Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі елімізде бағасы қымбат зерттеу-
лер мен жоғары технологиялық қызметтерді алу мүмкіндігі пайда болды. Көрсетілетін қызметтер саны кеңейіп, зертханалық қызмет тізімі енгізілді. Бұрын болмаған консультациялық-диагностикалық қызметтерге жеке қаражат бөлінді. Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана — МӘМС аясында тұрғындарға қызмет көрсетіп жатқан емдеу мекемесінің бірі. Жақында аурухана басшысы Арман Мұсабековпен тілдесіп, тұрғындар арасында сақтандыру жүйесіне қатысты түсініспеушілік тудырған мәселелер мен МӘМС-тің тиімділігі жайында әңгімелескен едік.
— Арман Төлегенұлы, өзіңіз басқарып отырған емдеу мекемесі МӘМС аясында қандай қызмет көрсетеді?
— Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана дәрігерлері аймақ тұрғын-дарына стационарлық, амбулато-риялық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. Біз тегін медициналық көмектің мемлекеттік көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жұмыс істейміз. МӘМС жүйесі негізінде емделушілер травматологиялық және ортопедиялық хирургиялық араласулардан, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмектен кейін денсаулығын қалпына келтіру үшін медициналық оңалтудан өтеді. МӘМС жүйесінде сақтандырылған адамдар бағасы қымбат тұратын жоғары технологиялық қызметтерді тегін алады. Емхана тіркеуінде тұрмайтын адамдарға тұрғылықты жері бойынша емханалардан жолдама әкелген жағдайда барлық диагностикалық қызмет тегін жүргізіледі. Өткен жылы ауруханада 18 мыңға жуық науқасқа қызмет көрсетілді. Оның ішінде 13 мыңға жуық адам МӘМС аясында тегін емделді. 166 мың тұрғынға консультативті-диагностикалық қызмет көрсетілді. Оның ішінде сақтандырылған 105 мыңнан астам адам ақысыз ем-шара қабылдады.
— Облыстық ауруханада ем қабылдау үшін жолдаманы қалай алуға болады?
— Науқастарға жолдаманы тіркеуде тұрған емхана береді. Сол жолдама аясында ауруханадағы мамандарға жазылуға болады. Бұл ретте 8(7182) 66-40-05, 52-04-98, офтальмология бөлімшесінде 8 (7182) 51-80-90, 62-93-04, тері-венерологиялық орталықта 8 (7182)22-38-22 нөмірлері жұмыс істейді. Егер емделушіні стационарлық негізде емдеу қажет болса, «емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы ауруханаға жатқызамыз.
— Сіздің ойыңызша, медицина саласына МӘМС жүйесі енгізілгелі бері не өзгерді?
— МӘМС жүйесі денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды едәуір арттырды. Қымбат диагностикалық, зертханалық қызметтер, жоғары технологиялық көмек, травматологиялық және ортопедиялық хирургиялық араласулардан кейінгі медициналық оңалту МӘМС жүйесінде сақтандырылған барлық азаматқа қолжетімді болды. Тұрғындар ай сайын аз мөлшерде жарна аударуы арқылы бағалы ем шараларды, оталарды тегін алады. Олардың бір жылда жинаған жарнасы емге жұмсалған қаражаттың 10 пайызын ғана құрауы мүмкін. Мәселен, ауруханада 1984 жылғы ер адамға құны 1,5 млн теңгеден асатын ота жүргізіліп, жамбас буыны ауыстырылды. Ол мұндай бағалы отаны МӘМС аясында тегін алды. Ал 1959 жылғы әйелге гематологиялық бөлімшеде құны 4,8 млн теңгеден асатын ота жүргізілді. Егер МӘМС жүйесі болмаса, мұндай күрделі оталарды қалтасынан қаржы төлеп жасайтын еді. Сондықтан сақтандыру жүйесі жұртшылық үшін өте тиімді болып отыр. Тұрғындар өздеріне қажетті емхананы өздері еркін түрде таңдайды. Қазір ауруханалар мен емханаларда заманауи технологиялар да жаңаруда. Жолдама аясында кез келген емдеу мекемесінен тексеруден өте алады.
— Тұрғындардың ішінде сақтандыру жүйесіне жарна аударса да, медициналық қызметті пайдаланбайтындар бар. Олар ай сайын жарна аударса да, оны жұмсамай жатады. Бұған не айтасыз?
— Жұртшылық арасында осындай пікір қалыптасқанын білемін. МӘМС-ке сол үшін де наразы болады. Жалпы, МӘМС — жинақтаушы жүйе емес. Дербес шотты көздемейді, тек ынтымақтастық қағидаты бойынша жұмыс істейді. Тұрғындардың арасында жыл сайын жиналған жарна өзіне ғана жұмсалса деген де пікір бар. Бірақ ол мүмкін емес. Сақтандырылған адам кез келген уақытта медициналық қызметті тегін ала алатынын ескеруі керек. Жоғарыда айтқан, құны қымбат оталар да тегін жүргізіледі. Бағалы оңалту шарасына да ақы төлемейді. МӘМС-тің маңыздылығы осында болып отыр.
— Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Айдана ҚУАНЫШЕВА.