Айжан Ахметова – болашақ аналардың денсаулығын тексеріп, жүкті әйелдердің өмірге дені сау нәресте әкелеуіне барын салып жүрген білікті дәрігер. Мамандығы арқылы нәресте сүюді аңсап жүрген отбасылардың шаңырағына сәби күлкісін сыйлауда десек, қателеспейміз. Білікті дәрігер «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы бала бақытын армандаған талай отбасының тілегін орындау жолында еңбек етіп келеді. Тіпті, «құрсақтағы бөбек шетінеген» деген диагнозбен келген әйелдің бөбегін аман алып қалған.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Павлодар Теміржол ауруханасының гинеколог-дәрігері Айжан
Серікқызы жайында сөз етуді құп санадық. Білікті дәрігер күн сайын емделушілерді қабылдап, кеңес айтып қана қоймай, әйелдер қауымына ультра-дыбыстық зерттеу (УЗИ)  жүргізеді. Бұдан бөлек, үнемі білімін жетілдіріп, тәжірибе жинауды да  назарында ұстайды. Өз ісінің маманы эндокринолог саласын да меңгеруде.

— Медицина саласына ата-анамның тілегін орындау үшін түстім. Әке-шешем отбасымызда бір дәрігер болуды қалады. Еш қарсылық білдірмей, Қарағанды медициналық академияда білім алып, гинекология саласын таңдадым. Осы мамандықта білім алып жүрген кезімде салаға деген қызығушылығым күн сайын артты.  Дәрігер болып жұмыс бастаған уақытта мамандығымды адаспай таңдағанымды түсіндім. Себебі, өзімді басқа салада мүлде елестете алмаймын. Алғашқы еңбек жолымды оқуды тәмамадаған соң, 2004 жылы Қарағанды қаласындағы орталық ауруханада бастадым. Әйелдер кеңесінде, күндізгі стационарда еңбек еттім.

4  жылдың ішінде білікті мамандардан көп тәжірибе жинадым, — дейді А.Ахметова.

Айжан Серікқызы 2008 жылы жолдасымен бірге қызмет бабымен Павлодар қаласына көшіп келеді. Сол уаықтта облыс орталығындағы Павлодар қалалық №4 емханаға қызметке орналасады. 2011 жылы Павлодар Теміржол ауруханасына жұмысқа тұрады. Бүгінде Айжан Ахметова аталмыш емдеу мекемесіндегі әйелдер кеңесінің меңгерушісі болып еңбек етеді.

— Әйелдер кеңесінде екі гинеколог дәрігер мен 3 акушер жұмыс істейді. Біздің ең бірінші міндетіміз – әйелдердің денсаулығын тексеру, болашақ аналарды бала сүюге дайындау, жүкті әйелдердің сәбиін аман–есен қолына алуына жағдай жасау. Бұл ретте құрсағына сәби біткен әйелді есепке аламыз. Қазіргі уақытта біздің бөлімшеде 100-ге жуық жүкті әйел есепте тұр. Бұдан бөлек, жасөспірімдермен жұмыс істейміз. Қандай да бір ауруға шалдыққан әйелдерді диспансерлік есепке аламыз, —
дейді дәрігер.

Айжан Серікқызы күн сайын алдын ала жазылу бойынша 20-дан астам әйелді қабылдайды. Көп жағдайда 18-49 жастағы қыз-келіншектер кеңес алады. Бөлімшеге қарайтын мұндай жастағы әйелдердің саны – 5 мыңнан асады. Гинекология саласында 20 жыл еңбек етіп келе жатқан дәрігер әйелдер арасында бедеулік факторлары көп кездесетінін айтады.

— Соңғы 10 жылдың ішінде сәби сүйе алмайтын жұптардың қатары артты. Мұны қызмет барысында көріп келемін. Сәби сүйе алмаудың себептері көп. Бұл жағдайға әйелдер арасындағы бедеулікпен еркектер арасындағы белсіздік те себеп. Өзекті мәселені шешуде мемлекетіміздегі «Аңсаған сәби» бағдарламасының орындалуы жолында қызмет жасаудамыз. Жылдар бойы жүктілікке қолы жете алмай жүрген қыз-келіншектерді есепке қойып, ЭКҰ-ға тегін квота алуына жағдай жасаймыз. Аталған бағдарламаға қатысуы үшін денсаулығын толық тексеріп, ЭКҰ-мен айналысатын орталықтарға жібереміз. Өткен жылы 35 әйел диспансерлік есепте тұрды. Оның ішінде 16-сы  «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысты. Нәтижесінде 10 әйел жүктілікке ие болды. Ал бұл бағдарламамен сәби көтерген емделушілеріміз тәулік бойы біздің назарымызда десем, қателеспеймін. Бақыттың төресі – бала сүю. Осы жолда аянбай еңбек етіп келеміз, — дейді дәрігер.

Айжан Серікқызы енді үйленген  ерлі-зайыптылар табиғи жолмен бір жылдың ішінде сәби сүю керектігін айтады. Егер 2-3 жылдың көлемінде жүктілік болмаса, гинекологтар толық тексеруден өткізіп, қажет болған жағдайда  репродуктолог маманына жолдайды.

Білікті дәрігер қызмет барысында қайғылы оқиғалар да орын алатынын айтады. Айжан Серікқызы жүктілігінң 39-шы аптасында сәбиінен айырылып қалған ананың жағдайын ешқашан ұмыта алмайтынын айтады. Бұдан бөлек, құрсақтағы баланың кіндікке оралып, жүрегі тоқтап қалған жағдай да болғанын жасырмады.

— Өмір болғаннан кейін түрлі жағдайлар болатыны — ақиқат. Соңғы 5 жыл көлемінде қарамағымдағы жүкті әйелдерге ультрадыбыстық зерттеуді өзім жүргіземін. Қызмет барысында бөбектің кіндігі мойнына оралып қалған жағдайды көріп, дереу медицицналық жолмен толғақ шақырып, сәбиді аман алып қалған кез болды. Бұдан бөлек, биыл «құрсағындағы сәбиі шетінеді» деген диагнозбен келген әйелге екі апта уақыт бердім де, 14 күннен кейін өзім ультра-дыбыстық зерттеу жүргіздім. Сол кезде сәбидің жүрегі соғып тұрды. Егер әлгі әйел менің кеңесіме құлақ аспаса, қате диагнозға сеніп, баланың өмірін қиятын еді. Осындай жағдайларды көргенде мамандығыма деген жауапкершілігім арта түседі,- дейді дәрігер.

Айжан Серікқызы өмірде бала сүйе алмайтын әйел болмайтынын айтады. Бедеулік қатып қалған диагноз емес. Тек, уақытылы емделіп, қажетті мамандардың көмегіне жүгіну маңызды. Барлық әйел ана атана алады.

 Айдана ҚУАНЫШЕВА.