Кеңес Одағының батыры Михаил Катаев Ұлы Отан соғысы кезінде Беларусь мемлекетінің Мозырь қаласын жаулардан азат ету жолында қаза тауып, сол шаһардағы Даңқ қорғанында жерленген. Жуырда аталған жерде батырға арналған ескерткіш ашылды.
Кеңес Одағының батырына арналған ескерткіш-бюстің ашылуы Беларусь Республикасының фашистік басқыншылардан азат етілуінің 80 жылдығы және «Майдан жолы» павлодарлық іздестіру-зерттеу жасағының 15 жылдығымен тұспа-тұс келді.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Беларусь мемлекеті елшілігінің бірінші хатшысы Рүстем Омаров, «Майдан жолы» Павлодар іздестіру-зерттеу жасағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Шитов және қала басшылығы мен осы елдегі қазақстандық диаспораның өкілдері қатысты.
Шара барысында Рүстем Омаров батырдың ерлігі туралы сөз қозғады.
— Михаил Катаев тек сарбаз емес, сонымен қатар нағыз қаһарман, батыл адам болды. Оның ерлігі мен жанқиярлығы болашақ ұрпақ үшін үлгі болары анық. Ол елі үшін, жері үшін өз жанын пида етті. Осыдан-ақ жеңістің оңайлықпен келмегенін түсінеміз. Қазақстан халқының атынан Беларусь тұрғындарына гүлдену мен бейбіт аспан тілеймін, — деп атап өтті Р.Омаров.
Бұл бюсті орнату Беларусь мемлекеті мен Қазақстаннан келген «Майдан жолы» іздеу жасағы өкілдерінің жұмысы барысында мүмкін болды. Қаржылай көмекті «Батырлар жолымен – құрметті даңқ» атты патриоттық жобасы аясында ERG компаниясы көрсетті.
«Майдан жолы» іздеу жасағының командирі Александр Шитов бастаған топ 2 апта бойы майдан болған жерлерге аттанып, еліне оралмаған азаматтар туралы мәлімет жинаған. Жұмыс нәтижесінде белгісіз кеткен 1500-ге жуық қазақстандық азаматтың есімі анықталған.
— Қаншама батырымыз елімізді жаудан азат ету мақсатында өзге елдерде қаза тапты. Солардың бірі – Кеңес Одағының батыры Михаил Катаев. Жерлесімізді еске алып, құрмет көрсету мақсатында осындай ескерткіш қоюды жөн санадық. Мозырь қаласына келмес бұрын 2 апта бойы Витебск облысының аумағында болдық. Оның ішінде Дубровен ауданында белорусиялық іздеу жүйелерімен бірге «Еске алу сағатында» жұмыс істедік. Жұмыс барысында осы елде із-түссіз жоғалып, қаза тапқан жауынгерлер туралы мәлімет іздедік. Нәтижесінде қаза тапқан 10 мыңға жуық жауынгер туралы тың деректер таптық. Оның ішінде 1400-і — Қазақстаннан келген жауынгер. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ, — деді ол.
Шара соңында «Майдан жолы» отрядының ізденушілеріне және жобаның демеушісі — Еуразиялық топқа тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дамытуға қосқан үлесі, өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан азаматтардың есімдерін тарихта қалдыру жөніндегі жанқиярлық еңбегі үшін Алғыс хаттар табыс етілді.
Айдана БОРАНБАЕВА.