Ақсу қаласында қос бірдей мереке – қала күні мен металлургтердің кәсіби мерекесі кең көлемде атап өтілді. Жергілікті жұртшылық пен қала қонақтары екі күн бойы салтанатты шараларға қатысып, концерттер мен спорттық сайыстарды тамашалап, өздері де бақ сынады. Сонымен қатар, шаһардың, жергілікті өндіріс саласының өркендеуіне үлес қосқан бір топ азамат түрлі марапатқа ие болды.

Көркейген шаһар

Алдымен Сәбит Дөнентаев атын-дағы қалалық мәдениет сарайында салтанатты жиын ұйымдас-тырылды. Оған жергілікті билік өкілдері, депутаттар, кәсіпорын басшылығы, зауыт ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Алқалы жиында сөз алған шаһар басшысы Нұрлан Дүйсенбинов өңірдің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалына тоқталып, жетістіктермен бөлісті. Айта кетейік, биыл шаһардың құрылғанына 63 жыл толып отыр.

— Соңғы бір жарым жыл дересінде Ақсу қаласында оң динамикалық өсім байқалады. Облысымыздың аудан-қалалары рейтингінде көш басында келеді. Мұндай жетістікке жетуде әр тұрғынның еңбегі бар. Олар туған өлкесінің дамуына сүбелі үлес қосуда. Өңірдің ертеңіне бейжай қарамай, ілгерілей түсуі үшін тер төгіп жүрген осындай азаматтарға зор ризашылығымды білдіремін, — деді шаһар басшысы.

Шынымен, соңғы жылдары қаланың өзінде, оған қарасты ауылдық аймақтарда көңіл көншітерлік өзгерістер бар. Айталық, былтыр Ақсу ферроқорытпа зауытына барар айналма жолға асфальт төселіп, кәсіпорын қызметкерлеріне жайлы жағдай жасалды. Енді олар жұмысқа еш қиындықсыз қатынайды. Әлеуметтік салада да игі істер байқалады. Мәселен, жаңа нысандардың құрылысымен қатар, оларды жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бүгінде мұз сарайы салынып, «Достық» стадионы қалпына келтіріліп жатыр. Алдағы уақытта қалалық аурухана жаңғыра түспек. Екі емхана арасында галерея да ашылады. Мұндай жұмыстар қалалықтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Ауылдағы ағайынның мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Соның жарқын мысалы – ауылдарға кіре-беріс жолдарға асфальттың төселуі, мемлекеттік бағдарламалар аясында елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың жөнделуі.

— Қаланың туған күні металлург-тердің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келіп отырғаны – қуанышты жайт. Біздің шаһардың тарихы қазақ-стандық металлургияның флагманы — Ақсу ферроқорытпа зауыты іргетасының қалануымен тығыз байланысты. Мұнда өз ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын, жоғары білікті, кәсіби шебер 6 мыңнан астам адам еңбек етуде. Олар бірлесе отырып қиын өндірістік мәселелердің шешімін тауып келеді. Сол арқылы тұтас қаланы жылумен, ал отандық экономиканы сапалы өніммен қамтып отыр. Жалпы, бүгінде біздің қоғамда еңбек адамының орны айрықша. Оған дәлел – ақсулық әр отбасында дерлік зауыт қызметкерінің болуы. Ал кәсіпорынның өзінде металлургтердің тұтас династиясы қалыптасып үлгерді. Осындай әулеттер ұрпақ сабақтастығын көрсетеді, — деп атап өтті қала әкімі.

Шара барысында елеулі еңбе-гімен көзге түскен бір топ қызметкерге Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар, төсбелгілер мен ақшалай сертификаттар табысталды. Сондай марапатқа ие болғандардың қатарында зауыттың бас энергетигі Виктор Беспамятных бар. Кәсіпорында 20 жылдан астам уақыт бойы тынымсыз қызмет атқарып келе жатқан білікті маман «Қаланың дамуына сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері атанды.

— Мен кезінде кәсіпорындағы қызметімді электромонтердің шәкірті ретінде бастап, үнемі біліктілігімді арттырып отырдым. Ал қазіргі таңда қаланы қалай жылытып жатқанын тікелей бақылаймын. Бүгін менің және әріптестерімнің еңбегі бағаланғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта да кәсіпорнымыздың өркендеуіне үлес қоса бермекпіз, — дейді білікті маман.

Сонымен қатар, қала күні аясында шаһардың үш тұрғынына мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты орындау аясында 300 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды. Олар «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Валентина Солдаткинаға, «Жауқазын» қорының басшысы Қалимаш Баймұханова мен Арина Әміреноваға берілді.

 

Мықты мамандарға – марапат

Ақсу жұртшылығының мерекесі екінші күні де жалғасын тапты. Мәдениет және демалыс саябағында қала күні және металлург күніне орай шаһар тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

— Ақсу қаласының басты байлығы – тұрғындар. Еңбекқор, талантты адамдардың арқасында қаламыз дамып, гүлденіп келеді. Қала өміріндегі барлық жетістіктер, өзгерістер тұрғындардың тікелей араласуымен орын алып отыр. Демек, қала күні – барлық тұрғынның, қала құраушы кәсіпорындардың құрылысына қатысқан және қазіргі таңда кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдардың ұжымдарында адал еңбек етіп жүрген азаматтардың мерекесі. Баршаңызды осындай айтулы күнмен құттықтаймын, — деді салтанатты кеш барысында сөз алған Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов.

