика бойынша «Жылдың үздік психологы» атандыңыз. Алдымен осы жетістігіңіздің сырымен бөліссеңіз…

— Иә, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының мұрындық болуымен өткен байқауда І орын иелендім. Бұл — облысымызда біздің білімімізді жетілдіруге, біліктілігімізді арттыруға жан-жақты жағдайдың жасалғандығының жемісі деп білемін. Қуантарлығы, қалалық білім беру бөлімі, облыстық білім беру басқармасы және инновациялық орталық тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп тұрады. Соның нәтижесінде, мамандардың кәсіби тұрғыда шыңдалуына, дамуына мол мүмкіндік бар. Жеткен жетістігіміздің сыры осында жатыр деп
ойлаймын.

— Таяуда Сенатта мектеп психологтарын басқаша атау туралы ұсыныс айтылды. Яғни, кейбір ата-аналар «психолог» деген маманға балаларын апаруға қорқатын көрінеді…

— Бұл мәселенің түп-төркіні түсінбеушіліктен туындап отыр деп ойлаймын. Нақтысы, психолог — невропатолог-психотерапевт емес. Яғни, ол дәрігер емес, диагноз қоймайды. Ешкімге шара да қолданбайды. Оның басты мақсаты –
кез келген қиын жағдайға тап болған балаға барынша қолдау көрсетіп, жандүниесін түсініп, жанынан табылу. Сондықтан көпшілік осы жағын дұрыс түсінгені жөн. Негізі, жыл сайын мектептерде ата-аналарға психологиялық қызметтің жұмысын түсіндіру, дұрыс ақпарат беру мақсатында жиналыстар өткізіледі. Осындай іс-шараларға ата-аналардың белсенді қатысқаны маңызды. Десе де, үлкендер арасында мектеп психологына қатысты қандайда бір түсінбеушілік болып жатса, олар сол маманмен бетпе-бет кездесіп, өзін толғандырған сұрақтарына жауап алғаны жөн.

— Қоғамда мектеп психо-логтарының көбі отбасылармен тікелей жұмыс істей алмайтыны, соның салдарынан баланың психикалық-эмоционалдық жағдайын жіті білмейтіні жайлы мәселелер жиі көтеріліп жатады. Бұл ретте, сіз не айтасыз? Жалпы, қазіргі мектеп психологтары қандай болуы керек?

— Әрине, әр маманның кәсіби біліктілігі мен өмірлік тәжірибесі әр түрлі болғандықтан, оларды ақтау да, даттау да жөн болмас. Яғни, бұл жерде біржақты пікір айту орынсыз деп ойлаймын. Алайда мұндай келеңсіздіктер туындамас үшін мектеп, отбасы, оқушы үштігі берік болуы тиіс. Мәселен, мектеп пен отбасындағы ата-ананың талабы бірдей болуы керек. Сонда ғана балада «қалаймын» деген ұғыммен қатар, «қажет» деген түсінік те пайда болады. Олар оқу, даму, үйрену және өзін өзі ұстай білу қажет екенін сезінеді. Яғни, оқушы мектепке не үшін баратынын түсініп, алдына айқын мақсат қоя білуі, соған жетуге ұмтылуы қажет.

Ал қазіргі психологтар қандай болуы тиіс дегенге келсек, олар заманға сай жан-жақты білімді, таным-түсінігі терең, жауапты, өз ісінің хас шебері болуы керек. Ең бастысы, үнемі ізденіс үстінде жүргені жөн. Өйткені, психология ғылымы өте күрделі сала болғандықтан, марғаулықты көтермейді. Сондай-ақ, психолог маман балалардың жас ерекшелігіне сәйкес мәселелерді тиімді шешу жолдарын ұсына алатын, мұғалімдер және ата-аналармен бірлесе жұмыс істеуден жалықпайтын, қолынан келгенше қолдау көрсетуге әркез әзір тұруы қажет деген ойдамын.

— Бүгінде ортамызда неше түрлі ұрпақ өсіп келеді. Маман ретінде тәуекел тобындағы балалармен қалай жұмыс жүргізген жөн деп
ойлайсыз?

