Жазушы Мүбәрак Жаманбалинов ұзын бойлы, арықша келген адам еді. Жүрісі өте ширақ. Көзіне қалың үлкейткіш көзілдірік киеді. Кітап оқыған немесе жазу кезінде бір көзілдіріктің үстіне екіншісін киіп алады. Кездесулерде, әдеби шараларда, қазылар алқасында отырғанда қолына үлкейткіш шыны (лупа) ұстап жүреді. Кітап-газеттерді де осы лупасы арқылы көзілдіріктің үстіне ұстап оқып отырғанын талай көрдім.

Бүлдіршіндер ақыны

Үстінен қара костюм-шалбар түспейтін. Өте қарапайым. Бойы қандай ұзын болса, ойы сондай биік. Тереңнен толғайды, сөйлеп кетсе, ол кісіні тоқтату қиын. Бір сөзімен бір сөзі сабақтасып жатады. Мүбәрак — балалар ақыны. Сондықтан да шығар, балалармен кітаптағы өлеңдеріндей «Амансың ба, балақай!» деп отырып, нұсқа сөйлеп, біраз әңгіменің басын қайырады.

Біз білетін «Маралдым» әнінің авторы, тәуелсіздікке қол жеткізген кезде жаңа шыққан Әнұран авторларының бірі болған, жерлесіміз Мұзафар Әлімбаев «Қалам қайраты» деген кітабында ол кісінің келбетін былай сипаттайды:

«Сөзімен бұрын кездессем де, өзімен кейінірек жолықтым. Қайратты қара шашты, қасқа маңдай жігерлі, ерінді… бірақ бітім тұлғасы, көзқарасы, жүріс- тұрысы момақан жігіт екен. Аптықпайтын жайбасар да емес, «ақырын жүріп анық басатынның» өзі болып шықты, — дейді Мұзаға. Мүкеңмен 1953 жылы «Пионер» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеп жүргенде өлеңдерімен танысыпты.

Ол кездері де Қазақстанның газет-жорналдарын Алтай, Омбы, Тюмень, Новосибирскі қазақтары оқып тұрған ғой. Сібірден келген хатты ашып көрсем, өлең екен. «Болса да күннің шуағы, жылынған жоқ су әлі», — деп жеп-жеңіл жазыпты. Жасы 29-да, өзі агроном, әрі мұғалім. Мұндай бала психологиясын меңгерген адам мұғалім болу керек деп ойладық. Тез жатталды. Кейін осы өлеңдері мектеп оқулықтарына енгізілді, — деген еді Мұзафар Әлімбаев.

Мүбәрак аға селолық жерде тұрды. Ақындық дарыны бар адамның білімі де осы поэзиясына септігін тигізген көрінеді. Өзінің айтуы бойынша, өлең тақырыбына жол ашқан ең үлкен ұстазы — табиғат, қоршаған орта. Бұрынғы белгілі ақын-жазушылар ауылда туып, өнер қуып, әдеби ортада болуды мақсат етіп Алматыға көшіп алатын. Ал біздің ағайындар «ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деп айтып жүрді ғой. Себебі, Жазушылар шоғырланып, зиялылар топтасқан жерде болу қызық емес пе? Сол себепті жазушылар бір деңгейге жеткенде Алматыға барып тұрады. Мысалы, жерлесіміз Мұзафар Әлімбаев, Дихан Әбілев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Аманжол Шамкенов, Ахат Жақсыбаев — әдеби ортаны іздеп кеткендер. Қартайған шағында Павлодарға қайтып, осында тұрғаны — Аманжол Шамкенов. Оны айтып отырғаным кезінде Мүбәрак аға да Алматыға шақырылды. «Балдырған» журналы қызмет ұсынды. Жаңағы ақындар «Шалғай ауылда не тындырасың, Алматыға, біздің ортамызға келсейші», — дейді. Мүбәрак ақын өзінің ауылда қалып қойғаны туралы былай дейді: «Мен ауылда тұрып, өзгелерден гөрі халыққа жақын болдым, елдің тіршілік-тынысын тереңірек ұқтым».

Балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері Қадыр Мырза Әлі, Сұлтан Қалиев, Бердібек Соқпақбаевтармен алғаш өлеңдері арқылы танысыпты. Олар «Балдырған», «Қазақстан пионері», «Жұлдыз», «Жалын» секілді газет-жорналдарда шыққан өлеңдерін оқып, Павлодар облысының Ертіс деген ауданында Мүбәрак Жаманбалинов деген ақын бар екен деп таңдана айтып жүріпті. Белгілі қаламгер М.Жаманбалиновтың шығармашылығына жақсы бағасын беріп, Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдайды. Ақын өлеңдерінде дидактикалық сарын басым. Бәлкім аз да болса, біраз жылдар мұғалім болып қызмет істегенде көкейіне көп нәрсені түйіп алған шығар. Ақынның байқағыштығы, аңғарымпаздығы, сезімталдығы әрбір өлең жолдарынан көрініп тұр. Мүбәрак — бала жанын терең түсініп, тақырыпты жетік меңгеріп, шынайы толғаныстағы өлеңдер жазған ақын. Әдеби сында кей ақынды жауыр болған тақырыптан аспай келеді деп сынайды. Бұл өмірде жауыр болған тақырып болуы мүмкін емес. Бір махаббат жыры, европалықтарша айтқанда, сонау Гомерден, өз әдебиетімізде «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» лирикалық дастандардан бері жырланып келеді. Мәселе ақынның тақырыпты жетік меңгеруінде, таланты мен қабілетінде, шынайы толғанысы мен жетік игеруінде.

Штаттан тыс тілші

Ақын 1956 жылы Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне орналасып, қызмет атқарды. Міне, осы жылдары облыстың экономикасын, мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан адамдары туралы қаншама еңбектері жарық көрді. Бұл жазбалардың басым көпшілігі «Әйгілі аудан — Ертісім» деген екі томдық қалың кітапқа енгізілді. Осы зерттеу-эссе кітабы тұтас өңірдің бай шежіресін, тарихи белестерін кеңінен қамтиды. Кітаптың үшінші томы да жарық көрді. Кемеліне келген қаламгер қай тақырыпқа да еркін жазады, әрі кімге жазып отырғанын біледі. Кішкентай бөбектердің, естияр балалардың талғамын тап басады. Оның поэмалары терең мағыналы. Бір тамыры ауыз әдебиетінен нәр тартқан Мүбәрак өлеңдері бұл күндері балалардың аузында, оқулықтардың бетінде, балабақшалардың бағдар-ламаларында. Мүбәрак балалар ақыны болып туған. Атақты сыншы Белинский «ақын болып арнайы туу керек» дейтіні де осыдан болса керек.

Мүбәрак ақын жасы келген сайын тарихи тақырыпқа көбірек қалам тартқанды ұнатады. Сондықтан да, соңғы жылдары балаларға арналған өлеңдері саябырлап кетті. Бірақ балалар үшін жазар тақырып көп қой. Әсіресе еліміз егемендік алған шақта, тіл, имандылық, отаншылдық тақырыбы бар. Алайда «Тарих — үлкен тәрбие мектебі». Кеңес кезінде қазақ елінің тарихы аяусыз бұрмаланып, көптеген тарихи деректер шындықтың ауылынан алшақ кетті. Қызыл империяның саясаты санасын улаған жастарымыздың көкірек көзін ашып, ұлттық ой-санасын оятудың бірден-бір сара жолы — оларды ата-бабаларымыздың ерлікке толы, елдікке негізделген халқымыздың шынайы тарихына қанықтыру. Тарихта еңселі орны бар тұлғаларымызды тарих көмбесіне жауып тастауға тырысып жатқанда жан-жақтан анталаған жауға қарсы майдан кешіп, туған жерін, елін қорғаған Ертіс өңірінің батыр тұлғалары Түгел, Жазы, Қошқарбай батыр есімдері ел аузында аңыз түрінде аталып жүрді. Кеңестің сол бір қысымды кезінде де Мүбәрак аға еліне тұлға болған ерлер жайында жинас-тырып, жазып жүріпті. Тарихты қалауынша жазып, өзгертуге болмайды.

