Ақбеттаудың абызы, қаламгер-ұстаз, ақын, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Зекебай Солтанбайұлының құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Тағзым тақтасы ұлағатты ұстаздың талай жыл еңбек еткен Егіндібұлақ ауылындағы мектеп қабыр-ғасына орнатылды.

Игі шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, ұстаздар мен оқушылар, сондай-ақ, тау тұлғаның туған-туыстары мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Бар саналы ғұмырын білім жолы мен қалам-герлікке арнаған ұлағатты ұстаз жайлы сөз сөйлеген Серік Барлыбайұлы халықтың алып тұлғасы туралы сәулелі ой толғады.

— Баянауыл ауданының абызы, қабырғалы қаламгер, тау тұлға — Зекебай Солтанбайұлы оқу мен білім, халық ағарту ісіне жарты ғасыр ғұмырын жұмсап, руханият бағытында еселі еңбек етті. Бірегей педагог қашан да ұлттық тәрбиені бірінші орынға қойды. Жас ұрпаққа үлгі болатын осындай тұғыры биік тұлғаларды құрметтеу — біздің негізгі міндетіміз. Зекебай Солтанбаев — Баянның бағына туған асыл тұлға. Мұндай жандарға құрмет білдіру — әр азаматтың парызы, — деді С.Батырғожинов.

Сонымен қатар, шара барысында Зекебай Солтанбайұлының ұлы Жұматбек-Марғұлан Солтанбаев әкесінің өнегелі өмірі, ғибратты ғұмыр жолы жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, рухани іс-шараға ұйытқы болған барлық азаматтарға алғыс білдірді.

— Әкеміз бар саналы ғұмырын бір білім ордасына арнап, онда 34 жыл еңбек етті. Сондықтан да, құрмет тақтасының мектеп қабырғасында ашылуы жас өрендерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Бұл тақтаның ашылуына себепкер болған ауыл, аудан мен облыс әкімшілігіне көптен-көп рақмет. Құрмет тақтасының төрінен орын алған әкеміздің елім деген еселі еңбегі еленуде. Әкемізге құрмет танытқан жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, — деді ол.

Айта кетейік, Зекебай Солтанбайұлы ұстаздық-ағартушылық, қоғамдық жұмыстармен қоса шығармашылықпен де айналысты. 1948 жылы аудандық газетте жарық көрген тұңғыш өлеңінен бастап баспасөзден есімі түскен емес. Ол Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Қаныш, Әлкей тәрізді тұлғаларға арналған зерттеу, әдеби еңбектер жазды. Зейнетке шыққан соң «Жыр жиһазы», «Мәшһүр Жүсіп Көпеев», «Ғұлама», «Адам», «Айшуақ», «Егіндібұлақ вальсі», «Таң атарда» сияқты өлеңдер жинағы мен эпостық туындыларды жарыққа шығарды.

Сондай-ақ, сан қырлы талант иесі Зекебай Солтанбайұлы – 30-ға жуық ән жазып, нотаға түсірген әуесқой сазгер. Абайдың «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл», Сәбит Дөнентаевтың «Балалық» атты өлеңдеріне шығарған әні халық арасында кеңінен танымал. Бірегей тұлғаның еңбегі мемлекет тарапынан да бағаланып, Ыбырай Алтынсарин медалі табысталды, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы тәрізді атақ-абыройға ие болды.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ, Егіндібұлақ ауылы, Баянауыл ауданы.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.