— Негізі, қауіпті топқа тәртібі нашар, құқық бұзушылық әрекеттерін жасаған, деструктивті мінез-құлқы бар балалар жатады. Олардың көбі берекесіз және толық емес отбасынан шығады. Осындай жеткіншектермен психолог мамандар жұмыс істегенде әрдайым бала жағында болуы шарт. Яғни, ата-ана, мұғалім, әкімшілік емес, баланы қорғауы тиіс. Ал не істеуі керек дегенге келсек, алдымен болған оқиғаның мән-жайын, себеп-салдарын анықтап, содан кейін баланың іші-бауырына кіріп, сенімді қарым-қатынас орната білуі қажет. Сонда ғана бала ашылып, өзінің ішіндегі жағдайын бүкпесіз айтып, істеген ісінің себебін түсіндіре алатын болады. Бұдан кейін психолог бұл баланың өзі жаман емес, оның істеген әрекеті мен сөзі жаман екенін ақылмен түсіндіріп, санасына жеткізуі керек. Сонымен қатар, осындай балаларға қолдау көрсетіп, тығырықтан шығуына көмектесіп, дұрыс жолды таңдауына бағыт-бағдар бере білуі тиіс. Мұны миына тоқып алған жеткіншек өзіне сенімді, жауапкершілікті мойнына ала алатындай деңгейге жетеді. Жақсы жағына өзгереді.

Жалпы, мамандар тәуекел тобындағы балаларға баса назар аударып, үнемі бақылауында ұстағаны жөн. Сондай-ақ, мұндай жасөспірімдер үшін тренингтер, ағартушылық жұмыстары, түрлі сайыстар, дөңгелек үстел отырыс-тары, кездесулер ұйымдастырып тұрудың да маңызы зор.

— Шыны керек, қазіргі қоғамда қатыгез адамдар көбейіп барады. Олардың қатарында ата-ана, тәрбиеші, мұғалім, тіпті, бала да бар. Қатыгездіктің алдын алу үшін не істеу керек деп
ойлайсыз?

— Өкінішке қарай, соңғы уақытта қатыгездік оқиғаларының орын алғаны жайлы ақпараттарды жиі еститін болдық. Мұның түп- тамыры тәрбиенің таяздығынан деп ойлаймын. Егер баланың бойына кішкентай кезінде жанашырлық, мейірім, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді сіңіре алмаса, ол есейе келе мінез-құлқы өзгеріп, теріс көзқарас қалыптасады. Сөйтіп, ондайлар өзінің отбасына, айналасындағыларға қорлық – зорлық көрсетуге бейім тұрады.

Ал ата-аналардың қатыгездікке барып, бойын кернеген ашу-ызаны қорғансыз балаларына көрсетуі – үлкен қателік, тіпті, қауіп десек те болады. Көпшілік бұл жағдайға заманды кінәлап жатады. Жоқ, бұл мүлдем дұрыс емес. Заманды жасайтын адамдардың өзі. Сондықтан да, «заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, барлығымыз заманмен бірге дамып, көштен қалмай өсіп-өркендеп, заманауи техниканы меңгеруге әрекет жасауымыз керек. Өйткені, қазіргі балалар тез дамиды. Үлкендерге қарағанда телефон, гаджеттерді жылдам меңгеріп алады. Сөйтіп, ғаламторды ақтарып-төңкеріп, одан көріп-білгенін істегісі келіп тұрады. Бір сөзбен айтқанда, еліктегіш келеді. Сондықтан ата-ана оларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіріп, жақсыдан үйренуді, жаманнан жиренуді санасына құюы тиіс. Бірақ қандай жағдай болса да бала ешқашан қатыгездік көрмеуі қажет. Керісінше, үлкендер баланың ой-пікірін тыңдап, сенімді қарым-қатынас орнатып, сыйластықта болғаны жөн. Сонда ғана жасөспірімдер кез келген қиындықты ата-анасымен бөлісіп, «әке-шешем маған ұрсады деген пікірде емес, мені қолдайды» деген ойда жүретін болады. Осындай көркем мінез, жақсы қасиеттер мен нәтижелі жұмыс қана қатыгездіктен құтқара алады.

— Буллингпен қалай күре-суге болады?

— Кім-кімге болса да бала-бақшада, мектепте, отбасында, колледждер мен университеттерде, тіпті, жұмыс орындарында ар-намысын таптау, зорлық-зомбылық көрсету сынды жанын ауыртатын жағдайларға жол бермей, қарсылық танытып, өзін қорғай білуі қажет деген ой қалыптастыру керек. Адамдар өзін қорғай алғанда ғана буллингтің алдын алуға болады. Жалпы, мұндай жағдайға тап болғанда не істеу керек, қандай әрекет жасау қажет деген тақырыпта түсіндіру жұмыстары көп жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, қазіргі балалар ғаламторға жиі кіріп, небір сұмдықты көріп жатады. Үлкендер олардың көрген-білгенін талдап, ашық әңгімелесіп, адамға күш көрсету жат қылық екенін айтып отырса екен деймін.

