Әсілі, тәуелсіздік тұсына дейін қазақ әдебиеті мен мәдениетін таразылау тұрғысында еңбек жазып, оң пікір білдірушілерден гөрі, теріс пиғылда ой түйіп, бұрмалаушылар жетіп артылды. Сол теріс пікірдегі бүлдірушілер кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің қыспағынан шыға алмай, қайта оны қолдап, қарсыластарын қаралады. Қараланған қарсыластар қатарын Алаш арыстарының жолын таңдаған, олардың арман-аңсарын қолдаған таңдаулы тарландар құрады. Солардың бірі емес, бірегейі – Әлкей Хақанұлы Марғұлан.

Әлкей алашшыл ағалар жолын өмірлік мұрат етіп, осы жолда аянбай тер төккен, талмауыр тұстарда саз кешкен жандардың бірі. Бұның айғағы ретінде біз Әлкей Хақанұлының шығарма-шылық өмір жолы мен адамдық болмыс-бітімін, алға қойған мақсат-мұратын айтсақ болады.

Баянауыл өңірінде туып, ерте есейген  ол  ұлтқа тірек болып, халқын кемел келешекке сүйреген алаштың арда ұлдары: Мұхтар, Қаныш,  Жүсіпбектермен бірге өсті. Кешегі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп мұраларын рухани азық етті. Ленинградта оқып, дана Шоқан өткен жолды көрді. Осылайша көкірегін оятып, санасын сан ойға сабытқан Әлкей көп білетін әмбебап ғалымға айналды.  Тарихи шежіренің, сәулет өнерінің, заттық мәдениеттің көзден таса, көңілден ұмыт болып қалған ескерткіштерін бүкіл саналы өмірінде ерінбей іздеумен болды.

Әлкей 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды. 1929 жылы Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғап‚ орыс география қоғамы архивіндегі Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негізінде ғылыми дәйекті тұжырымдар жасады.

1930–38 жылдар аралығында ол Шығыс Түркістан археологиясы мен өнері бойынша маманданып, бірнеше археологиялық экспедицияларға қатысты. Оның «Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы түркі эпосы», «Декабристер және Қазақстан», «Әлішер Науаи және қазақ мәдениеті», «Мұхаммед Хайдар Дулати – тарихшы», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы», т.б. еңбектері осы жылдары жарық көрді.

ҚазКСР ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің тарих бөлімін басқара жүріп, 1943 жылы «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыпта көне қыпшақ тарихына байланысты құнды зерттеулер жасады. Ал оның «Қазақ халқының эпикалық жыр-дастандары» еңбегі қазақ әдебиеті мен тарихы саласындағы іргелі зерттеулердің бірі саналды.

Сондай-ақ, Ә.Марғұлан Сырдария, Шу, Талас өзендері бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары орнында қазба жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде «Көне қазақ жерінің қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы» аталатын монографиясын (1950) жариялады. Ал оның Кемел Ақышев, М.Қадырбаев, М.Оразбаевтармен бірге жазған «Орталық Қазақ-станның ежелгі мәдениеті» атты ғылыми-зертханалық еңбегі
де осы жылдары жарық көрді.

Ол оғыз-қыпшақ тайпасынан шыққан данагөй абыз, жырау, күй атасы, қазақ бақсыларының жебеушісі, сәуегейі Қорқыт мұрасын тыңғылықты зерттеді. Марғұланның жазуынша, қазақ музыкасы мен философиясында «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны», «Қорқыт толғауы», «Тәңір биі» дейтін рухани ізгі дәстүрлер мен мақамдардың қалыптасып дамуы Қорқыт атадан бастау алады.

Ә.Марғұлан «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерінің шеберлері» атты еңбегінде (1959) қазақ халқының эпикалық жыр дәстүрін дамытқан ақындарға, шебер орындаушыларға, сал-серілерге тоқталып, олардың сөз өнеріндегі орнын айқындады. Онда көне ойшылдардан бастап Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Марабай, Сүйінбай, Жамбыл, Нұрпейіс, Иса секілді халық ақындарының шығармашылықтары талданды.

Марғұланның «Тамғалы тас жазуы» атты зерттеуінде әдеби-тарихи һәм мәдени деректер молынан кездеседі. Ол сонымен қатар қырғыз халқының «Манас» эпосы туралы ғылыми-зерттеулер ісінің дамуына үлес қосты. Қырғыз эпосын дүние жүзіне алғаш таныстырған Ш.Уәлиханов, кеңес заманында бастапқы зерттеулерді жүргізген М.Әуезов болса, кейіннен осы дәстүр Мағұланның «Шоқан және Манас» атты монография-сында жалғасты. Ол эпостағы өмір шындығы, жырдың шығу тегі, дәуірі, кейіпкерлері мен көркемдік кестесі және манасшылардың жырды жетілдірудегі қызметі‚ т.б. жөнінде ғылыми маңызы жоғары пікірлер айтты.

