«Saryarqa samaly» газетінің журналисі Әбдеш Баймұрзин туралы
Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің тарихын сөз еткенде, өзімен қатарлас қызметкерлер мен ізін басқан бауырларының аузында ұзақ уақыт бойы жылы естеліктің кейіпкері болып айтылатын ағалар бар. Солардың бірі – Әбдеш Баймұрзин. Ұлы Отан соғысының қатысушысы, елге оралған соң көп жылдар бойы облыстық газеттің қабырғасында еңбек еткен қаламгер. Сөйтсе де, өзіндік тағдырының сыры толық ашылмаған, «бір кездері алашоршыларды жақтаған» деген айып тағылған. Партияға да өтпеген, бірақ жоғары қабілетімен редакцияда бөлімге жетекшілік еткен. Ол сондай-ақ «соғыс ардагері» ретінде бірден танылмай, солақай саясаттың кесірін тартқан жан.
Еңбекпен есейіп, майданда шыныққан
Ресми деректерге сүйенсек, Әбдеш Баймұрзин Баянауыл ауданының Шақшаң ауылында 1916 жылы туған. Еңбек жолын 16 жасында бастаған ол бүкіл саналы өмірін баспасөзге арнады. Ұлы Отан соғысына қатысты.
ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталды. Ол соғыстан кейін де журналистік қызметін одан әрі жалғастырды. Қарағанды, Жамбыл облыстық газеттерінде қызмет істеді. Одан кейін Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде қырық жыл бойы еңбек етті. Жасы ұлғайса да, Әбдеш Шәкенұлы редакция ұжымы қатарында 1988 жылға дейін еңбек етті. Әрқашан сергек, қамқор жан, адал болды. 1992 жылы 2 желтоқсанда 76 жасында дүниеден озды.
Ә.Баймұрзин — КСРО Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан журналистер сыйлығының иегері.
Өзінің қолымен жазылған автобиографиясында Әбдеш Баймұрзин анасынан 2 жасында жетім қалып, әкесінің қолында тәрбиеленгенін айтады. Әкесі 1932 жылы қайтыс болған. Үлкен ағасы Абдрахман 1930-1941 жылдар аралығында Қарағанды қаласында қасапшы болып жұмыс істеген. 1941-45 жылдар арасында Павлодар қаласына келіп, осында қара жұмысшы болып, 1946 жылы дүние салған. «Менің туыстарымның арасынан ешкім ешқашан қылмыстық жауапкершілікке тартылған емес, ешқандай репрессияға ұшырап, сайлау құқығынан айырылған емес, ақ үкіметтің әскери мекемелерінде ешкім қызмет істеген емес» деп жазады Ә.Баймұрзин.
Әбдеш Шәкенұлы 1924-1928 жылдар аралығында Баянауыл ауданында бастауыш мектепте оқып, әрі қарай 1928-1930 жылдары Ертіс ауданында колхоз жастары мектебінде оқиды. 1930-1932 жылдары Қарағанды облысы Қарқа-ралы ауданында кооперативтік техникумда білім алады. Еңбек жолын 1932 жылы Қарағанды облысы Шет ауданының тұтыну одағында инспектор болып бастап, 1935-1937 жылдары Шет аудандық коммунистік партия комиетінде іс басқарушы болып істейді. 1937 жылдың 15 қыркүйегінде Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газетіне әдеби қызметкер болып ауысады.
Осы уақыттан бастан Әбдеш Шәкенұлының журналистік жолы бастау алады. 1938 жылы 19 тамызда Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторынан қызметке шақырту алады. Осылайша, 1938 жылдың 20 қарашасынан бастап Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің әдеби қызметкері іске кіріседі, кейін бөлім меңгерушісі болады.
Кейін өзінің газет мерейтойына арнап жазған естелік мақаласында Ә.Баймұрзин былай деп еске алады:
«Бұл 1938 жылғы сентябрьдің бас кезі болатын. Келсек, газет әлі де ұйымдастыру, қалыптастыру кезеңінде екен. Жағдай нашар, «Қызыл ту» мен «Большевистский путь» («Звезда Прииртышья») газеті бір шатырдың астында төрт бөлмелі ағаш үйде екен. Баспахананың халі де өте нашар болды. Газет әуелі латын әрпімен, кейін орыс әрпімен шығатын болды. Қашан жаттыққанша газеттің бір бетінің жартысы латын әрпімен, қалған жартысы осы күнгі әріппен теріліп, шығарылатын еді.
