Екі ай бұрын Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінің балаларына туберкулез ауруын анықтауға арналған медициналық сынама жасалған. Үш күннен соң оларды тексерген дәрігерлер бәрі ойдағыдай екенін айтқан. Алайда, арада бір жарым ай уақыт өткеннен кейін мамандар бірқатар жасөспірімнің ата-анасына хабарласып, балаларының тубвиражды екенін жеткізеді. Сонымен қатар, олардың есепке алынғанын да ескерткен. Аталған жағдай ата-аналардың ашуын келтіріп, күдігін тудырып отырған жайы бар.

Ата-аналар алаңдаулы

«Бұл – сау баланың болашағына балта шабу деп есептеймін» деген екібастұздық тұрғын Лалагүл Жанғозина редакциямызға хабарласып, журналистерден көмек сұрады. Ол балаларды тексерген дәрігерлер бастапқыда «бәрі жақсы» деп айтып алып, аяқ астынан айнып қалғандарына қапалы.

— Солнечный кентінде тұратын бір бала туберкулездің ашық түрімен ауырып қалған. Осы жағдайдан кейін Абай атындағы №28 мектептің 5-11- сынып аралығындағы оқушыларының кеуде тұсын рентгенге түсіріп, екі қолдарына да сынамалар жасады. Бұдан соң бізге былай деп түсіндірді: «Балалардың сол қолына манту салынады, ол ісіп кетпеуі тиіс. Су тигізуге болмайды. Ал оң қолына диаскинтест жасалады. Бірақ ол сәл ісінсе, қызарса алаңдамаңыздар. Бұл қалыпты жағдай саналады».

Осылайша, 16 сәуір күні балама сынама жасалып, 19 сәуірде оны дәрігерлер тексерді. Сынып жетекшісі бірге еріп барған еді. Ұлымның екі қолын көрген мамандар «бәрі жақсы» деп жіберіпті. Содан кейін 30 мамыр күні, яғни бір жарым ай уақыт өткен соң маған мектептің мейірбикесі хабарласып, баламның тубвираж болып шыққанын және есепке алынғанын айтты. Қаншама уақыттан соң күтпеген жерден мұндай жаңалықты есту ауыр тиді. Санамды сан сұрақ мазалады. Біріншіден, егер балам тубвиражды болып шықса, тексерген кезде неге бірден ашып айтпады? Неге уақыт созып жүрді? Басқа балалар үшін қауіпті ғой. Екіншіден, мектептегі өзге де оқушыларды есепке алыпты. Онда бастауыш сыныптардың балаларына да неге сынама жасалмайды? Әлде, олар бөлек есіктен кіріп-шығып, басқа ауамен тыныстап жүрді ме? Үшіншіден, менің ұлым 6-сыныпты тәмамдағаннан кейін әскери мектепке баруды жоспарлап отыр. Аталған білім беру мекемесіне оқуға түсу үшін баланың денсаулығында ешқандай кінәрат болмауы тиіс екен. Бұл мәселе де мені қатты толғандырды. Бір қателік кеткен шығар деген оймен осыған жауапты Екібастұз қалалық №2 емхана дәрігерлерінен балама қайтадан сынама жасауды сұрадым. Өкінішке қарай, мен сөйлескен маман өзіме дауыс көтеріп, дөрекілік көрсетіп, тыңдағысы келмеді, — дейді Лалагүл Жанғозина. Баласы үшін алаңдаған ананың сөзін оның ұлымен бірге барған мұғалімі Әсем Бақытқызы да растап отыр.

— Санпиннің шешімі бойынша сынама нәтижелерін тексерту үшін балаларды өзім ертіп бардым. Дәрігерлер барлығы жақсы екенін айтты, — дейді ол. Бұдан соң мәселенің мән-жайымен тереңірек қанық болу үшін мектептің мейірбикесіне бірнеше күн телефон шалғанымызбен, қоңырауымызға жауап бермеді.

