Жуырда Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтті. Мемлекет басшысы дүние жүзінде небір дүрбелең туындап жатқан уақытта ауызбіршілігімізді күшейтетін және елді дамуға бастайтын шаралар туралы айта келіп, ҚХА алдындағы міндеттерге тоқталды.
Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты.
— Біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы. Соған сай Үкімет барлық қажетті іс-әрекеттерді жасап жатыр, тиісті қаражат бөлінді, ірі компаниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын беруде. Жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет. Биыл Астана халықаралық форумын өткізбейтін болдық. Әрине, бұл – елімізге қажет, өте маңызды жиын. Дегенмен оны кейінге қалдыра тұруға болады. Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық, деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ел болып жұмылып көмек қолын созып, бірлігімізді таныта білгенімізді жоғары атап өтті.
— Менің тапсырмаммен мемлекеттік материалдық резервті пайда-лануға рұқсат берілді. Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алды. Халқы-мыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Бірқатар аймақтар инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосуда. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін. Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды.
Президент түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негіз-делген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.
Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқы Ассамблея-сының кезекті сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталғанын, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты.
Президент осы мақсатқа жету үшін орындалуға тиіс бірнеше өзекті міндетке арнайы тоқталды. «Мен Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталдым. Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды.
Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.
Президент Ассамблеяның инсти-туционалдық әлеуетін нығайту мәсе-лесіне арнайы тоқталып, Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріп-тейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.
«Достық үйлері» жалпыұлттық ықпалдастық үшін қажетті орталыққа әрі барлық аймақта Ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын сенімді орынға айналды. Олар әлеуметтік маңызы бар жүзден астам жобаны іске асыруға ұйытқы болды. Алайда «Достық үйінің» қызметін жетілдіріп, күшейте түсу мәселесін ойластырған жөн. Олар қоғамдық кездесулер мен талқылаулар өтетін және тың бастамалар мен идеялар туындайтын комьюнити-орталыққа айналуға тиіс. «Достық үйі» этномәдени бірлес-тіктер бас қосатын орын ғана болып қалмауы керек. Сонымен бірге, ол жергілікті қоғамдастықтардың дамуына жол ашып, тірек болатын, бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталық болуы қажет. Біз келесі жылы Ассамблеяның отыз жылдығын атап өтеміз. Бұл құрылым өзін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрал ретінде танытты. Ассамблея бірегей азаматтық институт ретінде өзара құрмет пен сенімнің қоғамда орныға түсуіне зор үлес қосып келеді. Біз алдағы мерейлі белесті Ассамблея қызметін халыққа түсіндіріп, насихаттауға және азаматтарды ел бірлігін нығайту жолындағы ауқымды жұмысқа жұмылдыруға ұтымды пайдаланамыз», деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажеттігіне тоқталды.
— Оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек. Соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгерді. Бұл құрылым қоғамдағы аса маңызды институтқа және этномәдени бірлес-тіктердің бас штабына айналды. Ассамблея барлық деңгейдегі мекемелермен түрлі бағытта серіктестік орнатып, басқаларға үлгі болуға тиіс. Жергілікті атқарушы органдармен және мәслихаттармен жұмыс жүргізу үшін тиімді тәсілдер табуға баса мән берген жөн. Әкімдер күнделікті туындайтын көптеген мәселемен айналысады. Олардың жұмысы өте көп, бұл – түсінікті жағдай. Бірақ ел бірлігін нығайту – айрықша маңызды міндеттің бірі. Оны ешқашан назардан тыс қалдырмау керек. Менің тапсырмаммен аймақ басшылары кемінде екі айда бір рет Ассамблея өкілдерімен бірге этносаралық ахуалға қатысты жиналыс өткізеді. Ассамблеяның негізгі іс-шараларына облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері тікелей өздері қатысуға тиіс. Мен мұны орынбасарға ысыра салуға болмайтынын нақты ескерттім. Өзгелердің, әсіресе, Парла-
менттің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының дәл осылай жасағаны абзал»
Мемлекет басшысы сөзін қоры-тындылай келе, еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді.
– Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкімет Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Мемлекеттік органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ғылым және мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері қатысатын осы іс-шараның бәрі іскерлік сипатта болуға тиіс. Жоспарда біздің «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамызды паш ететін іс-шаралар мен әлеуметтік сипаттағы жобалардың барлығы өзара үйлесім табуы керек. Мен мемлекеттік саясат пен қоғамдық қызметтің этносаралық қатынас саласына қатысты негізгі міндеттерін атап өттім. Соның бәрі біздің күнделікті жұмысымызға арқау болуы керек, деді Президент.
Салтанатты жиында Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов, ҚХА Төрағасының орынбасары, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Юрий Шин, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» ұйымы өкілдігінің төрағасы Александр Урмашов, Жетісу облысындағы «Достық үйінің» директоры Руфина Усанова сөз сөйледі.
Сонымен қатар Қазақстан Респуб-ликасы Президентінің Жарлығымен халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығай-туға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды.
Атап айтқанда, ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Астана қаласы Қайырбеков атындағы №2 мектеп мұғалімі Елизавета Шнайдер, «Ел бірлігі» орденімен «Қазақстан украиндарының радасы» бірлестігінің төрағасы Юрий Тимошенко, мемлекет және қоғам қайраткері Мурат Ахмадиев, «Дустлик» Қазақстан өзбектерінің этномәдени қауымдастығы төраға-сының орынбасары Хасан Шарипов, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Степногорск балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы Николай Дураченко, Атырау қалалық №3 мектеп-гимназиясының мұға-лімі Татьяна Любина, «Шапағат» медалімен Өскемен металлургия кешені Мырыш зауытының күйді-рушісі Сергей Панасюк, Ұлытау облысы Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының аккомпаниаторы Аркадий Побединский, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бөлімше командирі Кирилл Пономаренко, Ақмола облысы Арайлы ауылы орта мектебінің мұғалімі Анастасия Ирубаева марапатталды.
Бұған қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облысы ғылыми-эксперттік тобының төрағасы Нелли Краснобаеваға, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» өкілдігінің төрағасы Александр Урмашовқа, Жетісу облысы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Руфина Усановаға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланды.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.