Редакция қаламы ұшталған кадрлармен толығып, «Қызыл ту» облыстық газетінің дәрежесіне дейін көтерілген сәтте неміс фашистері 1941 жылы тұтқиылдан соғыс бастады да, бейбіт өмір, бейбіт еңбек түгелдей соғыс мүддесіне жұмылдырылды. Газет те өз қызметін қайта құрды. Төрт беттік газет қайтадан екі бет болып шыға бастады. Қызметкерлердің қатары сиреп, азая бастады. Бұрын әскери қызметте болған ақын Қажыбай Дүйсенов, журналист Мәдетбек Сексенбаев, редактордың орынбасары Нұрлан Қорабаевтар соғыс басталысымен, бір аптадан кейін майданға аттанды. Арада бір ай өткен кезде бөлім меңгеруші-лері Әнуар Әлкенов, Дәулетияр Мерғалиев, меншікті тілші Құсайын Мұхамеджанов, әдебиетші Қабдан Қуандықовтар қаламдарын қарумен алмастырып, әскер қатарына алынды. Сондықтан бір қызметкерге екі-үш адамның қызметін атқаруға тура келді. Уақытпен санасу соғыс басталысымен ұмыт болған…».
Ә.Баймұрзин 1942 жылы 15 наурызда майданға алынып, 12-нші атқыштар бригадасы құрамында шайқасқа араласады. Ұрыс барысында контузия алып, емделіп, кейін еңбек армия-сына жөнелтіледі. 1945 жылдың 1 желтоқсанында елге оралып, Павлодар облыстық газетіне өнеркәсіптік бөлімнің басшысы болып орналасады. Арада 5 жыл өткенде «Қызыл ту» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімін басқарады. Жоғарыда айтып өткендей, содан бері қырық жыл бойы редакцияда тапжылмай еңбек етті.
«Барлық жанрда жаза алады»
1950 жылы 17 наурызда облыстық «Қызыл ту» газетінің жауапты редакторының орынбасары А.Әукенов тарапынан берілген мінездемеге сәйкес, «жолдас Баймұрзин редакция аппаратында 1938 жылдан бері, өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі болып 1946 жылдан, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болып 1949 жылдың қараша айынан бері істейді. Өз міндеттемелерін сәтті орындайды, адал қарайды. Газет қызметкері ретінде үздіктердің бірі болып есептеледі. Ол газеттің барлық жанрларында – жаңалықтар, очерктер, әңгімелер мен фельетондар түрінде беруге қабілетті».
Бұл енді — жалпы ресми мінездеме. Одан бөлек, Әбдеш Баймұрзиннің журналистік шебер-
лігі мен адамгершілік болмысы туралы сол кезеңде бірге істеген әріптестері мен жас толқын өкілдерінің естелікте-рінде жиі кездеседі. Бұл да болса кейіпкеріміздің «Қызыл ту» газетінде еңбек еткен көптеген журналистер арасында өзіндік орны мен беделі болғанын көрсетсе керек.
Әбдеш Шәкенұлымен 8 жыл бірге бір бөлмеде отырған жас маман Социал Әйтенов өз естелігінде ағасының кәсібилігі, мінез-құлқы туралы жазып өткен.
