Осыдан үш жыл бұрын елімізде «Халық қатысатын бюджет» жобасы бастау алды. Аймағымыздың үш қаласының тұрғындары аталмыш бастама арқылы айналасын абаттандыруға қатысты өз жобаларын ұсынып, оның қаржыландырылуына мұрындық болады. 2021 жылдан бері Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында халықтың қатысуымен 167 жоба іске асқан.
Айта кету керек, жобалардың басым бөлігі облыс орталығында іске асқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды. Павлодар қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қанат Қапуовтың мәлімдеуінше, облыс орталығында балалар алаңын орнатуға сұраныс жоғары. Яғни, ұсыныстардың көбі осындай алаңдарға қатысты түсетін көрінеді. Павлодар қаласында жоба басталғаннан бері 314 ұсыныс түскен. 2022 жылы халықтың белсенділігі байқалған. Дұрысы, бұл жылы билік тұрғындарға «Халық қатысатын бюджеттің» маңызын түсіндіріп, барынша атсалысуға шақырған көрінеді. Биыл облыс орталығында 80 балалар алаңы орнатылмақ. 8 шағын сквер ретке келтіріледі. Құзырлы орган халықтың ұсынысын мақұлдау барысында арнайы сараптамалық топ жан-жақты жұмыс жүргізіледі.
— Тұрғындар жобаларды ұсынғанда негізгі қаңқасын, жабдықты ғана есепке алып, соған сай құнын шығарады. Яғни, спорт алаңын орнату кезінде оның табаны, жабындысы сынды қажеттіліктері ескерілмейді. Ал біз барып орнатылуы тиіс алаңды қарап, саралағанда ол тұрғын үй ауласын тұтас абаттандырудың қажет екенін көреміз. Сондықтан, кеңесе келе, балалар алаңымен қатар аулаға асфальт төсеп, айналасын жарықтандыру, көріктендіру сынды шараларды толық қамтып өтеміз, — дейді Қанат Бейсембайұлы.
Сәйкесінше, жобаның құны да өседі. Мәселен, өткен жылы Торайғыров көшесі, 6 мекенжайының тұрғындары балалар алаңын орнатуды сұрапты. Мамандар зерделеу кезінде көпқабатты үш үй арасын кешенді түрде абаттандыру қажет деген тоқтамға келген. Нәтижесінде 33 млн теңге жұмсалып, бұл аула жаңарып шыға келген.
Мұндай жобалар Екібастұз бен Ақсу қалаларында да іске асуда. Былтыр 5 жоба қаржыландырылып, халықтың иглігіне берілген. Металлургтер шаһарында биыл 8 жоба жүзеге асырылады. Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Марат Зеновтің мәлімдеуінше, мұнда тұрғындар көшелерді жарықтандыру, балалар алаңын орнату, ауланы абаттандыру, футбол, спорт алаңдарын ашу, балалар алаңын қайта қалпына келтіру сынды жобалар ұсынған. 2025 жылға 8 жоба қаралуда. Оның ішінде көлік жүргізуді үйренушілерге арналған автодром салу жобасы бар.
Екібастұз қаласына келсек, мұнда былтыр 3 жоба іске асыпты. Қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі абаттандыру секторының меңгерушісі Абай Хакімовтің айтуынша, кеншілер шаһарында биыл 10 жоба қолға алынады. Сарапшылар тобы қарап, мақұлдаған. Мұнда да балалар алаңына сұраныс жоғары көрінеді. Одан бөлек, түнгі уақытта жарықдиодты шамдары бар жаяу жүргіншілер жолы салынады. Келесі жылға 9 жоба қаралуда.
Жалпы айта кету керек, жобалардың құнына шектеу бар. Яғни, 15 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Бұл — шамамен 55-56 млн теңге. Бастама алғаш қолға алынған шақта қалалардың абаттандырудың бағыттайтын шығынының максималды 1 пайызы дәл осы «Халық қатысатын бюджетке» жұмсалуы керек деп белгіленген болатын. 2023 жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес, оның көлемі абаттандыруға жұмсалатын жылдық шығынның 10 пайызына дейін ұлғайтылды.
Өтініштерді тұрғындар қала әкімдіктеріне өткізеді. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурс-тарының жалпы республикалық бірыңғай платформасы арқылы жүзеге асырады. Әрбір қала тұрғыны осы порталға кіре алады. Әкімдіктердің парақшаларында «Халық қатысатын бюджет» қосымшасы бар. Сол жерге өзінің жобасын орналастыра алады. Осылайша, жобалық ұсыныстарын береді. Қалалық сарапшылар кеңесі жобаларды іріктеп, талапқа сай болғандарын қаржыландыруды мақұлдайды. Тұрғындар сол жобаларға дауыс беріп, қолдау көрсете алады. Павлодар қаласында кемі 50 дауыс жиналуы тиіс. Ал Ақсу мен Екібастұз қалаларында бір жобаға кемі 10 оң дауыс берілуі қажет. Содан соң бюджет жобасына қосу әрі алдағы жылы іске асыру үшін бюджеттік өтінім жасалады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