— Өкінішке қарай, бүгінде балабақшаларда бөбектерге қол көтеру оқиғасы да жиілеп кетті. Оған не себеп? Қалай тыйым сала аламыз?

— Балабақша бүлдіршіндеріне қол көтеру — үлкендердің шыдам-сыздығы, өзін ұстай алмай қалуы. Мұның ар жағында отбасылық мәселенің ұшқыны да болуы мүмкін. Яғни, үйдегі келеңсіз жағдайлар мен қиналған шақтарының есесін баладан алу — үлкен қателік. Оларға қалай тосқауыл қоямыз десек, мамандарды жұмысқа қабылдамас бұрын оның бойындағы қасиеттерін танып-біліп, соған баса назар аудару керек. Егер оның бойында жанашырлық, балаларға деген сүйіспеншілік болмаса, педагогикалық этиканы білмесе, қалай балабақшада жұмыс істейді? Осы сұрақтың жауабын әрбір мектепке дейінгі білім беру мекемесі алдына келген мамандардан іздеуі керек.

— Маман ретінде баланы қалай тәрбиелеу керек деп ойлайсыз?

— Ең бастысы, әр ата-ана өзінің баласын емес, елдің баласын, бір ұлттың ұрпағын тәрбиелеп жатырмын деген жауапкершілікті сезінуі қажет. Ескеретін тағы бір жайт, ата-ана баласы үшін өмір сүрмеуі керек, бала өз өмірін өзі сүруі тиіс. Бұл дегеніңіз, әр бала жастайынан жақсы өмірге талпынып, өз ар-намысын сақтай алатындай, құқығын қорғай алатындай болып өсуі қажет деген сөз. Сонда ғана ер жеткенде ата-анасына салмақ салмайтын, өз күнін өзі көріп, кездескен қиындықтарға төтеп бере алатын қайсар ұрпақ өсіп шығады. Біз осыны дұрыс түсінгеніміз жөн. Сондай-ақ, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, балаға ата-анасы үнемі үлгі болып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адамның ала жібін аттамау, өз басын қорғап жүру сияқты тәрбие тағылымдарын санасына сіңіріп отырған
дұрыс.

— Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «ақыл айтқыш» психологтар көбейіп кетті.  Бұған көзқарасыңыз қалай?

— Иә, кейінгі кезде ақылгөй психологтардың көбейгенін өзім де байқап жүрмін. Әлеуметтік желілерде 1 айлық, 3 айлық білім алып, психолог маманы болып шыға келетіні жайлы жарнамалар да қаптап кетті. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Бірнеше айда адам қандай білім алады? Содан кейін қалай біреуге толыққанды психолог маман ретінде кеңес береді? Бұл – ақылға қонбайтын іс деп санаймын. Қазіргі қоғамда психолог мамандарға деген кері көзқарастың қалыптасуына осындай жағдайлар әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан бұл саланы жеңіл деп ойлайтындар қателеседі. Негізі, психология ғылымы көп ізденуді талап етеді. Сол үшін психолог болғысы келетіндер міндетті түрде жоғары білім алып және оны әрдайым дамытып, үздіксіз жетілдіріп отырғаны дұрыс.

— Психолог ретінде сізді не толғандырады?

— Мені де, менің психолог әріптестерімді де мазалайтын бір ой бар. Ол – бүгінде қолынан телефон түспей, соған тәуелді болып қалған балаларды осы тығырықтан саналы түрде алып шығу. Телефонның жақсылығы да бар, бірақ оны көп пайдалану балалардың денсаулығына қатты зиянын тигізуде. Соның кесірінен басқасын айтпағанда, жеткіншектердің танымдық, есте сақтау қабілеттері, зейіні төмендеп барады. Басына бір қиын іс түссе, онымен күресуге дәрменсіз, жаны қиналса өзіне қол жұмсауға дайын тұратын немесе ата-анасына өз дегенін жасату үшін жат қылықтар көрсететін қорқынышты ұрпақ өсіп келеді. Көргенін істейтін еліктегіш ұл-қыздар көбейді. Бұл – балалардың жақсы мен жаманды айыра алмайтындығының, әлсіздігінің көрінісі.

Міне, осындай жағдайларды қалай түзетсек екен, не істесек екен деген сұрақтар бізді қатты толғандырады. Ата-аналар да бұған немқұрайлылық танытпай, мәселені бірлесіп шешу жолдарын табуға қолдау көрсетсе екен деймін.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.