Қазақ — қартын құрметтеген, ардагерін ардақтаған халық. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында аянбай еңбек етіп, жеңісті жақындатқан жас балалар бүгінде ақ сақалды ата, ақ жаулықты әже болып отыр. Біздің әңгімеге арқау болып отырған — Төлеген Сүлейменов және  Мабрута Жанғозина есімді бір шаңырақ астындағы қос қария. Екеуі де — соғыс уақытында тылда еңбек етіп, Жеңіс жалауының желбіреуіне өздерінің үлесін қосқан жандар.

Төлеген Ахметұлы 1934 жылы Ресейдің Новосібір облысына қарасты Қарғат ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітіріп, ауыл шаруашылығы техникумында қаржы мамандығы бойынша оқыған. Оны 1953 жылы бітіріп, кейін жергілікті жерде «Большевик» колхозында бас
есепші-экономист болып жұмыс істеді.

Атамыз өзінің балалық шағын еске алса, ойына еріксіз соғыс жылдары оралады. Себебі, ол кезде қанаты қатайып,
қабырғасы бекімеген балаларға да үлкен жүк артылды, жауапкершілік жүктелді.
Бірі совхоздың жұмысына араласып, қой қоздатып, сиыр бақты. Ал тағы бір жартысы көктемде егін отырғызу жұмы-сына жіберілсе, күзгі орақ науқанында
егін жинауға көмектесті. Осылайша ауылда қалған ата-әжелерімен бірге жұмыс істеп, қан майдандағы аға-әкелерінің жеңіске жетуіне тамшыдай үлесін қосады.

— Біз бала болып ойнап-күлдік деп айта алмаймын. Үлкендер  қайда жұмсаса соған кетеміз. Күндіз де, түнде де, тұрсақ та, отырсақ та соғыс тез аяқталса екен деп тілейміз. Мен ол кезде 10-12 жастағы баламын. Шешем шаруашылықта сауыншы болып істеді, мен бұзау бақтым. Одан кейін бір жылдары қол диірменмен астық тартып, ұн, талқан жасадық. Біздің совхозда малдан басқа ешнәрсе болған жоқ. Еркек кіндіктінің бәрін соғысқа алып кеткен. Ауылда бала-шаға мен кемпір-шал ғана қалды. Міне, сондықтан болар, біз өзімізді ерте есейттік, сол кісілерге қолғабыс жасап, көмек болу үшін қандай шаруа болса да тартынбай істедік. Біздің әулеттен де соғысқа аттанған майдангерлер бар. Ол — әкемнің туған інісі Жұматай Сүлейменов. Майдан даласында бір жыл болып, денсаулығына байланысты елге қайтарылды. Кейін 86 жасқа
келіп, өмірден өтті, — дейді атамыз.

1954-1957 жылдар аралығында Брянск қаласында әскер қатарында азаматтық борышын өтеп, дестрювитель авиациясында қызмет атқарған. Әскердегі қызметі соғыс құралдарын дайындау болыпты. 1960 жылдары елге көшіп келіп, Целиноград институтында білімін жоғары-латып оқып, облыстық қаржы басқармасы, Құрылыс банкі сынды түрлі мекемелерде лауазымды қызметтер атқарған.

Төлеген атаның өмірлік жары Мабрута апамыз да — Новосібір облысының тумасы. Ақ жаулықты әженің де балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келгендіктен кішкентай кезінен ауыр міндет арқалаған жан.Бала екен деп ешкім аяған жоқ, күзгі науқанда егін алаңына апарып, картоп
қаздырып, бидай тазалататын еді дейді.

— Балалары жұмыс істеген үйлерге жыл аяғында астық беретін еді. Біздің еңбекақымыз сол болды. Менің есімнен көпке дейін кетпей жүрген бір жағдай болды. Ол — ауылға қара қағаз келген кез. Пошташылар хат әкелсе қуанамыз, қара қағаз әкелсе жылаймыз. Сол кездегі менің екі құрбымның әкесі майданда қайтыс болып, қара қағаз келді. Ол жағдай тек сол үйдің адамдары үшін ғана емес, мен үшін де ауыр болды. Себебі, күнде бірге жүрген дос-құрбыларым әкелерін жоқтап жылап отырса, оған қалай қайғырмайсың?! Ал 1945 жылы соғыс аяқталды деген жаңалықты естігенде ауыл-ауылды аралап, сүйінші сұрап кеттік. Сол кездегі оқиғалар әлі күнге дейін есімде, — дейді апамыз.

Төлеген ата мен Мабрута апаның үлкен шаңырағында төрт бала дүниеге келіп, барлығы өсіп-өнді. Ұлдан немере, қыздан жиен сүйіп, бүгінгі күнде бақытты ата-әжеге айналып отырған жайы бар. Бақыттарыңыз баянды, жастарыңыз ұзақ болсын деген тілек білдіреміз!

 

Т.САХАБА.