Мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі, қасиетті Құрбан айтқа да санаулы күндер қалды. Құрбандықтың жақсылығы мен сауабын жүрекпен сезінген әрбір мұсылман бұл қасиетті күндерді асыға күтеді,  жағдайы келген адам бір малын құрбандыққа шалады. Сондай-ақ, айналасын Айт мерекесімен құттықтап, қайырымды істер атқаруды да өнегелі іс деп біледі.

 

16 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні!

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындық» деген мағыналарды білдіреді.  Демек, Алланың ризашы-лығы үшін құрбандық шала отырып,  Жаратқан иесіне жақындап, күнәларының кешірілуіне мүмкіндік алады. Биыл һижри жыл санауы бойынша мұсылман күнтізбесіндегі Зұлхижжа айы 7 маусымда басталды. Соған байланысты Арапа күні 15 маусымға және Құрбан айттың алғашқы күні 16 маусымға сәйкес келетіні жарияланды.

Ислам дінінде қасиетті күндер мен түндер және айлар Қамари («Қамари» сөзі аспандағы айды білдіреді) жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың көрінуімен жаңа қамари айы басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады. Зулхижжа айын анықтау үшін соның алдындығы  зулқағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Осыған орай, 2024 жылы 6 маусымда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 7 маусымда басталып отыр. Ендеше осы уақыттарда қандай қандай амалдар жасаған дұрыс? Осыған рет-ретімен тоқталайық.

 

Бірінші – Арапа күні ораза тұту

«Арапа» сөзі тілдік тұрғыда «ға-ра-фа» делінген етістіктен туындап, «білу», «түсіну» деген мағыналарды білдіреді. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зұлхижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар баласы Исмайылды құрбандыққа шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін ол жәй түс екен деп ойлайды. Алайда, ертесінде әлгі түсті тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күн «арапа» деп аталды деген пікір бар.

Арапа күнінің уақыты – Зұлхижжа айының тоғызы, яғни Құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер Арафат тауына бір мезет тұрақтайды. Арапа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі – сауапты іс. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Арапа күнгі ораза арқылы Алла Тағаланың өткен және келер жылғы күнәларды кешіруін үміт етемін», – деген.

 

Екінші – Айт күндері құрбандық шалу

Құрбан айтта құрбандық шалу – әрбір ақыл-есі сау, жолаушы болмаған, мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін мұсылман адам үшін уәжіп. Шәкәрім қажы бабамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», – деп айтқан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 34-аятында: «Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың атын атап құрбан шалуды бекіттік», – деген.

Көрнекті қоғам және дін қайраткері Сәдуақас Ғылмани (Сәкен халпе) «Құрбан айт»
өлеңінде:

Көпшілік қызықтаумен  күлетін күн,

 Діншілдер Хаққа көңіл   бөлетін күн.

Мол ойлы, ғибрат көзді  милы адамдар,

 Көп олжа бұл байрамнан көретін күн,
деп, Құрбан айттың теңдессіз мейрам екенін жеткізген.

 

Үшінші – мұқтаж жандарға жәрдемдесу

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.  Осы себепті де шалынған құрбандық етімен мұқтаж жандарға жәрдемдесудің сауабы үлкен. Қасиетті Құранның «Зәрият» сүресінің 19-аятында: «Олардың малдарында қайыр сұраушының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар», – делінген. Құрбан етiн үшке бөлiп, бiр бөлiгiн мұқтаж жандарға, екiншi бөлiгiн туған-туыстарға немесе көршiлерге, ал қалған бөлiгiн өз отбасына алып қалу – мұстахаб амал.

 

Төртінші – тәкбір-ташриқ айту

 

Мәшһүр Жүсіп бабамыздың:

«Айтылды: «Алла-акбар» екі жерде,

Намаз бен құрбан шалу келді бірге», – деп айтқанындай,  Құрбан айт кезінде айтылатын тәкбірдің арнайы бекітілген уақыттары бар. Оны – ташриқ күндерінің тәкбірі дейді. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 203-аятында Алла Тағала: «Санаулы ташриқ күндері Алланы еске алыңдар!», – деп бұйырған. Бұл тәкбір зұлхижжа айының 9-ы күнгі таңғы намазынан бастап айтылып, әр парыз намазының соңында зұлхижжаның 13 күнгі екінті намазының соңына дейін жалғасады. Тәкбір ташриқты намазын жеке оқыған адам да, жамағатпен оқыған адам да айтады. Бір мәрте айту – уәжіп, одан көбірек айту мустахаб амал саналады. Ер адам дауысын көтеріп, әйел адам ішінен айтуы қажет.

Тілеуберді САХАБА.