«Қайран Әбекең! Мінезі алақұйын осы бір тентек шалмен (әрине, жақсы мағынасында) бір кабинетте бірге отырып сегіз жыл ың-шыңсыз шығармашылық одақта жұмыс істегеніме көңілім ырза. Ол кезде Кереку өңірі ну құрылыс алаңына айналып, алып өндіріс орындары, еңселі ғимараттар мен көп қабатты әсем үйлер бірінен соң бірі іске қосылып жататын. Екібастұзда отын-энергетика алы-
бының даңқы күн сайын келісті көрсеткіштермен айшықталып жатты. Енді Екібастұз менің ат басын жиі тірейтін мекеніме айналды. Дегенмен Әбекеңнен кейін ол жақтан бірдеңе жазу — бос әурешілік. Әбекең әлдебір бастықтай «ананы былай істе» деп, өзіңе салмақ салғаннан гөрі ісімен үлгі көрсететін қасиеті бар болатын. Мені дәл осылай еңбек етуге тәрбиелей бастағанын ішім сезді. Айтқанын екі етпеуге тырыс-
тым. «Жазуға бейімің бар, соны кәдеге жарату керек» дегенді көп айтатын. Әбекең — аса кірпияз жан. Үнемі таза жүреді, үстіне қыл жуытпайды. Өз жұмысына тиянақты болғандықтан, бізден де соны талап ететініне ешкімнің таласы жоқ. Бүгін барған жеріңнен жазған материалың ертеңінде алдында жатпаса, ішкен асың бойыңа сіңбеді деп біле бер» деп айтатын, дейді Қазақстанның Құрметті журналисі, еңбек ардагері Социал Әйтенов.
Расында, өндіріс тақырыбын жазу – ауылда өскен, бұрын ірі кәсіпорындардың бірінде істемеген жас журналистерге күрделі көрінеді. Оны айтасыз, осы редакцияда көп жыл тілші болған ағалардың да тісі батпайтын.
«Сарыарқа самалы» газетінде бозбала шағында келіп, зейнет жасына дейін ұзақ уақыт қызмет еткен ардагеріміз Өскенбай Тастемханов та өз естелігінде былай дейді: «Ұзақ жылдар өнеркәсіп бөлімін басқарған Әбекең өз саласын бес саусақтай білді. Сол кездері облысымызда өнеркәсіп саласы қатты дамыды десек, осы өзгерістің бел ортасында жүрген — Әбекең…. «Жастар, сендер жалқаусыңдар. Редакциядан шықпайсыңдар» деп біздің намысымызға тиетін. Осы себеп болған шығар, мен трактор зауытының болат балқыту цехында болып, бірнеше репортаж жазып, әріптестер тарапынан мақтау сөздер естігенім бар. «Көрдің бе, Өскенбай, бұл — жетістік. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» деп халқымыз тегін айтпаған, — деп Әбекең мені мақтап қойды» («Ағалардың аялы алақаны» естелігінен).
Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сарыарқа самалы» газетінің ардагері Ғалымбек Жұматов жас кезінде аға журналист Әбдеш Баймұрзиннен алған өнегесін үнемі айтып отырады. «Менің жас кезімде өнеге тұтқан ағаларым деп ойласам, алдымен есіме түсетіні – Әбдеш Баймұрзин есімі. Қаламгерлігінің өзіндік ерекшелігі болатын. Сол ерекшелігінің бірі болар, әрбір оқиғадан өзінше тұжырымдар жасап отыратын», — деп еске алады.
Елімізге танымал журналист-қаламгер Нұртөре Жүсіп газетімізге үнемі мерейтойлық естелік мақала сұрағанымызда ағалардың есімдерін ұмытпай, атап жазуды бұлжымас міндетіне айналдырған. Н.Жүсіп –
1984 жылы Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде алғаш еңбек жолын бастаған көсемсөзші.
Қай уақытта болмасын ол Әбдеш Баймұрзиннің есімін жылы лебізбен жазады.
«Ауыл шаруашылығы бөлімінің тілшісі ретінде еңбек жолымды бастадым. Жас журналист ретінде алдыңғы буын ағалардың аялы алақанының жылуын сезіндім. Кабинетте пысылдап жұмыс істеп отырамыз. Бір кезде ақырын ғана басып, Әбдеш Баймұрзин ағамыз есіктен ішке енеді. Жұмыстан бас алмай жатқан бізге қарап:
— Ия, жаз-жаз. Кәкір-шүкір дүниелермен осы совет журналистикасын көгертем деп отырсың ба? –
дейді Әбекең. Не істерімізді білмей, дағдарып отырып қаламыз. Былай қарасақ, әжептәуір нәрсе жазып жүрген тәріздіміз. Сақалды басымен мына кісінің айтатын әңгімесі мынау.