Бауыр еті баласының болашағы үшін шыр-пыр болып, үлкен үмітпен көмек сұраған ананың жанайқайын жауапты мекеме жеткізіп, жағдаймен жіті таныс болу мақсатында Екібастұз қалалық №2 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлнұр Өмірбаеваға хабарластық. Ол балалардың денсаулығына қатысты ақпаратты ашық түрде жария етпейтінін айтып, осы бағытта жүргізілген жұмыстардың барлығы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының тапсырмасы бойынша атқарылып жатқанын, бұл іске де аталмыш мекеме жауапты екенін мәлімдеді. Ал Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Бақыт Бекбаева балалардан сынама алу, емдеу мәселесіне облыстық денсаулық сақтау басқармасы тікелей жауапты екенін алға тартып, өзі қызмет істеп отырған мекеменің құзіретіне емханалар мен фтизиатр дәрігерлердің жұмысын ұйымдастырып, қадағалау жататынын жеткізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева мәселенің мән-жайын мұқият тыңдап отырып, осы мәселеге қатысты туындаған сұрақтарды Екібастұздағы №2 емханаға жазбаша түрде жолдауға кеңес берді.

Сөйтіп, бір-біріне сілтеген мекемекелердің «футбол добы» сияқты арлы-берлі соғылып жүріп, ақыр аяғында аталған емдеу мекемесінің бас дәрігері Ермен Нұржанов мырзаға ресми түрде сұрақтарымызды жазып жібердік. Жеделдетіп жауап беруін сұрадық. Осы хатымызға бірнеше күннен кейін бас дәрігердің орынбасары Гүлнұр Өмірбаевадан төмендегідей жауап келді. Оны қысқаша түрде оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

— «Туберкулездің алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес қатынаста болған балаларға тексеру жүргізілді. Балалардағы туберкулезді ерте анықтау үшін ата-аналардың келісімімен манту және диаскинтест сынамалары, кеуде органдарының рентгенографиясы жасалды. Тексеруден өткен балалардың ішінде ешбірінде туберкулез анықталған жоқ. Манту және диаскинтест реакцияларының нәтижелерін медицина қызметкерлері 72 сағаттан кейін бағалайды. Манту реакциясының нәтижелерін неғұрлым дұрыс түсіндіру үшін балалардың медициналық тарихын, өткен жылғы манту реакцияларының нәтижелерінің динамикасын зерттеу қажет. Манту реакцияларының алғашқы рет «оң» нәтижелері тіркелген балалар ғана тубинфицирленумен (тубвираж) есепке алынады. «Д» есепке алу үшін медициналық көрсеткіштер қажет, дені сау балаларды емхана «Д» есепке алмайды. Қажет болған жағдайда, манту реакциясын 2 айдан кейін қайталауға болады», — деп жазылған. Сондай-ақ, ол не себепті бастауыш сынып оқушыларына сынама жасалмағаны жайлы сұрағымызға Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қаулысына сәйкес жоғары сынып оқушыларына ғана тексеру жүргізілгенін айтқан.

Ал бұған дейін Солнечный кентіндегі туберкулездің ашық түрімен ауырып қалған бала қазіргі уақытта Павлодар қаласындағы облыстық фтизиопульмонология орталығында стационарлы ем қабылдауда, делінген хатта.

Кімге сенсек екен?

Бір қызығы, біз денсаулыққа жауапты мекемелер өкілдерінің сілтеуімен жауап іздеп, мәселенің мән-жайын анықтап жүргенде Лалагүл Жанғозина Екібастұздағы №2 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлнұр Өмірбаевамен бетпе-бет кездесіп, баласының денсаулығына қатысты күдікті сейілту үшін екінші мәрте сынама жасатуға рұқсат алғанын айтып хабарласты.

— Емхана менің балама туберкулезді анықтау үшін екінші мәрте сынама жасауға рұқсат берді. Енді 16 маусым күні тағы да тексерілуге баратын болдық. Сіздер, яғни, редакция араласқаннан кейін мәселем шешіле бастады. Айтар алғысым шексіз. Ал өзге балаларға да қайтадан сынама жасай ма, жоқ па, ол жағын білмедім. Мені таңқалдырғаны –
өткенде ғана осы емхананың дәрігері де, мектеп мейірбикесі де ұлымның есепке қойылғаны туралы анық айтып, хабарласқан. Енді бас дәрігердің орынбасары баланың ешқандай тіркеуге алынбағанын айтып отыр. Кімге сенсек екен?, — дейді екібастұздық Лаура Жанғозина.

