Қимадиден Нығыманов 1924 жылы 11 қаңтар күнi Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Жаңабет ауылында (бұрынғы Қотантерек қыстауында) дүниеге келген. 1931 жылдың наурыз айынан 1932 жылдың қыркүйек айына дейін «Халық жетімі» атанған, ал 1932 жылы қыркүйек айынан 1935 жылғы шілде айына дейін қазіргі Тереңкөл (бұрынғы Қашыр, Максим Горький ауданы) балалар үйінде тәрбиеленген. Кейін 1938 жылдың қыркүйек айынан бастап туысқандары тауып алғанша Павлодар қалалық балалар үйінде өскен.
1940 жылы бір жылға комсомолдық жолдамамен Целиноград облысының (қазіргі Ақмола облысы) Қарталы теміржол станциясында жұмысшы болып еңбек еткен. 1941 жылы бұрынғы Куйбышев ауданындағы Сталин атындағы орта мектептің 8 сыныбын тәмамдаған.
Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыста жүріп «Барлаушы Сембай», «Сержант Саяқ» дейтін өлеңдер мен «1004 тау» деген поэма үзіндісін «Сталиндік жауынгер» соғыс газетіне жариялаған. Соғыс тақырыбына «Ұзақ жол» поэмасын арнаған. Майданда көрсеткен ерлігі үшін төрт медальмен марапатталған.1948 жылы елге оралған.
Жаңабет колхозында электр монтері болып еңбек еткен. Көзі тірісінде «Алпыс батыр», «Дала шұғыласы» кітаптары, дүниеден өткеннен кейін «Соқпақ жол» кітабы жарық көрді. Тәуелсіздік жылдары «Сел», «Естай», «Өмір жаңалықтары», «Ақдидар», «Атырау» атты кітаптары баспадан шықты.
Шежіреші, жазушы, ақын, импровизатор Қимадиден Абай, Жамбылдың 125 жылдық тойларына қатысып, той беташарын айтқан, айтысқа түскен.
1980 жылы дүниеден озды.
Өлеңім
Жүрдім қанша жолдармен жан жүрмеген,
Талай-талай шың-қияға өрлеген.
Жақсымен де, жаманмен де бір болдым,
Бар кезде де өз жанымда болды өлең.
Бақытымды талмай іздеп еңбектен,
Шабытымды ұшан-теңіз серметкем.
Табысыма сан бөленіп қуансам,
Қуанышты осы өлеңім тербеткен.
Өлең — менің ширек ғасыр серігім,
Ынтығым бір, басылмаған желігім.
Елуді астым, елеңдеуім қанған жоқ,
Өлеңімнен ажыратар мені кім?
Мінез
Адамды өз мінезі таныс етер,
Жақсыны жақсылыққа табыс етер.
Ағымы әумесерге аялдамай,
Сағымның тізбегіндей сан іс өтер.
Сынадай орын тапқан қайран жақсы,
Арзанға берілуді намыс етер.
Жақсыны жаман-жәутік көре алмайды,
Адымды алға аттаған шалыс етер.
Жүнінің ыңғайымен сипамасаң,
Секілді ақтөс төбет арс етер.
Алдында арыла алмай ар-ожданың,
Бәрі де қарауылдан алыс өтер.
Мінезді жақсы-жаман саралаумен,
Мезгілге бас ұрасың дәріс етер.
Жеңешем
Бір жеңешем үлкен ағам жұбайы,
«Беу, балалар!» — деп жүретін ұдайы.
Үлкенге де, кішіге де бір қалпы,
Жақынға да, алысқа да райлы.
Кейде туыс жедел өскен керісіп,
Қалатұғын жылқылардай тебісіп.
Жеңешем кеп «Беу, балалар!», — дейтұғын,
Шекелері басылатын тек ісіп.
Кейде абысын-ажынымен ушығып,
Қалатұғын шаң-шұң етіп шу шығып:
«Ұят болар қайын ағалар естісе», —
Дегенде олар басылатын тұншығып.
Ауыл-үйдің араздығын қаламай,
Бәйек болып жүретұғын жағалай.
Ынтымақтың бүтіншісі жеңгейге,
«Уа, жарамсақ!» — деп ұрсатын ағам-ай.
