Екі апта бұрын Ақсу қаласына қарасты Көктас ауылының тұрғындары өзеннің арғы бетінен шөп шабуға жете алмай отырғандарын айтып, көмек сұраған еді. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада көпірдің бір бөлігі суға батып кеткені көрінеді. Көктас-тықтар қорадағы малына уақытылы жем-шөп әзірлей алмаймыз ба деп алаңдаулы.
Бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан Мөлдір Сабырдың ата-анасы аталмыш ауылда мал ұстайды. Айтуынша, көпшілік әкімдікке мәселені айтып, жәрдем сұраған. Бірақ әрекет болмаған соң билікке басқаша жеткізуді жөн көріпті. Сол бейнежазбадан кейін атқамінерлер ахуалды оңалтуға мықтап кіріскенін айтады.
Аталмыш ауылда 90 жылға жуық тұрып жатқан байырғы тұрғындардың бірі Владимир Кузьмин көпірдің тарихымен бөлісті. Осымен үшінші көпір суға кетіп отыр, дейді ол.
— Алғашқысы ағаш болды, шіріп, опырылып, суға кетті. Одан кейін тағы бір аспалы көпір салынды. 40 жылдай қызмет етті. Ол да ағын суға шыдас бермей, осыдан 15 жыл бұрын жарамсыз күйге түсті. Кезекті әскери аспалы көпір құрылып еді, оның «ғұмыры» 15 жылға ғана жетті. Осылайша, ауылдастарым тағы шөп шабуға өзеннің арғы бетіндегі аралға өте алмай қалды. Негізі, бұл тұсқа орнықты көпір орнату керек. Ақсу ГРЭС-і салынғанға дейін Ертістің біздің ауылдың тұсындағы бөлігі өте таяз еді. Адамдар шөп шабуға техникаларымен суды кешіп өте беретін. Ал электр станцияcын іске қосқаннан кейін жаңа су арналары қазылды. Ақыры мұнда судың деңгейі күрт көтерілді. Сөйтіп, орнықты көпір орнатуға қадам жасалды. Тіпті, тіректері де қағылған еді. Бірақ станцияның сол кездегі басшылығы аспалы көпір де жарайтынын алға тартып, көндірген еді, — дейді Владимир Васильевич.
Көпірдің тарихын он саусағындай білетін қария аспалы көпірді жиі судан шығарып, сырлап тұру қажет деген пікірде. Бұл талап орындалмаған соң ағаштар жылдар бойы суда жатқандықтан тез шіріп кететінін алға тартты.
Көктас ауылы құрамына кіретін Қанаш Қамзин ауылдық округінің әкімі Амангелді Рүстемовтен көпірге қатысты қазіргі ахуалды білген едік. Айтуынша, ағымдағы аптаның дүйсенбісінде бір бөлігі суға батып кеткен көпірді ауыр техникалардың көмегімен шығарыпты. Бұл жұмыстарға шаруа қожалықтарының, Ақсу ферроқорытпа зауытының және «Ақсу су арнасы» кәсіпорнының техникалары тартылған.
— Көпірді шығардық. Енді оны толық тексереміз. Яғни, қалпына келтіруге жарайтын-жарамайтындығын анықтаймыз. Жараса, орнына орнатамыз. Жалпы, бұл тұсқа жаңа көпір салу үшін жобалық-сметалық құжатқа Ақсу қаласының бюджетінен 4,5 млн теңге бөлінді. Конкурс жарияланды. Жобасы жасалып, сараптамадан өткен соң келесі жылы көпір құрылысына облыстық бюджетке өтінім береміз, — дейді Амангелді Рүстемов.
Сондай-ақ, ауылдық округ әкімі аталмыш елді мекен тұрғындары шөп шабуға тамыздың жиырмасынан кейін ғана кірісетінін алға тартты. Дәл қазір шөпке жете алмай жатырмыз деп даурығудың жөні жоқ, дейді. Себебі, жайылманың ойлы жерлерінде тамыздың ортасына дейін су болатын көрінеді. Ал көпір жасалғанға дейін тұрғындардың техникасын арғы бетке өткізуге жағдай жасалады деп сендірді. Яғни, пароммен жеткізілетінін мәлім етті.
Енді уәде орындалып, Көктас тұрғындары күткен көпірге қол жеткізсін делік. Бастысы, мал азықсыз қалмаса болғаны.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.