Бүгінде қолынан іс келетін жандар үшін мүмкіндіктің түр-түрі бар. Мәселен, үйде отырып-ақ, тапсырыс қабылдап, киім-кешек, көрпе-жастықты тапсырыс берушінің қалауындай етіп тігіп беруге болады. Ал зауыттар, медициналық қызметкерлер, басқа да қызмет көрсету орындары өкілдеріне арналған киімдерді құйып қойғандай, талапқа сай етіп дайындау екінің бірінің қолынан келмейді. Дей тұрғанмен, павлодарлық Даржан Макишева бұл шаруаны шиыршықтай айналдырып отыр.

 

Даржан Жұбанышқызы – Шарбақты ауданы Жаңаауыл елді мекенінің тумасы. Бала кезінен-ақ ісмерлікке, қолөнерге жақын болып өсті. Әсіресе, әжесінің тігін машинасын серік етіп, оның етегінде отырып, құрақ құраған кездерін ерекше еске алады. Кейін сол ауылдағы мектепті тәмамдаған соң кооперативтік училищеде білімін жалғастырып, одан соң сауда-саттық саласында біраз жыл еңбек етті. Десе де, тігіншіліктен қол үзген емес. Туыс-туған, тамыр-таныстың тапсырысы бойынша көрпелер, жастықтарды үйде тігіп, көпшіліктің көңілінен шығатын, көздің жауын алатын дүниелерді дайындады.

Ал осыдан бес жыл бұрын қызығушылығын негізгі мамандығына айналдырды. Арнайы тігін курсында білім алып, өмірлік тәжірибесін ұштай түскен ол облыс орталығындағы «Kazindarsenal» ЖШС-інде жұмысын жалғастырды. Бұл кәсіпорын түрлі мекеменің тапсырысы бойынша арнайы киімдерді тігеді.

— Әрине, үй жағдайында көрпе-жастық тігумен өндірістің нағыз қайнаған «қазанында» арнайы киімдер тігудің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бастапқы уақытта зауыт қызметкерлері үшін киім тігудің таңсық болғаны да рас. Бірақ уақыт өте келе бұл бағытты да меңгеріп, үйрендік. Бүгінгі күні жаңа, заманауи, өндірістік тігін машиналарының көмегімен түрлі қызмет өкілдеріне арналған киімдерді қиындықсыз тігіп жүрміз, — дейді Даржан Макишева.

Ол кәсіпорын жұмысшыларына арналған киімдерді бригадалық топта дайындайды. Яғни, төрт-бес адам бірігіп, бір киімді жинайды. Біреуі жеңін, енді бірі жағасын реттейді. Сөйтіп, шағын ғана бригада бір-екі күнде 20-30 арнайы киімді тігеді. Кейін технолог оның талапқа сай келер-келмесін тексереді. Тігіншілердің жұмысына қатысты сын-ескертпе болмаса, бірден тапсырыс берушіге жөнелтіледі. Ал реттейтін жерлері болса, бригадаға кері қайтарылады. Бірақ мұндай жағдайлар сирек кездесетін көрінеді. Себебі, әр тігінші өз ісіне зор жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қарайды.

— Зауыт қызметкерлерінің киімдері басқалардан бөлек. Оның матасы да ерекше. Жұмысшылардың денсаулығына қандай да бір қауіп төнбес үшін киімнің бұл түрлерін отқа, суға төзімді қалың материалдардан тігеміз. Кейін дайын өнім Павлодар қаласындағы кәсіпорындармен қатар, Екібастұз, Қарағанды, басқа да шаһарлардағы өндіріс орындарындағы мамандарға жіберіледі, — дейді тігінші.

Сонымен қатар, «Kazindarsenal» кәсіпорны медицина қызметкерлері, аспаздар, даяшыларға арналған қажеттілерді аз уақыт аралығында әрі сапалы түрде дайындап береді. Мұндайда арнайы киімдерді әзірлегендей бригада емес, жеке-жеке жұмыс істейді. Мәселен, Даржан Жұбанышқызы жалғыз өзі күніне 5-6 алжапқыш тігеді.

— Меніңше, жыл санап елімізде, оның ішінде біздің өңірде жеңіл өнеркәсіп саласы өркендеп келеді. Оған арнайы киімдерге деген тапсырыс көлемінің артуынан-ақ байқауға болады. Бүгінгі таңда бұл салада жұмыс істейтін кәсіпорындар, еңбек ететін білікті мамандардың қатары да артты. Жыл сайын біздің өндіріс орнына тәжірибеден өтуші студенттер келеді. Қазіргі күні де бес білім алушы теориялық ілімін тәжірибемен ұштауда. Аталмыш салаға осындай қызығушылық пен сұраныс барда әлі де өсім болады деп сенемін. Көрші мемлекеттер сынды жергілікті нарықты отандық киім-кешекпен жаулайтын күн алыс емес деп ойлаймын, — деп түйіндеді сөзін тәжірибелі маман.

Шынымен, соңғы жылдары елімізде жеңіл өнеркәсіптің кеңінен өркен жаюына мол мүмкіндік қарастырылуда. Мәселен, Даржан Макишева қызмет атқаратын «Kazindarsenal» ЖШС өндірістік орынды мемлекеттің тікелей қаржылай қолдауы арқылы алды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бизнес өкіліне көмек көрсетіп, несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдендіру тетіктерін ұсынды. Соның нәтижесінде кәсіпорынның қаржылай жүктемесі едәуір азайды. Осындай мемлекеттік қолдау жалғасын табар болса, өнеркәсіптің бұл түріне де тың серпін берілері сөзсіз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.