Қазіргі таңда облыс бойынша Мансап орталықтарында 12 487 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Оның 5 мыңнан астамы мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы алып отыр. Аймағымызда екі қолға бір күрек іздеген осындай тұрғындарды лайықты жұмыспен қамту үшін қандай іс-шаралар қолға алынуда? Биыл колледж және жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектерді жұмыспен қамту ісі қалай шешілмек? Жалпы, өңіріміздің қай саласында жұмыс күші тапшы және бос орындар саны қанша? Бұл сұрақтарға Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жауап алдық.
Жоспар орындалды ма?
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлес-тіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, тұрақты түрде еңбек етпейтін тұрғындардың мәселесі жіті бақылауда. Бүгінде аймағымызда жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. Соның бірі — ағымдағы жылдың басында бекітілген «Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы». Аталған жоба аясында азаматтарды жұмысқа орналастыру жоспарлары белгіленген. Сол бойынша биыл облыстағы 26,6 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде Ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларды іске асыру бағыты арқылы 9,2 мың азамат, субсидияланатын жұмыс орындары есебінен 6,6 мың адам, ал Мемлекет басшысының «100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 7,4 мың жұмыссыз жұмыспен қамтылады деп көзделуде. Сондай-ақ, 10 мың азамат жұмыс берушілер ұсынған бос орындарға орналастырылмақ.
— Осы жылдың 17 шілдесіндегі жағдай бойынша 13 418 азамат жұмыспен қамтылды. Бұл жалпы көрсеткіштің 50,3 пайызын құрайды. Еңбекпен қамтылғандардың 6 959-ы — тұрақты жұмысқа орналасқандар. Нысаналы инициаторларға тоқталар болсақ, Мемлекет басшысының «100 жұмыс орнын құру» бастамасы аясында осы жылға белгіленген жоспарлы көрсеткіш 7 436 жұмыс орнын құру болса, ағымдағы жылдың шілде айындағы жағдай бойынша 3 243 жұмыс орны ашылған. Яғни, бұл жоспардың 43,6 пайызы орындалған. Сонымен қатар, Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар шеңберінде 199 жоба бойынша
1 467 адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Оның 372-сі тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазіргі күні инфрақұрылымдық жобаларға 731 адам, тұрақты жұмыс орындарына 262 азамат жұмылдырылды, — дейді Альмира Дисюпова.
Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы облыс бойынша 2 ұлттық жоба, атап айтқанда «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламалары мен 10 тұжырымдама іске асуда. Ең көп жұмыс орындары орман дақылдарын отырғызу, яғни «жасыл экономика» бағытына тиесілі. Бұл бағыт бойынша 188 жұмыс орнын құрайтын 5 жоба құрылған. Бұдан кейін «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы тұр. Соның аясында ауылдық аумақтарды дамытуға арналған 130 жұмыс орны бар 47 жоба іске асуда. Ал субсидия-ланатын жұмыс орындарына 6 617 азамат орналасуы керек болған. Бүгінгі күні 5 990 адам еңбекпен қамтылып, жоспардың 90,5 пайызы орындалған. Бұдан бөлек, бос жұмыс орындарына 3 261 адам қабылданған.
Жұмысқа орналасқандардың көбі, яғни 21 пайызы ауыл шаруашылығы саласына, 15 пайызы білім беру мекемелеріне, 13 пайызы өнеркәсіп орындарына, 12 пайызы құрылыс жұмыстарына тартылған.
Басқарма басшысы биыл колледж және жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан түлектердің де жұмыссыз қалмайтынын мәлім етті. Оның айтуынша, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдігінің арасында жастарға жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған меморандум жасалған. Сол бойынша осы жылдың соңына дейін 6 мыңға жуық павлодарлық түлек еңбекпен қамтылмақ.
Жалпы, өңірде жыл сайын халықты жұмыспен қамту шаралары жүйелі жүзеге асып, өз жемісін беруде. Мәселен, былтыр 25 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, бұл меже 100 пайыз орындалған. Ал биыл бұдан да көп адам, яғни 26,6 мың тұрғынды еңбекпен қамту көзделуде. Сонымен қатар, бос жұмыс орындарының саны да баршылық. Дәл қазір Enbek.kz электронды еңбек биржасының сайтында облыс бойынша 4 мыңнан астам бос жұмыс орны көрсетілген көрінеді. Әсіресе, өңірде өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында жұмысшыларға сұраныс жоғары. Бастысы, әзірге облыстың еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Статистикаға сүйенсек, 2024 жылдың 1 тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрады.
Судың да сұрауы бар…
Халықты жұмыспен қамтудың тиімді шараларының бірі – әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, мүгедектігі бар азаматтар және шетелдерден келіп жатқан қандастардың өз кәсібін ашып, өзін де, өзгені де еңбекке тартуына жағдай жасау. Осы мақсатта елімізде кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесуге бағытталған бағдарламалар жүзеге асуда. Сол бойынша биыл халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататындар үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (1 476 800 теңге) 443 грант және жастарға арналған жылдық 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін 164 жеңілдетілген шағын несие беру көзделген. Ағымдағы жылдың шілде айында 1 лек бойынша 193 адам аталған ақшалай грантқа қол жеткізді. Гранттардың басым бөлігі көпбалалы отбасыларға үлестірілген. Олардың саны – 91. Бұдан кейін грант иеленгендердің қатарында мүмкіндігі шектеулі адамдар (34), қоныс аударушылар мен қандастар (24), мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар (22) бар. Алайда «судың да сұрауы бар» демекші, алдағы уақытта мемлекеттен қайтарымсыз грант алған азаматтардың сол қаражатты мақсатты жұмсауы қатаң тексерілмек. Талап бойынша грант иегерлері қолына қаржы түскен уақыттан бастап 90 күннің ішінде оны қайда жаратып жатқаны жайлы құжаттарды жеке кабинетінде онлайн түрде тіркеп, есеп беруі тиіс. Бұл ереже орындалмаған жағдайда грант алушы оны мақсатсыз пайдаланған болып саналады. Сөйтіп, оның іс-әрекетін мамандар тексереді. Қаражатты мақсатсыз пайдаланылғаны анықталса, оны алушы өз еркімен мемлекетке қайтаруы тиіс. Әйтпегенде, қарызы сот арқылы өндіріледі. Сондықтан мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, кәсібін дөңгелеткісі келген азаматтар аяғын шалыс баспағаны жөн. Осындай жайсыз жағдайлардың салдарынан
биыл аймағымызда кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесуге бөлінетін грант саны 20-ға қысқартылған. Яғни, өткен жылы бұл бағытқа 463 грант бөлінсе, осы жылы 443 грат қарастырылған.
Атап өтерлігі, қазір аталмыш бағдарламаның екінші ағынына өтінімдерді қабылдау жүргізілуде. Бұл науқан 31 шілдеге дейін жалғасатын болады.
Нұржайна ШОДЫР.