Шаһар басшысы өнегелі қызметімен ерекшеленген бір топ азаматқа арнайы марапаттарды табыстады. Әсіресе, металл балқыту, технологияны меңгеру, кәсіпорынның апатсыз жұмысын ұйымдастыру бағытында еңбек етіп жүрген жандарға көп көңіл бөлінді.

Сондай сый-құрметке бөленген мықты мамандардың бірі – Ақсу ферроқорытпа зауыты балқыту цехының ауысым шебері Ерік Әлиев. Кәсіпорында 40 жылдан астам уақыт бойы табан аудармастан жұмыс істеп келе жатқан қызметкер «Еңбек даңқы» белгісінің толық иегері атанды.

— Мен әскерден келген соң зауыттағы еңбек жолымды бастадым. Содан бері 40 жылдан астам уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында ферроқорытпа кәсіпорны өзгеріп, заман талабына сай икемделіп келеді. Сонау 40 жыл бұрынғы және бүгінгі зауыт жұмысын салыстыру мүмкін емес. Қазіргі таңда жаңа технологиялар, заманауи құрал-жабдықтар бар. Басты құндылық – қызметкерлер. Еңбегіне адал азаматтардың күнделікті тынымсыз жұмысының нәтижесінде біздің зауыт тек елімізде емес, әлем бойынша ферроқорытпа өндіруден көш басында келеді. Мұны зор жетістік деп бағалаймын. Осы салада бел жазбай еңбек етіп жүрген әріптестерімді, қала жұртшылығын мерекелерімен құттықтаймын. Әр күніміз тек жақсылыққа толы болсын! – деп ақжарма тілегін білдірді тәжірибелі шебер.

Сол сияқты зауытта ширек ғасырға жуық уақыт жұмыс істейтін Нұрлан Бекбасовқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Ақсу ферроқорытпа зауытының ауысым шебері мұндай өндіріс орнында еңбек ету үшін қайтпас қайсарлық, төзімділік пен іске адалдық керек екенін алға тартады.

— Металлургия – әсте оңай сала емес. Мұндай бағытта қызметіне берік, шыдамды, күш-қайраты толысқан адамдар жұмыс істейді деп санаймын. Өз кезегінде кәсіпорын басшылығы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жасайды. Қала билігі жалпы тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруінің қамын ойластырады. Осындай қала құраушы кәсіпорында еңбек етіп, жыл сайын көркейіп келе жатқан қалада тұрғаныма қуаныштымын, —
дейді ол.

 

Өзара сайысқа түсті

Мерекелік шаралар аясында түрлі спорттық сайыс та ұйымдастырылды. Әсіресе, қазақтың ұлттық спортына басымдық берілді. Солардың бірі – «Қой көтеру» жарысы. Әдетте бұл бәсекеде қатысушылар қойдың өзін көтеріп, бағы мен бабын сынап жатады. Бұл жолы күннің аптап ыстық болуына байланысты қойдың орнын қырық келілік қап алмас-тырды. Мықтылығын сарапқа салуды қалаған қатысушылар сол қапты көтеріп, өзара сайысқа түсті.

— Екі минут аралығында кім қапты көп көтерсе, сол – жеңімпаз. Бүгінгі ауа райын ескере отырып қойды емес, қапты көтеруді жөн санадық, —
дейді сайысты ұйымдастырушы Роман Скрипнюк.

Ал қойдың өзі бас жүлдеге тігілді. Оны абсалютті рекордсмен атанған Аймұхаммед Нұрымжан еншілеп кетті. Еркін күреспен айналысатын болашақ бапкер-педагог 40 келілік қапты 61 рет көтеріп, қарсыластарын шаң қаптырды.

Сонымен қатар, бұл күні ер адамдар арқан тарту, қол күресте бақ сынады. Қол күрес сайысы 15 жасқа дейінгі балалар және 80 келіге дейін, 80 келіден жоғары салмақтағы ересектер арасында өтті. Қатысушылардың қатарында жеті тонналық автобусты сүйреген ақсулық батыр Михаил Ларин де болды. Ол қол күрес жарысына бірінші рет қатысып, жүлдегер атанды.

Спорттық бәсекелерді ұйым-дастырған Роман Скрипнюктің сөзінше, дәл осы сайыстардың таңдап алынуы тегін емес.

— Металлургтер – ерік-жігері мықты азаматтар. Сондықтан олардың құрметіне күштік сайыстарды өткізуді құп көрдік. Сол арқылы көпшілік балқытушылардың жұмысы ғана емес, спорттық сайыстарда бақ сынауы да оңай емес екенін көрсе дедік, — деді Р.Скрипнюк.

Сайыстардың қатысушылары мен жүлдегерлерге марапаттар, ақшалай сыйлықтар табысталды.

Мәдениет және демалыс саябағында өткен мереке аясында балаларға арналған бағдарлама да қарастырылды. Олар үшін аниматорлар жұмысы, қызықты байқаулар ұйымдастырылды. Кештің көрігін жергілікті өнерпаздар мен отандық эстраданың танымал өкілдері – әншілер Luina, Kalifarnia, Argoniya қыздыра түсті. Мереке би кешімен және отшашумен аяқталды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Ақсу қаласы.

Суреттерді түсірген – Константин Шелков.