Қазақтың күйшілік мектебі туралы сөз қозғағанда көрнекті күйші, дәулескер домбырашы, Қазақ КСР-нің Халық әртісі Рүстембек Омаровтың есімі айрықша аталатыны белгілі. Рүстембек Омаровтың орындауындағы халық күйі «Ақсақ құлан», Құрманғазының «Ақсақ киік», «Жима», «Машина», «Қызыл қайың», «Серпер», Динаның «Байжұма», Абылдың «Нарату» тәрізді тамаша күйлері әлі күнге дейін күй тыңдармандарының жадында десек, қателеспейміз.

Рүстембек Омаров Лебяжі ауданы (қазіргі Аққулы ауданы) Шарбақты ауылында дүниеге келген. Белгілі күйші домбыра тартуды әкесінен үйренген. Кейін бала арманы мақсатқа айналып, 1934 жылы А.Жұбановтың жетек-шілігімен құрылған халық аспаптар оркестрінде домбырашы, домбыра тобының концертмейстері және жеке домбырашы қызметін атқарды. 1937-39 жылдар аралығында қазіргі Санкт-Петербург қаласындағы музыкалық училищеде, 1946 жылы Алматы консерваториясында оқыды. Күй тартумен қатар А.Жұбанов атындағы филармонияда солист болып қызмет етті. Бірқатар дарынды домбырашыны тәрбиеледі. Олардың қатарында елге танымал Рысбай Ғабдиев, Боздақ Рзаханов, Әзидолла Есқалиевтер бар. Өзінен тәлім алып, орындаушылық шеберлігін бойларына сіңірген жақсы шәкірттері көп болды. Күй өнеріндегі дәстүр сабақтастығын жалғады.

Күйшінің қызы Қарлығаш Омарова әкесі туралы былай деп еске алады:

— Біз Алматыда туып-өссек те, Павлодар өңірі біздің жанымызға жақын, адамдарынан бір тазалық лебі есетіндей көрінеді. Әкем де сол топырақтан өсіп-өніп шыққан соң болса керек, ақкөңіл, ашық-жарқын, қашан да көтеріңкі көңіл күйде жүретін адам еді. Реті келгенде әзіл-қалжыңын айтып, күлдіріп те отыратын. Әкемнің әкесі, яғни атамыз дәулетті адам болған екен. Дәулетті болуымен қатар өнерді жақсы бағалаған, таңды таңға жалғап күй тартатын,  жыраулық өнері де болған. Өкінішке қарай, өмірден ерте қайтып, әкем балалар үйінде ержетіпті. Тағдырдың мұндай қиындықтарына тап болуы әкемді қайсарлыққа, табандылыққа, тәрбиелеген.

Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгір, Дәулеткерей сынды күйші-лердің күйлерін жан дүниесімен беріліп тартатын. Бүкіл саналы ғұмырын күй жолына арнаған тұлға еді. Өзінің таңдаған мамандығына, кәсібіне адал болды, — дейді қызы.

Рүстембек Омаровтың орындау мәнерін академик Ахмет Жұбанов жоғары бағалап, өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде: «Рүстембек күйді «шегелеп», шапшаң, жай келетін буындарының бәрін де тастай түйіп, екпінін ауыстырмайды. Орташа ұзындықтағы саусақтарымен бір нотаны жаза баспай, бәрін де өз орнында етіп орындайды. Аты алып қашқан кісідей домбырасының «тізгініне» ие бола алмайтын кейбір домбырашылардай күйді баста алған екпінінен қуып кетіп, аяғында кей жерлерінде сүрініп қалатын әдет Рүстембекте болмайды» деп жазған. Ал Қазақстанның халық әртісі, профессор Қаршыға Ахмедияров Рүстембек Омаров туралы жазған естелігінде: «Рүстем ағаның тартқан күйлерінің ішкі-сыртқы құрылысы, динамикасы күй жанрына лайықты, білімді музыкантқа сай құбылыс болатын. Мысалы, Динаның «Байжұма» күйін тек Р.Омаровтың орындауында ести аламыз. Русахаң күй тартқанда дыбысқа өте мән беретін, сахнаға шыққанда тыңдаушысын сол дыбыс сазымен, бояуымен өзіне баурап алатын қағысымен қатар қазақтың барлық күйшілік мектебін барынша меңгерген күйші болатын. Өзі Арқада туып-өссе де, Оқап Қабиғожиннің шәкірті болды және Динаның, Мұрат Өскенбаевтың қолынан күй алған домбырашы» деп баға берген.

Рүстембек Омаров көп жыл Құрманғазы күйлерін жинақтап, орындады. Еліміздің «Алтын қорында» оның домбырамен орындаған «Жастық шақ», «Ілме» күйлері, Евгений Брусиловскийдің «Исаның желдірмесі», Дина Нұрпейісова, Тәттімбет күйлері сақтаулы тұр.

Айдана БОРАНБАЕВА.