Облыс орталығындағы ең ірі емдеу мекемесінің бірі — Павлодар қалалық №1 аурухана. Медициналық мекеме жоспарлы негізде ем қабылдайтындар мен шұғыл көмекті қажет ететін науқастарға күні-түні қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, күрделі отадан кейін денсаулығын қалпына келтіретін тұрғындар осы ауруханада оңалтудан өтеді. Мұндай ем-шаралар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетіледі. Осы орайда, аурухана басшысы Нұрлан Жұмажановпен тілдесіп, медициналық мекеменің жай-күйі, тегін қызметті алу тәртібі жөнінде әңгімелескен болатынбыз.

Нұрлан Максимұлы, сіз басқаратын аурухана — емделу-шілердің  саны бойынша ең ірі емдеу мекемесі.  Аурухана тұрғындарға қандай қызмет ұсынады?

— Иә, дұрыс айтасыз. Ауруханада емделушілердің саны өте көп. Мәселен, 2023 жылы 75 мың адамға қызмет көрсетілді. Оның ішінде 18 мың адам стационарда, 24 мың адам күндізгі стационарда ем алды. Аурухана тек қала жұртшылығын  емес, облыстағы барлық тұрғынды қабылдайды. Біздің мекеме медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС аясында жоспарлы және шұғыл негізде қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, жедел жәрдем және санавиация арқылы жеткізілетін науқастарға да ем жүргізіледі. Жоспарлы ем жолдама аясында ұсынылады. Бұл ретте емханалар медициналық көмекті қажет ететін науқастарды порталға қою арқылы бізге жолдайды. Шұғыл көмек жедел жәрдем және санавиация  қызметімен жеткізілген науқастарға көрсетіледі. Мұндай көмек 365 күн тәулік бойы жүргізіледі. Нейрохирургтер инсульт кезінде мамандандырылған жедел көмектің барлық спектрін көрсетеді. Политравма бөлімінде күрделі ота жүргізіледі. Травматолог, нейрохирург, хирург, реаниматолог мамандары санавиация арқылы жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккен адамдарға жәрдемдеседі. Мамандар өндірістік жарақаттарды да емдейді. Облыс бойынша жарақат салдарынан болатын өлім-жітім 12 пайызға төмендегенін атап өткім келеді. Бұл ретте аурухана дәрігерлерінің  үлесі зор.  Хирургия бөлімшесінде 12 мыңға жуық адам емделді. Штатта 987 адам жұмыс істейді, оның 224-і-дәрігер. Жыл сайын медицина қызметкерлері шетелдің клиникаларында арнайы оқудан өтеді. Мамандар Ресей Федерациясы, Беларусь, Германия, Чехия, Польша, Түркия, Израиль және Жапонияның медициналық орталықтарында білімін арттырып, тәжірибе алмасты. Медицина бір орында тұрмайды. Шетел мен Қазақстаннның озық емдеу меке-мелерінің мамандарымен шеберлік сағаттарын өткіземіз.  Олардың бәрі  ауруханадағы стационардың жабдықталуы мен дәрігерлердің біліктілігін жоғары бағалайды.

— Өткен жылы қалалық ауру-хананың перзентхана блогында 20 миллионыншы бала өмірге келді. Босану кезінде өміріне қауіп төнген аналар болды ма?

— Перзентхана блогында аналар мен сәбилер үшін барлық жағдай жасалған. Дәрігерлер ана мен бала өлімін болдырмау үшін барын салып еңбек етуде. Былтыр босану кезінде қан кету қаупі бар әйелдерге қан тамырлары хирургтарымен бірге 10-ға жуық операцияны сәтті жасадық. Барлық жағдайда өздігінен босануға  рұқсат етілді. 2023 жылы акушерлер
2,5 мыңнан астам әйелді босандыруға көмектесті.  Оның ішінде 91 әйел мерзімінен бұрын босанды.

— Ауруханада тұрғындар оңалту шарасын қабылдай алатынын білеміз. Мұндай ем қалай жүргізіледі?

— Күрделі отадан кейін науқастар денсаулығын қалпына келтіруі үшін қосымш ем қабылдауы тиіс. Оңалту бөлімінде мамандардың бақылауымен физиотерапия, емдік дене шынықтыру шаралары жүргізіледі. Инсульт, нейрохирургиялық оталардан кейін науқастармен  психологтармен айналысады. Оңалту шарасы МӘМС аясында тегін өткізіледі. Оңалту қызметін емделушілер 6 ай ішінде алуы керек. Екінші емдеу кезеңі
30 күннен кейін басталуы тиіс.

— Міндетті әлеуметтік меди-циналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі неде деп ойлайсыз?

— Аймағымыздың емдеу мекемелері МӘМС аясында қажетті емдеу шараларын толық көрсетеді. Медицина мекемелері озық технология-
мен жаблдықталған. Дәрігерлер жоғары білікті. Жеке клиникаларда консультациялық-диагностикалық қызметтерді алуға болады. Ол үшін тіркеуде тұрған емханадан жолдама қажет. Тұрғындар қордың сайты арқылы  медициналық қызмет көрсететін ұйымдардың тізімімен таныса алады. Ол үшін сайттағы «МӘМС-гид», одан әрі «науқастар үшін», «клиниканы таңдау» ұяшықтарын басуға болады. Жалпы, медициналық сақтандыру қоры 2024 жылы облыс бойнша 75 медициналық ұйыммен шарт жасасты. Оның 43-і-жекеменшік, 32-сі-мемлекеттік. Сондықтан МӘМС денсаулық сақтау саласына оң өзгеріс әкелді деген ойдамын.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.