Биыл көзі тірісінде аңызға айналып, шипалы қолымен мыңдаған адамның дертіне дауа берген қасиет иесі Үміт Ақтанқызының туғанына — 100 жыл. Халық емшісінің мерейлі тойы Павлодар ауданына қарасты Үміт апа ауылында жоғары деңгейде тойланды. «Дертке шипа тапқан жан» тақырыбын арқау еткен шараға жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Тіпті, апаның емінен кейін аяғынан тұрған Ресей Федерациясы Омбы облысынан арнайы келген қонақтар да қатысты.

 

Үміт Сұбатылова 1924  жылы 22 маусымда Аққулы ауданы Мерғалым ауылында дүниеге келген. Емшілік қасиеті бойына анасынан дарып, емшілік жолды 1986 жылы бастайды. Өз заманында көмекке зәру адамдардың барлығын қабылдаған. Апаға елімізден ғана емес, Еуропа және Орта Азия елдерінен де талай адам ағылған. Үміт апа жылына 40 мың адамды аурудан айықтырған. Ем іздеп келген адамдарды қабылдау үшін шағын емхана, алыстан ат терлетіп келген жандар үшін жатақхана салдырған.

Үміт апаның мерейтойына жиналған жұртшылық ең алдымен зират басына барып, марқұмның рухына дұға бағыштады. Одан кейін апаның бастамасымен салынған мешітке келіп, құран оқыды. Үміт Ақтанқызы —
емшілік қасиетімен ғана емес, қайраткерлік істерімен де халық алғысына бөленген жан. Тоқырау жылдары тұрғындарға материалдық тұрғыдан көмек көрсетіп, халықтың рухани, діни тұрғыдан дамуына ерекше көңіл бөлген.

Үміт апа ауылындағы мешіттің имамы Ермұрат Қасенұлы Үміт апаның  мешіт салдыртып, балалардың діни сауатын ашқанын атап өтті.

— 1993 жылы Үміт апа түс көріп,  ол кісіге халыққа мешіт сал деп аян берген. Содан бұл істі бірден қолға алып, бар болғаны 2  жарым айдың ішінде ауыл халқының көмегімен мешіт салынады. Тәуелсіздік алған жылдары жағдай қиын болғанын білесіздер. Соған қарамастан апамыз балаларымыздың діни сауатын ашу үшін мешіт салдырып кетті. Алыстан келген жандар емнен кейін мешітке барып, тілек тілегенін қалады. Сол уақыттан бері мешіт халыққа қызмет етуде. Үміт апа артынан өшпес із қалдырып, Алланың үйін салып берді. Мешітте Үміт Ақтанқызының ғибратты ғұмырынан хабар беретін шағын бұрыш ашылған. Онда Үміт апаның киген киімдері, қолданған заттары, кітаптары, әшекей бұйымдары қойылған, — дейді Ермұрат Қасенұлы.

Мерейлі тойда Үміт апаның емінен айыққан жандардың қатары көп болды. Солардың бірі  Мичурин ауылының тұрғыны Роза Сағирова.

— Жас кезімде асқазанымнан қатты ауырып, Үміт апаға келген болатынмын. Ол кісі ашық сөйлейтін адам еді. Маған: «Қорықпа, жазыласың» деп айтты. Шынымен де, апаның емінен кейін құлан таза айықтым. Кейін әкем ауырғанда да апаға келдім. Бірақ ол кісі маған әкемді кеш әкелгенімді, ем қонбайтынын ашық айтты. Әкем 59 жасында жаман аурудан көз жұмды. Үміт апа ем іздеп келген адамның бетін ешқашан қайтармайтын. Қолынан келген көмекті көрсетті. Бір сіңлім 18 жыл бала көтере алмады. Қазір 16 жастағы қызы бар. Ол бала апаның емінің арқасында дүниеге келді. Үміт апаның емшілік қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Барлық адамға бір дәрі қолданған сияқты көрінетін, бірақ мәселе дәріде емес. Ол адамда емдейтін қасиет бар еді. Сол арқылы алдына келген адамдар аурудан айықты. Сонымен қатар, ерекше сұлу жан болатын. Бетіндегі сұлулығына қызығатын едік, — дейді Роза Сапарқызы.

Мерейтойға жиналған қауым Үміт апаның үйінің ауласында ұйымдастырылған мерекелік концертке қатысты. Мұнда ауылдың  өнерпаздары мен облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының әншілері арнау айтып, ән мен күйден шашу шашты.

Үміт апаның 100 жылдығына ерлі-зайыпты Михаил және Галина Артемовтер арнайы келген. Галина Үміт апаның емінің арқасында тірі қалғанын көзіне жас алып айтты.

— Апаның мерейтойына Омбы облысы, Полтава ауылынан келдік.  Осындай қасиетті елге ең алғаш 1996  жылы келдім. Ол кезде қатты сырқат едім. Ұлым 12 жаста ғана болатын. Маған дәрігерлер өмір сүрмейсің деген болатын. Сол уақытта таныстарымнан Үміт апа туралы естіп, жолдасым екеуіміз апаны іздеп келген едік. Үміт апаның зиратына жыл сайын келеміз. Ол кісіге деген алғысым шексіз. Апа біздің жүрегімізде мәңгілік сақталады. Мені аурудан айықтырып, отбасымды сақтап қалған адам. Ол кісінің жақсылығы ешқашан ұмытылмайды, — деді
Г.Артемова.

Бүгінде Үміт апаның ізгі жолын қызы Бақыт Рахметоллақызы жалғастыруда. Ол мерейтой күні Үміт апаның үйінің ауласында жиналған қауым анасының сол уақыттағы бір жұмыс күнін еске салғанын айтты.

— Үміт апа  ем алуға келген жандарды түнде де қабылдаған. Түнгі сағат 1.00-де оянып, таңғы сағат 4.00-ге дейін емделушілерді қабылдаған. Күніне тек 2 сағат қана ұйықтаған. Өзінің 20 жыл өмірін тек халықты емдеуге жұмсады. Мерейтойға жиналған адамдар Үміт апаның сол кездегі бір күнін еске салғандай болды. Дәл осылай аулада адам қарасы көп болатын. Бүгінгі шараның өтуіне ауыл тұрғындары бір кісідей атсалысты. Жиналған қауымға ризашылығымнан басқа айтарым жоқ, — деді Бақыт
Рахметоллақзы.

Мерекелік концертте Үміт апаның емінің арқасында дүниеге келген балалар да өнерлерін көрсеткенін атап өткен жөн. Шара соңында жиналған қауымға ас беріліп, жұртшылық Үміт апа туралы естеліктерімен бөлісті.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.