Елімізде байлыққа салық салу мәселесінің көтеріліп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Соңғы үш жылдың көлемінде жиі қозғалып келген бұл мәселенің нақты түйіні қашан тарқары әлі белгісіз. Бірақ биылғы жылы сең қозғалатын сыңайлы. Еліміздің қаржы министрлігі жуырда «Байлық салығын енгізу жоспары» жүзеге асатынын мәлімдеді. Жалпы, байлыққа салық салу туралы заң қабылдау қажет пе? Байлықтың мөлшері қалай анықталады? Оны қандай мөлшерде төлеу керек? «Алаң» қатысушыларының талқысына салып көрелік…
Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР Президентінің кеңесшісі (пікір интернеттен алынды):
— Байлыққа салық салу туралы сұрақтар бірнеше жыл бұрын көтерілген. Себебі біздің негізгі мақсатымыз – экономиканың дамуына үлес қосу, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін салықтық жүктемені қарастырып отырамыз. Ол үшін байлықтың деңгейін анықтау керек. Байлық деген не? Ол қандай сомадан басталады? Қанша жалақыдан басталады? Көлемі қандай болады? Бірақ өздеріңіз көріп отырғандай, қазіргі салықтың өзі дифференциалды түрде салынады. Мысалы, 100 мың теңге алатын адамға – 10 мың теңге (10 пайыз), 200 мың теңге алатын адамға – 20 мың теңге (10 пайыз). Сол себепті салықтың қазіргі шкаласында кім көп жалақы алса, соған байланысты салықты да көп төлейді. Кез келген кәсіпкер ен байлығын жасырып, қандай да бір күмәнді схемаларға бармауы керек. Біз мұны қарастырамыз. Қарапайым қазақстандықтар үшін салық жүктемесін көбейтпейміз.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ, «Жебе» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
— Қазіргі таңда ел ішінде салық та, түрлі айыппұл да көбейіп кетті. Халық арасында «мемлекет тек алуды ғана біледі» деген түсінік қалыптасып келеді және бұл — заңды түсінік. Алдымен байларға салық салу қаншалықты маңызды деген сұраққа жауап беріп көрелік. Бұл салықтан халыққа тиер пайдасы бар ма? Бір ғана мысал келтіре кетейік, қазір «ескі Қазақстан» өкілдерінен заңсыз алынған активтері өкіметке, елге қайтарылып жатыр деп көп айтылады. Бәленбай миллион, бәлен миллиард тәркіленді деп жатады. Бірақ, соның барлығы қайда кетіп жатыр? Ол байлықтың бәрі халықтың игілігіне жұмсалып жатыр ма, жоқ, әлде бір қолдан алынып, екінші қолға өтіп жатыр ма? Алдымен осы мәселені бағамдап қарап алуымыз қажет. Жуырда ғана Мәжілісте осы сұрақ көтерілген болатын. Мысалы, Алматыдағы аты шулы «Алтын Орда» базары «ескі Қазақстан» өкілдерінен тартып алынғанымен, оны Қаржы мониторингі агенттігінің лауазымды шендісі өз атына көшіріп алған. Бұл — нонсенс. Қайтарылған заңсыз активтер де дәл солай. Халық оның қайда кетіп жатқанынан бейхабар. Сол себепті салықты көбейте беруді құптамаймын. Есесіне кәсіпкерлердің әлеуметтік жауап-кершілігін күшейту керек.
Айнаш ЖАСҰЛАНОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:
— Мысалы, шетелдерде салық тек ірі табысы бар байларға, миллиардерлерге салынып, олардың көпшілігі заңға бағынып, салық төлесе, бізде керісінше, бай-манаптар салық төлемеуі үшін барлығын жасап бағады. Елде салық төлеуге келгенде, екі түрлі есеп-қисап ұсынатындар көп. Сондықтан, алдымен елдегі жасырын салық көздерін әшкерелеп алу керек. Елімізде жұмыс берушілер мен жұмысшы арасындағы өзара келісім бар. Жұмыс берушілердің өз қарамағындағы қызметкерлерді кемітіп көрсетуі жиі орын алады. Осының салдарынан заң бойынша табыс салығы да, әлеуметтік салық та төленбейді. Мұнымен қоса, біздегі бай-манаптардың иелігіндегі кәсіпорындар нөлдік көрсеткішпен есеп береді. Табысын жасырады. Кірісін азайтып көрсетеді. Байлығын жасырған осындай байшыкештерге мұндай заң міндетті түрде қабылдану қажет деп санаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек МҰҚЫШЕВ.