«Халық айтса қалт айтпайды», — дегендей, бұл кісі халық аузынан жинастырыпты. Қазір сол арыстар тарих бетінен өз орындарын алды. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды». Шындық та солай. Уақыты келгенде тарих бетіне қалқып шығады. Еліміздегі демократия көп шындықтың бетін ашуға мүмкіндік берді. Мәселен, Ертіс ауданында 1931-1933 жылдары аштықта 67 ауыл жоғалып кеткен. Ақын-журналист Мүбәрак өз зерттеулерінің нәтижесінде аштық жылдары аштан өлген, бір ауыл немесе үлкен-үлкен отбасылардың жерленген апанын тауып, осындай деректерді іздестіріп, қуғын-сүргіндерге ескерткіш те қойғызды. Міне, осындай-осындай құнды зерттеулері жаңағы аталған кітаптың ішіне толық енгізілген. Журналист Мүбәрак үнемі төсті керіп, дауылға қарсы тұрдық демесек те, Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі ретінде әділдік деңгейінен көріну міндетім болды, ақын ретінде шындықты қолдау парызым деп таныдым. Айтқаным бар, айтпағаным бар, айта алмағанымды қағаз бетіне түсіре бердім, — деген еді өзі туралы. Енді, міне, еліміздің ерікті кезінде айтылмаған талай тарихи деректер уақыт назарына шықты. «Көп қорқытады, терең батырады», «Құлқынқұмарлық құртқан ауыл», «Келімсектердің кесірі», «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген газет бетінде жарияланған сын, ой-пікірлерін жергілікті халық, қазақ ұлтының мұң-мұқтажын ашық айтқан үлкен еңбек деп қабылдады. Кеңес үкіметі кезінде қазақтың тіліне, дініне, діліне, тіпті мәдениетіне дейін қатты қиянат жасалды. Қалаларда ғана емес, аудан орталықтарындағы қазақ мектептері жаппай жабылып, мәдениет ошақтары ойылып ортасына түсті. Орыс тіліне басымдық беру әрекеті басталды. Қазақ тілін уызынан емген елді мекендердегі, ауылдағы балаларды да орыс мектебіне беру қажеттігі насихаттала бастады. Міне, осы кездері зиялы қауымның замана ағымына күдіктене қарап, қазақ ұлтының жойылып кету қаупінің таяп қалғанын көретін кез туды. Еліміз егемендік алмай тұрғанда, осындай қиянатты көріп, қарлығаштың балапанындай шырылдаған осы ақын-жазушылар болды.

Мүбәрак ақын облысымызда «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанда, соның белсенді мүшесі, қазақ тілінің жоқтаушысы болды. Ертіс ауданында да «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, осы қоғамға жетекшілік етті. Қоғамның алғашқы нәтижелі жұмыстары тың игеруді сылтауратып, Ленин, Суворов, Панфилов, Ново-Ивановка, тағы осындай атауларды қойып алған ауылдарға тарихи атауларын қайтару болды. Ертіс кентіндегі көше атаулары да өзгертілді. Ауданда қазақ газетін шығару қолға алынды. Оның редакторлығына осы кісі басшылық жасады. Жас журналистерді тәрбиеледі.

Мынадай бір қызық жайт еске түсіп отыр. Павлодар облысы кезінде айтыс өнерінен кенже қалды десек те, әр жылдары облыстық, республикалық айтыс- тар өткізілді. Өз басым алғашқы жылдары айтыскер ретінде сахнада жүрген едім. Кейінгі жылдары қазылар алқасында отырдым. Трактор жасаушылардың мәдениет сарайында бір үлкен айтыс өтті. Мүбәрак аға — айтыстың тұрақты түрдегі қазылар алқасының төрағасы. Әлі есімде, бір айналым біткен соң, түскі үзіліске шықтық. Күз айы болатын. Ауа райы құбылмалы. Үзілістен келген соң, қазылар алқасының төрағасын ақындар да, көрермендер де күтіп қалды. Бір кезде ағамыз келіп тұр. — Қайда болдыңыз, — десек, — Ертіске суға түсіп, денемді бір сергітіп келдім, — дейді. Күздің қара суығында сексенге келген адамның суға түскені қалай десіп қалдық. Сөйтсек, ол кісі суға түспек түгіл қыстың күні аппақ қарда жалаңаяқ жүргенді ұнатады екен. Таңертең тұрысымен дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Және ол қарапайым дене шынықтыру емес, йога тәсілдері бар жаттығу екен. Ол кісінің ұғымынша адам өз денесін көбірек қимылдатып, ауыр деген әрекеттерді игерген болса, өзін әрдайым ширақ сезінеді.

Бірде қыстың күні Бурабайға демалуға барыпты. Елдегі әдеті бойынша денесін шынықтырып, қармен ысқыланып, жалаңаяқ жүреді. Мұны көрген бір қария «Жасыңыз жеткен адамсыз, мұныңыз қалай, суық тиіп қалса қайтесіз?» —
деп таңданыс білдіріпті. Оған дәлелі бар ғой. Бір күні серіктес ақсақал да спорт киімін киіп, далаға шығыпты. Аяғынан ауыратын ақсақалды жүгіртіп, өзінің істейтін жаттығуларын үйретіпті. Кейін әлгі ақсақал таяғын тастап, хат жазып, рахметін айтыпты. Адам көп жасағаннан қартаймайды, көп қайғырғаннан қартаяды. Ол кісінің көп жасауының сыры осы.

 

Шолпан Байғалы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Павлодар облысының Құрметті азаматы.