Жаздың алғашқы күнінен-ақ дүкен сөрелері мен базарларда, көше бойында қауын-қарбыз саудаға шықты. Қазіргідей күннің аптап ыстығында жұртшылықтың осы көкөністерге құмар болуы ақиқат. Бірақ піспеген қауын-қарбыздан уланып қалу қаупі тағы бар. Осы орайда, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласып, «Қарбызды жеуге бола ма?» деген сауалды жолдадық.
Департаменттің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 20 мамыр — 20 маусым аралығында «Қауіпсіз тағамды таңда» атты облыстық акция ұйымдастырылған. Оның аясында көкөністердің құрамына 115 зерттеу жүргізілген. Зерттеу нәтижесінде қарбыздың құрамынан нитрат анықталмаған.
Департамент мамандары тұрғындарға қауын-қарбызды сатып аларда төмендегі кеңестерге құлақ асуды сұрайды. Қарапайым ережені сақтау арқылы адам өзін уланудан қорғай алады. Бұл ретте қарбызды сенімді сатушылардан сатып алу керек. Ең қауіптісі – жол бойындағы сатушылардан қарбыз алу. Оларда өнімнің сапасын растайтын құжат болмайды. Автокөліктерден шыққан газдардың құрамындағы улы заттар қарбыздың жұмсағында жиналуы мүмкін. Ал дүкендегі сатушыларда қажетті құжаттардың бәрі болуы шарт. Қарбыз сатып аларда оның қабығына мән берген абзал. Көкөністің сырты қатты әрі бүлінбеген болуы керек. Сондай-ақ, қарбыздың кесілмегені дұрыс, себебі пышақпен тілген кезде микробтар мен улы заттар өнімге оңай енеді.
Қарбызды сатып алғаннан кейін сыртын жақсылап жуу қажет. Жеген соң қалғанын тоңазытқышта сақтаған жөн. Туралған қарбызды бір тәуліктен артық сақтамаңыз. Оны келесі күні жеген адам уланып қалуы мүмкін. Себебі, қарбызды бірнеше күн сақтауға болмайды. Егер көкөністің дәмі ұнамаса, бірден жеуден бас тартыңыз. Астан уланып қалған болсаңыз, дереу дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Мұндай жағдайда өздігінен ем қабылдауға болмайды.
— Зерттеу жұмыстары кезінде қарбыздан нитрат анықталмады. Бірақ тұрғындар көкөністі жеген кезде жоғарыдағы ескертпелерге құлақ асқаны абзал. Қарбызды сенімді жерден ғана сатып алыңыздар, — дейді департамент өкілдері.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.