Ислам дінінің бес негізінің бірі – қажылық ғибадатын өтеу. Бұл құлшылық — бару және қайту қаражаты мен денсаулығы жететін әрбір мұсылманға парыз. Құран Кәрімде: «Алла разылығы үшін Қағбаны зиярат ету (қажылық қылу) — жолына (қаражаты мен денсаулығы) шамасы келгендерге парыз…», — деген аят бар.
Мұсылман күнтізбесі бойынша биыл Арапа күні 16 маусым күніне сәйкес келсе, Құрбан айт мерекесі 17 маусым күні басталады. Міне, сондықтан биылғы жылы үлкен қажылық парызын өтейтін мұсылман қауым қасиетті сапарға аттану алдындағы дайындықтарын бастап кетті. Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде арнайы семинар ұйымдастырылып, оған биыл қажылық парызын өтеуге ниетті азаматтар шақыртылды.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілі Жолдас қажы Қоспақұлының сөзінше, қажылық сапарының тәртібі мен талабы бұрынғыдан қарағанда күшейген.
— Былтырдан бері қазақстандықтар Қажылық сапарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекітген фирмалармен ғана барып жүр. Ал діни басқарманың тізіміне кірмеген туристік компаниялармен келісімшарт жасауға тыйым салынған. Себебі, бұған дейін осындай фирмалардың жауапсыздығы салдарынан әртүрлі келеңсіз жағдайлар орн алды. Сондықтан, тек бекітілген фирмалардың ғана қызметіне жүгінген абзал. Екіншіден, қажылық сапарға аттанушылар тек қажылық визасын ғана алу керек. Яғни, туристік немесе бизнес визалары бұған жарамайды, — дейді Жолдас имам.
Қажылық — Алла алдындағы ең ұлық ғибадаттың бірі болса, оның ішінде негізгі парыз амалдары бар. Қажылықтың парыздары үшеу. Олар: «Ихрам» — Мекке Мухаррамға кіргеннен кейін, миқат деп айтылатын жерде қажылық ету ниетімен «Ихрам» кию; «Уқуф» — арафа күні бесін намазынан кейін «Арафат» тауына бару; «Тауаф» — Құрбан айттың бірінші немесе екінші-үшінші күндерінде Қағбаны тиісті тәртібімен 7 рет айналу.
— Қажылық ғибадатының басты шарттарының бірі — ниет ету. Пайғамбарымыздың бір хадисінде «Барлық амалдар ниетке байланысты» деген екен. Кім не нәрсеге шынайы ниет ететін болса, Алла соған жеткізеді. Сондықтан, қажылыққа барғысы келетін жандар ең бірінші Алланың разылығын алуды мақсат етіп, ниетін дұрыстауы керек. Сонда ғана барлық құлшылықтарыңыз бен дұғаларыңызды Алла қабыл етеді, — деді бас имам.
Бүгінде еліміздің әрбір облысында қажылық қызметіне жауапты мамандар бекітілген. Павлодар облысы бойынша қажылық сапарына жауапты өкіл болып Қуаныш Асқаров есімді азамат тағайындалған. Жауапты маманның сөзінше, биыл біздің өңірден қажылық ғибадатын жасауға 50 адам ниеттеніп отыр. Ал елімізде Қазақстан қажыларына қызмет көрсететін 17 фирма бар.
— Қазақстан аумағында қажылық қызметін көрсетуге рұқсат етілген 17 фирма бар. Олар – «Hickmet Travel», «Атлас туризм», «Қызмет Саяхат», «Хидаят Нур», «Ал-Маруа», «Ордабасы-НЖ», «Сембекова», «Tawaf Travel, «Mina Travel», «Sanablкz», «Delta Tour», «Qazaq sapar», «Rodinzon KZ», «Dostyk Travel, «Иман Travel», «Nurhan Travel» деп аталатын туристік фирмалар. Бұлар Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының сараптау комиссиясынан өтіп, арнайы лицензия берілген, — дейді Қуаныш Асқаров.
Биылғы жылы қажылық парызын өтеуге ниеттенген отандастарымыз 3 маусымнан бастап жолға шығады. Жалпы, Меккеде болу уақыты
21 күнге созылады.
Тілеуберді САХАБА