Бұрынғы көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың барлығы балаларының алғашқы сауатын медреседе ашқызып, Құран әліпбиін танытқан. Мысалы, қазақ зиялыларының, соның ішінде Алаш арыстарының қайбірінің өмірбаянын оқып отырсаңыз да, «ауыл молдасынан» білім алған деп басталады. Ондағы мақсат – балаларын медреседе оқытып, молда жасау емес, бір жаратушы Алласын танып, Алашқа адал қызмет етуге баулу деп білеміз.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ жастарының діни сауатын ашып, заманауи білімдерін жетілдіруіне Татарстан мен Башқұртстандағы оқу орындарының ықпалы зор болды. Сондай білім ордасының бірі — Уфа қаласындағы әйгілі «Ғалия» медресесі. Биыл талай қазақ баласының көкірегін ашып, жұлдызын жаққан сол медресенің ашылғанына 118 жыл болады. Иә, оқу орнының ресми статусы медресе болғанымен, онда діни білім берумен қатар, қоғамдық ғылым да оқытылған. Мысалы, физика, химия, жағрапия, алгебра, тарих, орыс тілі, педагогика сынды пәндердің де оқытылғаны тарихтан белгілі. Бір қызығы, 1906 жылы салынған осы «Ғалия» медресесінің ғимараты Башқұртстан астанасында күні бүгінге дейін тұр дейді кейбір дереккөздер. «Ғалия» медресесі ғылымға құштар жастардың білім алатын ордасы болып қана қоймай, олардың шығармаларының жарық көруіне де ықпал етті. 1911 жылы «Ғалия» медресесіндегі қазақ шәкірттерінің қаражатымен «Әліппе яки төте оқу» атты қазақша оқу кітабы жарық көрді.
ХХ ғасырдың басында ашылған «Ғалия» медресесі қысқа мерзім ішінде бүкіл Орта Азияға мәлім болып, әр елдің озық ойлы жастары ағылып келе бастады. Осы толқынның арасында Алаштың аяулы азаматтары Мағжан Жұмабаев пен Бейімбет Майлин де болды. Мағжан ақын «Ғалияда» 1910–1913 жылдары оқып, онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алған. Ал көрнекті жазушы, ақын, драматург Бейімбет Майлин 1913-1914 жылдары Троицкідегі «Уазифа» мектебінде, оны бітіргеннен кейін Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқиды. Медресе қабырғасында талапты жастармен бірге «Садақ» қолжазба журналын шығарысады. Алғашқы тырнақалды туындысы «Шұғаның белгісі» әңгімесі осы журналда жарияланады.
Белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің бір жазбасында мынадай дерек бар: «Мәселен, 1913 жылы «Ғалия медресесіне» 40-тан астам қазақ шәкірті келді. 14-і Семейден, 7-і Ақмоладан, 5-і Торғайдан, 6-ы Астраханьнан, 6-ы Жетісудан, 2-і Сырдариядан. Сонымен қатар Кавказдан — 5, Қырымнан — 2, Стамбұлтүркі — 1, Ауған түркімені – 1, деген дерек «Қазақ» газетінің 31 қарашасындағы санында жарияланды».
1913 жылы «Қазақ» газетінің, 8 және 15 желтоқсандағы сандарында «Емле хақында» деген тақырыппен мақала шыққан. Оған «Ғалияның» 17 шәкірті қол қойған дейді Тұрсынбек Кәкішев. Олар — Әбілғазы Иманбеков, Бекмұхамет Хұсайынов, Ахметжан Күзембаев, Ғайса Тоқтарбеков, Шаһмардан Ғұмаров, Нұғыман Манаев, Камалидден Жайсаңов, Ғаббас Қоңқаев, Нұржан Елепов, Хамза Ибрагимов, Мұнарбек Ермектасов, Мырзахмет Қожақланов, Зәкір Ғабдуллин, Маннан Тұрғамбаев, Молдахмет Ержанов, Қапан Ғабдылкереев, Хұсайын Ажаров. Бұл бір бөлігі ғана. Зерттеушілердің пікірінше, 1906-1919 жылдары жалпы саны 154 қазақ баласы білім алған.
Кейбір деректерде Қазақстанның Халық жазушысы, жерлесіміз Мұзафар Әлімбаевтың әкесі Аймағамбет Әлімбаевтың да «Ғалия» медресесінде оқығаны айтылады. Ол жөнінде М.Әуезов музей үйінде «Ғалияның» қазақ шәкірттері туралы өткен бір жиында баяндамашының сөзін естіп отырған Мұзафар ақын: «Сен айтқан Әбдірашит Әлімбаев менің әкем Аймағамбет болып жүрмесін. Ол кісі де медреседе оқыған еді» деп айтқан екен. Сонымен қатар, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ғұмар Қараш, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бекмұхамед Серкебаев, Таир Жомартбаев, Нұғыман Манаев сынды ұлт зиялыларының барлығы медреседе оқығаны баршамызға белгілі.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Ғалия» медресесінде оқыған жастарды қазақтың ерте оянған тобы» деп бағалаған екен.
Тілеуберді САХАБА