Биыл көктемде еліміздің бірқатар өңірі еріген қар суынан зардап шеккені белгілі. Олардың қатарында Павлодар облысы да бар. Ақтоғай ауданына қарасты Жалаулы ауылындағы бес бірдей баспана мүлде қалпына келтіруге жарамай қалған еді.
Мұнда барлығы 14 тұрғын үй су астында қалған-ды. Оның тоғызын қалпына келтіруге мүмкіндік болды. Осы мақсатта жергілікті билік тарапынан тиісті өтемақы берілді. Ал бес баспана ретке келтіруге жарамсыз деп танылды. Сондықтан олардың орнына ауыл ішінен жаңа тұрғын үйлер салу ұйғарылды.
Сөйтіп, сәуір айында жаңа үйлердің негізі қаланды. Арада үш айға жетер-жетпес уақыт аралығында олардың құрылысы толығымен аяқталып, күні кеше пайдалануға берілді. Бұл баспаналар биік жерде салынды. Сондықтан енді су тасқынына төтеп беруі тиіс. Ал баспаналардың әрқайсысына 10 сотық, 0,1 гектар жер үлестірілді.
Құрылыс барысын баспанасыз қалған тұрғындардың өзі тікелей тексеріп тұрды. Жалаулы ауылының азаматы Серік Ахметов мамандар белгіленген жұмысты уақытылы әрі сапалы атқарғанын айтады.
— Көктемде қар суы еріп, үйге кіргенде абдырап қалғанымыз рас. Күллі өңір жұртшылығы сол бір қиын сәтте қолдан келгенше көмек көрсетіп, аянып қалған жоқ. Облыс, аудан мен ауыл басшылығы да жан-жақты демеу көрсетті. Соның нәтижесінде бүгінде жаңа үйдің кілтін қолымызға алып отырмыз. Құрылыс барысын үнемі бақылап, мамандармен тілдесіп, ақылдасып отырдық. Үйіміз үлкен, ыңғайлы жерде орналасқан. Осы іске атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын, — дейді Серік Ахметов.
Сол сияқты көпбалалы отбасылар, «Күміс алқа» иегерлері — Сматаевтар, Баймановтар, Муллин және Дайырбековтердің үйлерін де қалпына келтіруге келмеді. Олар да жаңа баспаналарға жайғасты.
Айта кету керек, бұл үйлердің құрылысына ERG тобы мен «ОАЭК» АҚ демеушілік қаражат бөлді. Ал жергілікті «Стальмонтаж» компаниясы аз уақыт аралығында салып берді. Қолданылған материалдардың 80-85 пайызы — павлодарлық өнім. Олардың қатарында газдалған бетон, көбік оқшаулау, силикат кірпіш, металл плитка, іргетас блоктары және тағы басқалары бар. Үйлердің ішіне орталық су желісі тартылып, жылуды ұзақ уақыт сақтайтын пештер орнатылған.
— Үйлері зардап шегіп, апатты деп танылған адамдардың бүгін қоныс тойларын тойлап жатқанда-рына қуаныштымын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз сіздердің ауыл-дарыңыздағы төтенше жағдайдың салдарын барынша жоюға тырыстық. Қиын кезеңдерде шыдамдылық танытқандарыңыз үшін баршаңызға рақмет, — деді салтанатты шара барысында жаңа баспана кілттерін табыстаған облыс әкімі Асайын Байханов.
Демеушілердің бірі — «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ бас директоры Дүйсен Мерғалиев те тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.
— Жалаулы ауылындағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға шама-шарқымызша көмектесу әлеуметтік жауапкершілігіміз деп білеміз. Соның аясында құрылыс жұмыстарына қаржы бөліп, оның барысын да бақылап отырдық. Мердігер компанияны бұрыннан білеміз. Біздің кәсіпорындар да сапалы қызмет атқарды. Сондықтан жаңа үйлер тұрғындарға да жайлы болады деп ойлаймын, — деді ол.
Қоныс иелеріне облыстағы әр түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, кәсіпкерлер тарапынан тоңазытқыш, теледидар, кір жуатын машина, ас үй плитасы сынды тұрмыстық техникалар сыйға тартылды.
Жалаулы ауылындағы төтенше жағдай алдағы уақытта қайталанбас үшін жергілікті билік бірден кешенді жұмыстарға кірісті. Мұнда көлемі 200 мың текше метрге дейін жететін еріген қар суы жиналатын үш қазаншұңқыр салынады. Әрқайсысының тереңдігі — үш метр. Бүгінгі таңда екеуі дайын. Тағы біреуі таяу уақытта әзір болады. Мұндай қазаншұңқырлар ауылды тағы да су басуының алдын алады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА, Жалаулы ауылы, Ақтоғай ауданы.