Интернетсіз ауасыз қалғандай хал кешетін қазіргінің адамдары үшін байланыстың үзілмегені керек. Сәл кідірсе, оның себебін бірден анықтап, жоюды талап етеді. Қызмет көрсететін компанияға өтінімін білдіріп, мамандардың көмегіне жүгінеді. Міне, осындай шақырту түссе, құрал-жабдығын ала жүгіретін жандардың бірі — Нұрлыбек Болат.

 

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Желі» дивизионы бірлестігінде инженер болып еңбек ететін ол тұрғындармен тікелей жұмыс істейді. Яғни, түскен өтініш бойынша ақауды анықтауға асығады. Байланыс саласын саналы түрде таңдапты. Нақтырақ айтсақ, бұрыннан аталмыш компанияда еңбек еткен жездесі балдызына бағыт берген екен. Бүгінде ол Павлодар қаласы мен Павлодар ауданы аумағында «Қазақтелеком»-ға қарасты байланыспен үздіксіз қамтуға күш салып келеді.

— 2014 жылы ИнЕУ-дің коллед-жінен жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу мамандығын игеріп шықтым. Бірден «Қазақтелеком»-ға жұмысқа қабылдандым. Бастапқыда 4-раз-рядты кабельші-дәнекерлеуші болып еңбек еттім. Бір жыл ішіндегі талпынысымды аңғарған басшылық мені цифрлық желілерге қызмет көрсету цехына ауыстырды. Мұнда 4 разрядты монтер қызметінде болдым, — дейді Нұрлыбек Санатбекұлы.

Нұрлыбек білім алуды еш доғармау керек деген пікірде. Өзі колледжден кейін Торайғыров университетін радиотехника және телекоммуникация мамандығы бойынша бітірген. Өзіне жүктелген жұмысты әрдайым жауапкершілікпен атқарады. Сондықтан да жауапты қызметтерді сеніммен тапсырады. Бүгінде ол клиенттермен жұмыс цехында еңбек етеді. Яғни, ол қасындағы серіктесімен бірге компанияның интернеті мен телеарнасын, телефонын тұтынатын тұрғындардың өтінімі бойынша желідегі ақауды барынша жылдам жоюға жауапты.

— Өтінім бойынша интернеттің қолжетімділігіне келген кедергіні жоямыз. Дұрысы, абонентке жылдам жетіп, байланыстың қай тұста үзілгенін анықтаймыз. Біздің бригада күніне шамамен 10-12 абоненттің өтінімін қанағаттандырады. Көп жағдайда оптикалық кабель үзіліп қалады. Яғни, үйлерде ит-мысық жүгіріп өтіп, іліп кететін кездер көп кездеседі. Міне, сол себепті анықтап, байланысты қалпына келтіреміз, — дейді инженер жігіт.

10 жылға жуық еңбек ететін азамат жыл сайын біліктілігін арттырып, білімін толықтырудан жалыққан емес. Бүгінде ол — 2-ші санатты инженер. Ол заманға сай енгізілетін әрбір технологияны бірден үйреніп алуға бейім. Қазіргі таңда IТ-телеарна енгізілуде. Демек, экрандағы көріністің сапасы жақсарып, түрлі артықшылықтары бар. Мәселен, клиенттер уақытылы көруге мүмкіндігі болмаған бағдарламаны немесе фильмді кері қайтарып, тамашалап шығуына мүмкіндік бар. Тіпті, тоқтатып қойып, кейін көріп алуына тағы болады. Байланыстың сапасын жақсарту үшін бүгінде кәсіпорын ескі мыс кабельдерден бас тартып, талшықты-оптикалық түріне жаппай көшуде. Қазіргі таңда компанияға тиесілі желілердің 80 пайыздан астамы талшықты-оптикалық кабельмен қамтылған. Сәйкесінше, интернеттің жылдамдығы да артқан. Салаға жаңашылдықтар енгізу, жаңғыртуға да басымдық беріледі. Міне, осы өзгерістерді де қызметкерлеріне үйрету үшін кәсіпорын жыл сайын техникалық оқу өткізеді. Жаңашылдықтарды меңгеру үшін мамандар Алматыға жиі сапарлайды. Өңірімізде де мұндай оқу жиі ұйымдастырылатын көрінеді.

Клиенттермен күнде тікелей байланыста жүретін азамат жұмысының қиындықтарын да жасырмады.

— Абоненттерімізге барғанда түрлі жағдайға тап боламыз. Әртүрлі адам болады. Кей адам көңіл күйіне қарай сөйлеп қалады. Ашулы азаматтар ауыр сөйлеп те жатады. Мұндайда барынша сабырлық танытамыз. Назын тыңдаймыз. Бар өкпе-ренішін шығаруына мүмкіндік береміз. Клиенттермен жұмыс істеу, бізде тіл табысуға бағытталған да оқу өткізіледі. Барғаннан кейін, ең бастысы, ақаудың себебін анықтап, үзілген кабельді жалғап кетеміз, — дейді Нұрлыбек Санатбекұлы.

Инженер жігітке жұмысының бір орында тұрмайтыны, жыл сайын жаңарып, жаңашылдыққа толы болатыны ұнайды. Сонысымен де қызық, дейді ол. Осы орайда оның алғаш еңбек жолын бастағанда бағыт беріп, қолтығынан демеген аға буын өкілдеріне алғысы шексіз. Алғаш келгенде қарсы алып, талабын байқаған Серік Көшербайұлына риза. Ол бригададағы он шақты адамның ішінен Нұрлыбектің, жас та болса, қабілетін аңғарып, алға сүйреген. Қазір өзіне тікелей басшылық ететін Амангелді Әлімкановтан қызметінің қыр-сырын тереңінен үйренуде. Елдар әріптес ағасының да айтарлықтай тәжірибесін, ақыл-кеңесін алған екен. Осындай, білікті, қамқор әріптестерінің көмегімен ол алдағы уақытта да тұрғындарды байланыссыз қалдырмауға барын салмақ ниетте.

Айта кетейік, бүгінде айма-ғымызда 90 мыңға жуық тұрғын «Қазақтелеком»-ның интернетін, 160 мың абонент телеарнасын, тағы 60 мың азамат стационарлы телефонын пайдаланады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.