Ол өзіне дейінгі Қазақстанды зерттеуші орыс, батыс ғалым-дарының қазақ даласы тек көшпелілер мекені болды деген тұжырымдарының шындыққа сай келмейтіндігін дәлелдеді. Сол үшін ғалым саяси қудалауға ұшырады.

Ғалым еңбектерін оқшау оздырып көрсететін ерекшелік — оның белгілі бір тақырыпты талдауда асса – әлемдік, қалса – түркі моңғолдық кеңістіктегі деректерді тарихи-типологиялық жағынан салыс-тырып зерделеуі. Бұған Қорқыт туралы ізденістері куә. Оның жаһанның ғылыми жұртшылығына мәлім «Дәде Қорқыт кітабы»  атты оғыз-түрік эпосына негіз болған дәуір шындығын қазақ арасына таратқан Қорқыт туралы аңыз-әңгімелер аясында кеңінен зерттеген бірден-бір ғалым екендігін мақтаныш етеміз.

Әлкей Марғұланның аса көрнекті еңбектерінің бірі – оның Манас туралы зерттеуі. Ғұлама ғалымның арқасында қазақтың қайталанбас жұлдызы Шоқан Уәлихановтың асыл мұрасы тарихтан лайықты орын алды.

Әлкей онымен шектелген жоқ. «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деп аталып кеткен қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеп, археоло-гиялық және тарихи жаңалық ашып, кейіінгі ұрпаққа, әлемдік ғылымға мұра етіп қалдырды.

Ол өзінің даласына деген сүйіспеншілігін өмірінің соңына дейін тұмардай сақтап, оны иманына айналдырды. Қарқаралы, Баянауыл, Ұлытау, Байқоңыр бойындағы тас мүсіндердің, таңбалардың тарихын зерттеуін қазақ ғылымына қосылған өлшеусіз еңбек деп білеміз.Сыр, Талас, Шу бойындағы Отырар, Тараз, Сайрам, Сығанақ қалалары арқылы көне тарихи құпиялардың сырын ашты. Әдебиет тарихының көмескі мәселелерін айқындауда Әлкей Марғұланның ғылыми еңбектерінің маңызы айрықша еді. Әсіресе, шығармаларының идеялық қайшылығы бар деп саналған М.Ж.Көпейұлының әдеби мұрасы туралы алғаш мақала жазып, өзінің әділ пікірін
айтқан адам да Әлкей Марғұлан еді.

Жалпы, Ә.Марғұлан шығарма-шылығын тарих ғылымының белгілі бір саласымен ғана шектеп қарастыру қателікке ұрындырады. Өйткені ғылымның өзі тарихи процестерді өзара салыстыра, ұштастыра зерттеуді мақсат тұтқан. Сөйтіп ол археологиялық ескерткіштерді тарихи-жазба деректермен, тарихи жазба деректерді аңыз-жырлармен, аңыз-жырларды алдыңғы екеуімен байланыстыра зерттеген.

Ғұлама ғалымның артына қалдырған мол мұрасы қазіргі тарих, археология, этнография, этно-фольклор ғылымдарында, жалпы мәдениетімізде болып жатқан іргелі өзгерістермен үндес, болашаққа қызмет жасайтын ұлтымыздың рухани байлығына жатады.

Әлкей Хақанұлының түгел түркі дүниесіне ортақ көмескі мәселе-лерді айқындаудағы дәйекті ұсыныс-пікірлері осы тарапта ой топшылап, ізерлі ізденістер жасауға талпынған жас та, жасамыс та ғалымдарды дискуссияға итермелегені де рас. Бұған ғалымның жоғарыда сөз еткен зерттеу еңбектеріндегі айғақты жазулары мен дәлелді ой-пікірлері куә болмақ.

Ә.Марғұланның шығармашылық өмірбаяны мен тарих, этнография, археология және филология сынды ғылым салаларының  дамуына қосқан үлесін зерделей отырып, оның жан-жақты әмбебап ғалым екендігін айғақтаймыз. Осы орайда, студенттерді практикалық сабақтарда Марғұланның ғылыми еңбектеріне жан-жақты талдау жасауға дағдыландырып, ғалым тұлғасының тұғырын айқындау арқылы жүйелі білім беруді міндеттегеніміз  жөн. Сондай-ақ оның әдебиеттануға қатысты еңбектеріне кеңінен тоқталып, қазақ филологиясына қосқан зор үлесін жоғары бағалап, тыңғылықты зерделеуге тиіспіз.

 

Сейфитден Сүтжанов,  филология ғылымдарының докторы, Марғұлан университетінің профессоры.