Иә, біз үшін де бұл сұрақтың жауабы жұмбақ болып отыр. Аяқ астынан аталған жағдайдың өзгеріп шыға келгеніне аң-таң болдық. Ресми хаттың жауабында жазылғандай, егер тексеруден өткен жасөспірімдерде туберкулез ауруының белгісі анықталмаған болса, онда анасы шағымданған балаға екінші рет тағы да не үшін сынама жасалмақ? Әу баста ата-аналарға алаңдауға еш негіз жоқ екендігі не себепті дұрыс түсіндірілмеген? Тізбектей берсек, көкейде сұрақ көп.

Бастысы, балалар денсаулығына қатысты мәселе туындаған жағдайда жауапты мекемелер жалтармаса екен дейміз.

Себебі, бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел болашағы. Олардың өміріне, денсаулығына, қауіпсіздігіне барлығымыз жауаптымыз.

Мамандар не дейді?

Мамандардың айтуынша, туберкулез — өте жұқпалы ауру. Ол адам ағзасында кох таяқшалары микробтарының көбеюімен дамиды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен жылы аймағымызда туберкулездің жаңадан анықталған 306 жағдайы тіркелген. Өкінішке қарай, балалар арасында туберкулезбен сырқаттанушылық 21,7 пайызға өскен. Мәселен, 2022 жылы облысымызда 0-18 жастағы 28 бала туберкулез жұқтырса, 2021 жылы осындай 23 жағдай тіркелген.

Көбінесе бұл дерт туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқастардан жұғады. Сырқат адам сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде айналаға қақырық тамшыларымен көптеген қоздырғыштарды шығарады да, сол арқылы өзгелерге таралады, дейді фтизиатр дәрігерлер. Бұл ауруды ерте анықтау үшін әр ата-ана өзінің де, балаларының да денсаулығына баса назар аударғаны жөн. Айталық, 2-3 аптадан асып, ұзаққа созылып кеткен жөтел, тез шаршағыштық, әлсіздік, тәбеттің және салмақтың төмендеуі, кеудедегі ауырсыну, түнгі тершеңдік, дене қызуының жоғарылауы сынды белгілер құрт ауруының көрсеткіштері болуы ықтимал. Мамандар осындай шағымдар пайда болған тұрғындарды уақыт өткізбей емдеу мекемесіне жүгінуге шақырады. Ондағы фтизиатр дәрігерлер тұрғындарды флюорографиялық тексеруден өткізіп, манту және диаскинтест сынамасын жасап, бактериологиялық әдіс (қақырықты зерттеу) арқылы аурудың бар-жоғын анықтауға көмектеседі.

Айта кетерлігі, елімізде туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші соңғы 10 жылда 2 есеге төмендеген. Соған қарамастан құрт ауруы әлі күнге дейін әлемдік денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан аурудан айығу жолдарын іздегенше, алдын алу ережелерін сақтаған әлдеқайда жеңіл, дейді дәрігерлер. Ол үшін нені білу керек?

— Бала туылғанда БЦЖ вакцинациясын салдыру, кейін 7 және 14 жаста ревакцинация алу керек;

— Жыл сайын 1 рет флюорографиялық тексеруден өткен жөн;

— Салауатты өмір салтын ұстану қажет. Яғни, дұрыс тамақтану,  жаман әдеттерден бас тарту, әрдайым спортпен шұғылдану, т.б;

— Жеке басының және қоғамдық гигиена қағида-ларын сақтауды да ұмытпаған абзал.

Осы аталған ережелерді үнемі есінде сақтап, мұқият орындаған адамдардан ауру алыс жүреді, дейді ақ желеңділер.

 

Нұржайна ШОДЫР