«Жаза бер. Неге тоқтадың? Сендер-ақ көгерте қойыңдар сәбет журналистикасын,» — деп шал шығып кетеді. «Партияда жоқ, сонда да бөлім меңгерушісі болған… Кезінде Алашордашыларды жақтаған екен… Сонда да мықты!» деген сөздерді естиміз. Әбдеш ағамыз өстіп жүріп бізге сол тұста есімдері онша көп айтылмайтын, тіпті мүлдем біз естімеген адамдар туралы айтатын. Жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың есімін тұңғыш рет сол кісіден естідім.
Әбекеңнің әңгімелері қызық. Кілең ұлттық мәселелерді айтады. Совет журналистикасының лепірме сарынынан жиренетіні анық аңғарылады. Оған біз таң қаламыз. Кей кезде Әбдеш ағамыздың «өлмейтін, өшпейтін дүние жазсаңдаршы!» деген талабын есіме аламын. «Көбік сөзді журналистикадан гөрі ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау деген мәселені жоғары қою керек» деген Баймұрзин айтқан сөздер жадымда жатталып қалды», дейді естелік әңгімесінде Нұртөре Байтілесұлы.
Тарихи естеліктердің бір парасын ақтарып отырып сол уақытта редакцияда еңбек еткен көптеген жас тілшілер өнеге танытқан аға журналист ретінде Әбдеш Баймұрзиннің есімін айтатыны тектен-тек болмаса керек деп ой түйдік. Оның барлығын мысалға келтіріп жату артық болар.
Соғыс ардагері атағын зорға алды
Әбдеш Баймұрзиннің тағдырында бір құпия тұстар болғанын да айтып өтуіміз керек. Бұл туралы еңбек жолын дәл осы Баймұрзин жетекшілік еткен бөлімнен бастаған тағы бір ардагеріміз Бәкең – Бақыт Баймұратов жазып кеткен еді.
«Әбең өмірден көрген-түйгені мол, тірі тарих, әңгіме айтуға шешен, аталы сөздерімен жастарды аузына қаратқан от ауызды, орақ тілді нағыз журналист болатын. Ел аузынан естіген, газет-журнал, кітаптардан оқыған тағылымды аңыздарды жиыстырып, оны топ алдында, көпшілік жиналған жерде әсірелеп айтып жүруіме жол көрсеткен де Әбдеш ағамыз еді. Тағылымды әңгімелерді көбірек білуіме, дәмдеп айта жүруіме Әбдеш аға ұйтқы болды» деп ағынан жарылып, ерекше бір қасиетін кейінгі ұрпаққа айтып кетті.
Біз архивтік деректермен таныса отырып, Әбдеш Баймұрзиннің «Жетекші кадрларды есепке алу парағынан», суреті тұсында бір ескерту жазылғанын аңғардық. «В связи с наличием компроматериалов. 20.V.51» деп орысша жазылып, шетіне қол қойылған. Бұл түйткілдің сырына Бақыт Баймұратов ағамыздың естелігін оқығанымызда түсінгендей болдық. Онда: «Өкінішке орай, тірі кезінде Баймұрзин Әбдеш ағаның құпияға толы тылсым ғұмырын өз аузынан ести алмай кеттім. Ол кісі соғыстың азапты тағдырын бастан кешірсе де, соғыс ардагері дегенді естімеді. Партияға адал болса да, коммунист бола алмады» делінген.
