Жуырда Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде биыл мерейтойлары аталып өтетін қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылды. Оған белгілі суретшілердің мүсін, кескіндеме және графика техникасында орындаған 30-дан астам туындыcы қойылды.

 

Осы жылы елімізге белгілі суретшілер Всеволод Теляковский, Гүлфайруз Ысмайылова, Құлахмет Қожықов, Үкі Әжиев, Мәжит Бәйтенов, Александр Бибин, Регина Великанова, Павел Реченский, Елена Карасулова және т.б. шеберлердің мерейтойлары аталып өтпек. Осыған орай облыстық көркемсурет музейі қордағы суреттерден көрме ұйымдастыруды жөн санаған.

Туындылардың арасынан ерекше көзге түсетіндері — қазақ суретшілерінің алғашқы буынының өкілі, тұңғыш суретші-график Құлахмет Қожықовтың суреттері. Қылқалам шеберінің «Саябақ күзі», «Клиндегі орман», «Клиндегі үй» атты акварельдік шығармаларынан орманның сұлулығын сезіне аласыз. Іле Алатауы мен Қаратау етектеріндегі сұлу көріністерде әбден кесіліп-пішілген детальдар бар. «Сырдария кеші» композициясында картинаның кеңістігін батып бара жатқан күннің отты шары толықтыра түседі. Көзіңді алысқа, жоғарыға алып кететін оңтүстіктің күлгін тартқан көгілдір аспаны мен өзен ағыны бейбіт өмір мен тыныштықтың келбетін суреттейді.

Қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы суретші Айша Ғалымбаевадан кейін ойымызға бірден Гүлфайруз Ысмайылова түседі. Қазіргі Ресейдегі Санкт-Петербург қаласындағы И.Е.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген көрнекті қылқалам шебері отандық бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосты. Гүлфайруздың шығармашылығын көп өнертанушы қазіргі уақытта да заман бейнесі ретінде қарастырады. Мұндай көзқарас көбінесе суретшінің портреттік жұмыстарына байланысты. Ысмайылова өзінің театрдағы жұмысы арқылы шынымен де өз заманының аса дарынды орындаушыларымен таныс болып, бірге жұмыс істеп, оларды жақыннан, күнделікті жұмыс барысында бақылауға мүмкіндігі болған суретші болды.

Биыл 100 жылдық мерейтойы аталып өтетін Үкі Әжиев өзінің көпқырлы шығармашылығында ұлттық акварель мектебінің тұтас бір қалыптасу дәуірі мен өркен жайған шағын бейнеледі. Тынымсыз шығармашылық ізденістің, адам баласына деген, оны қоршаған ортаға деген адал махаббаттың иесі болған ол Қазақстандағы көркемдік процестің дамуында шоқтығы биік белеске айналды. Шебердің сексен жылдық шығармашылық жолы Қазақстан бейнелеу өнеріне адал қызмет етті. Өз кезегінде қазақстандықтар оның еңбегі мен шығармашылық мұрасына ерекше құрметпен әрі ризашылықпен қарайды.

Ү.Әжиевтің жұмыстары – ел мәдениетінің өлмес ескерткіші әрі әлемдік бейнелеу өнерінің үздік жинақтамаларында Қазақстанның даңқын шығарған дүниелер. Атап айтқанда, Лондон сәулет және өнер мұражайында (TateBritain), Мемлекеттік Третьяков галереясында, Шығыс өнері мұражайында (Мәскеу), ТМД елдерінің және Киев, Вильнюс, Ригаөнер мұражайларында, Франция, Италия, Германия, АҚШ, Швейцария, Оңтүстік Корея және т.б. жеке коллекцияларында сақтаулы.

Ал Мәжит Бәйтенов өзінің шығармашылығында көне тарихты, соның ішінде түркі халықтарының тарихын, салт-дәстүрлерін бейнелеуге бейім болды. Көптеген суретінде Тамғалы петроглифтері көзге шалынады. Сондай-ақ, ауыл тақырыбы да жанына жақын. Суретші шығармашылығының бір ерекшелігі, ол картиналарын авангардтық, абстрактілі стильде салады.

Суретшілердің туындылары жоғары кәсіби деңгейімен, олардың тақырыптық, жанрлық және стилистикалық алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Мұндай көрмелер біздің өңіріміздің және Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызды оқиға және бейнелеу өнерінде өз жолын енді ғана бастағандар үшін эстетикалық бағдар және шеберлік мектебі болары анық.

Айта кетейік, аталмыш көрме бір ай бойы жұмыс істейді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.