Уа,қымбатты елдің құты,жеңешем,
Алаңсыз ек тұрғаныңда сен есен.
«Беу, балалар!» дейтініңді сағындым,
Ақ пейілді қамқор едің ересен.
Ақ шашым
Дейсің неге шашың ерте ағарған?
Ақ шаш емес, ол — мендегі ақ арман.
Шашты ағартар өткердім ғой өмірді,
Тосып алам талай күнді тағы алдан.
Жолына әсте түсе алмадым наданның,
Өткен әр сәт, әр күніммен адалмын.
Бірі бітсе, алда тұрды тағы арман,
Мұңға батқан кезі болды жанардың.
Ерте ойладым етер істің мақұлын,
Өмір заңы өзі үйретті нақылын.
Қара барқын ойлар кетті тазарып,
Шашымменен бірге ағарды ақылым.
Бұл өмірдің құбылысы сан қилы,
Мені өзгеше жалынымен шарпиды.
Адам деген тылсымды аса ойладым,
Ақ шашымды өткен күндер бар сыйлы.
Мен ескірсем өмір кілең жаңарды,
Жаңа үміттер шақырады тағы алғы.
Адам болып туғаннан соң адам боп,
Жүру үшін мынау шашым ағарды.
Жаралының зары
Келесің-ау ата жолдас, кексе әнім,
Мен адаммын аты-жөнім, жоқ сәнім.
Екі аяқ пен екі қолды жау жұлған,
Не боламын, тіршілікке жоқ сенім.
Ескерткіш боп қалсын осы бір зарым,
Білсін елім Москваның құрбанын.
Осындай да сөз қалдырмай кеткен көп,
Сөнбей қалған жүрегімде бір жалын.
Өлілер бар, тірілер бар қасымда,
Бәрі де өңкей сабаздар ед басында.
Жан түршігер мұндай жайға тап болдым,
Балбыраған дәл он сегіз жасымда.
Мен жатырмын госпитальде сарылып,
Паршаланып бар мүшеден арылып.
«Осколканың» ішке салған зақымы,
Сегіз рет сегіз жерден жарылып.
Туған жерді, ата-ананы сағынам,
Дәрменім жоқ, елге барып не қылам.
Он сегізде басқа түсті ауыр іс,
Екі көзге жастан моншақ тағынам.
Шіркін, менің екі аяғым барында,
Озар бар ма ед жарысқанда ауылда.
Домбыра алсам он саусағым ойнайтын,
Оқу оқып мектепте өскен шағымда.
Мененде асқан бір мүгедек бар ма екен?
Өз жайымды өзім айтсам ар ма екен?
Қарай-қарай қапаменен қамықтым,
Екі көзім неге аман қалды екен?!
Көзім көріп жан-жағымды жайнайды,
Қызыл тілім дем алмастан сайрайды.
Ортасы жоқ табуретке астында,
Сестралар қайта-қайта байлайды.
Дұшпанымнан қалай көп кек алмадым,
Үнім өшкір тілім неге сайрадың.
Елім, жұртым ести қалса қиында,
Бүйткенімше неге өліп қалмадым.
Жолдастарым, ұмытыңдар, келмеңдер!
Ата-анама ешбір хабар бермеңдер!
Әзер болса менде бірі болармын,
Аз емес қой хабарсыз боп өлгендер.
Менің орным — госпитальдің сөресі,
Болған жерім — Украина белесі.
Туысқандар қабіріне қойылсын,
Бұл мүгедек домаланған денесі.
Өкпем жоқ
Ұмтылдым өріне өмірдің,
Өкінбес жандай боп көріндім.
Мен саған қанша ынтық болсам да,
Тағдырым, сен мені көп ұрдың.
Қалдым мен кей кезде қапы тым,
Бәріне жетпеді уақытым.
Жетем деп келемін, білмеймін,
Жақын ба, алыс па бақытым?
Өтетін өткел көп, өткем жоқ,
Өтем деп үдеймін өктем боп.
Қалмаспын қамығып жетпесем,
Өмірім, өзіңе өкпем жоқ.
1944 жыл 19 октябрь.