ҚР Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен «Мақсұтым–тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты Абай оқулары өтті. Көркемсөз оқу байқауына алдын ала іріктеу кезеңінен сүрінбеген 18-30 жас аралығындағы жастар қатысып, бақ сынады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – Абайдың өлеңдері мен қара сөздері арқылы қазақ тілінің көркемдігін, қорының бай екендігін көпшілікке насихаттап, ұлт әдебиеті мен мәдениетін таныту, жастардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру.
Жыл сайын өткізілетін қалалық Абай оқулары байқауына қатысушылардың көбі шаһардағы білім беру мекемелерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері және балабақша тәрбиешілері екенін айта кеткен жөн.
Ақын шығармашылығына арналған сайыс үш кезеңнен тұрды. Атап айтар болсақ, 1-ші кезеңде қатысушылар Абай өлеңдерін жатқа айтса, 2-ші кезеңде қара сөздерін мәнерлеп оқыды, ал 3-ші кезеңде әндерін орындады. Байқау үміткерлері бар өнерлерін ортаға салды. Олардың қай-қайсысы да ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, қара сөздері мен құлақтан кіріп бойды алар әсем әндерін
көрермен жүрегіне жеткізуге тырысты.
Қазылар алқасы қатысу-шылардың өлең оқу шеберлігіне, ән орындау нақышына, сахналық өнер көрсету мәдениеті мен қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларының сақталуына баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның ұстазы Мәрес Байрон бас жүлдені жеңіп алды. Ал жүлделі І орынды Павлодар қаласындағы №5 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Лена Бодаухан, ІІ орынды №36 мектептің ұстазы Айымгүл Какымова, ІІІ орынды №27 мектептің мұғалімі Самал Жүнісханова еншіледі. Сонымен қатар, Павлодар монтаждау колледжінің 2-курс студенті Ерқанат Әлжан мен №93 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Гаухар Сағиева «Көңілім әнді сүйеді» және «Әнді сүйсең, менше сүй» атты аталымдарға ие болды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар, ал қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Нұржайна ШОДЫР.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.