Газет ардагері Социал Әйтеновтің жазбасында осы мәселенің беті ашыла түседі. Ардагер Ә.Баймұрзиннің осы түйткіліне тоқталады: «Бір күні Әбекең маған ешкімге айта қоймаған сырын ағытты. «Жүрек түкпіріңде жүрсін, ешкімге тіс жармассың» әрі біреу кіріп келер деп қауіптенген болу керек, кабинеттің ішкі есігінің кілтін тарс жапты. «Соғыста жүргенде қоршауға қалай түскенімді қалай жасырсам да үндеместер түрткілеп жүріп тауып алды. Олар да сырға берік жан ғой. Сыртқа дабыра қылмаған сыңайлы. Бірақ біздің ұжымда редактордың іші сезетін болу керек. Бұрынғы басшымыз О.Құдышевтің өзі — көрші елде барлау саласында істеген жан. Сол кісі бәрін реттеген болатын. Менің ешқандай кінәм жоқ. Абайсызда қоршауда қалғанымыз рас. Соны көзге күйік қыла беретіндер, мені соғыс ардагерлері қатарынан аластағысы келетіндер әлі бар арамызда». Әбекең демін ішіне тарта сәл күрсінді. Мен ойланып қалдым. Тиісті орындарға хабар-ласудың, анықтаудың онша ауырт-палығы болған жоқ, кадр жағын басқаратын Қиса Арықовпен ақылдасып, құжаттар толтырылды да, тиісті мекемеге тапсырылды… Арада көп уақыт өткен жоқ. Әскери комиссариаттан «Әбдеш Баймұрзин соғыс ардагері» деген куәлік қолына тигендегі қуанышын сөзбен айтып жеткізу қиын. Содан кейінгі кезеңде Әбекең соғыс ардагері ретінде ортамызда жайраңдап отыратын болды» деп жазған екен қаламгер інісі Социал Әйтенов.
Еңбегін республикада жариялады
Біз осы мақаланы әзірлеу барысында көптеген тарихи деректер мен естеліктерді жүйелей келе, «Қызыл ту» газетінің 1940-1980 жылдардағы әйгілі журналистерінің бірі — Әбдеш Баймұрзиннің қазақ журналистикасы саласындағы қолтаңбасы айқын екеніне көзіміз жетті. Ол кісі тек облыстық басылыммен шектелген жан емес. Оның еңбек адамдары туралы толғана жазған очерктері респуб-ликада кең тараған «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз» журналына жиі жарияланып тұрды. Бүгінде облыстық мемлекеттік архивтің берген дерегінше, Баймұрзин Әбдеш Шәкенұлының машинкамен терілген, қазақ тілінде жазылған «Кенжебек батыр» (18 беттік), «Ұмытылмас 164» (15 беттік) әңгімелері, «Партизан хикаялары» атты (55 беттік) деректі повесі бары белгілі болып отыр. Олардың баспа бетін көрген-көрмегенін айта алмаймыз. Ал жарияланған еңбектері қатарында 1972 жылы Алматыда «Қазақстан» баспасынан шыққан «Самғау» («Уақыт биографиясы») жинағында Ә.Баймұрзиннің «Ермак оттары» атты очеркі бар екен. Сондай-ақ автордың мақалалары жарияланған КСРО көлеміне белгілі, республикалық орыс тілді «Правда», «Казахстанская правда», облыстық қазақ тілді «Қызыл Ту» газеттерінің 1962, 1963, 1966-1979, 1985 жылдарғы тігінділері сақтаулы. Сондай-ақ бірқатар журналдарда жарияланған еңбектері бар. Мақала барысында сөз еткендей, Әбдеш Баймұрзин негізінен өнеркәсіп дамуын, яғни сол кездегі Ақсу және Екібастұз қалаларының, Павлодар өңірінің зауыттары мен өндірістері, еңбек адамдары туралы тарихи шежіре жазып қалдырды. Осы аталған қалалардың билігі журналист еңбектерінен бір кітап-жинақ шығарса, рухани қазынаның бір тұсы түгенделер ме еді деп ойлаймыз.
Қорыта келгенде, КСРО Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Әбдеш Шәкенұлы Баймұрзиннің өмірлік жолы мен «Қызыл ту» газетіндегі еңбегі туралы барынша қамтып жазуға тырыстық. Бұл – кешегі ел басына күн туғанда қаламын тастап, қару асынған, кейін елге оралған соң қайтадан еңбек көрігін қыздырған майталман ағалар алдындағы бір парызымыз деп түсіну керек. 2019 жылы «Saryarqa samaly» газетінің 90 жылдық мерейтойы аясында Әбдеш Баймұрзинге өзі тұрған Павлодар қаласындағы Торайғыров көшесі, 65-үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.
Батыр журналистеріміз әрдайым ел есінде, халық жүрегінде, өзі еңбек еткен қара шаңырақтың жадында жаңғырып тұра бермек.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері.