Ауладағы ағаш орындықта бес кішкентай қыз отыр.
– Күн қандай жылы! – деді Әйгерім достарына қарап.
– Иә, өте жылы, – деді Балгүл Әйгерімді қостап.
– Қыстан құтылдық-ау, әйтеуір, –
деді Жазира сөзге араласып.
– Қыздар, басқа әңгіме таппадыңдар ма? – деді Күләй. – «Көр-жерді» сөз етіп.
– «Көр-жер» деген не? – деді Ақжібек таңырқап.
– «Көр-жер» деген — ұсақ-түйек, болмашы бірдеңе деген сөз.
– Оны қайдан білесің?
– Әжемнен естігем.
– Ал әжең қайдан біледі?
– Ол кісі — біздің үйдегі «үлкен сөздік». Бәрін біледі.
Осы тұста әңгімеге Жазира араласты.
– Әжем айтқан, Күләйдың әжесі ұстаз болыпты. Көп оқыған, көпті көрген кісі.
– Бір сөз үйрендік, бұл да — білім, – деді Балгүл.
– Достар, – деді сосын. Жақында жазғы демалысқа шығамыз. Қандай жоспарларың бар?
– Мен Алматыға барам, – деді Ақжібек.
– Талғар қаласында тұратын нағашы ағамның үйіне барамыз. Олар жеке үйде тұрады. Бау-
бақшасында жеміс-жидек мол.
– Ал мен Ақмола облысындағы Бурабайға барамын. Былтыр Абылайхан алаңына барғанбыз. Көкшетау, Оқжетпес, Жұмбақтас таяқ тастам жерде, – деді
Әйгерім.
– Біздің ауылда жақында-
рымыз жоқ, – деді Балгүл мұңайыңқырап.
– Мен үйде қалып, кітап оқитын шығармын. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» хикаятын, қазақ ертегілерін және «Робинзон Крузоны» оқимын.
– Байқасам, біздің есімдеріміз сондай әдемі екен, – деді Күләй. – Құлаққа жағымды. Бірақ мағынасын өзіміз білеміз бе осы?
– Мен білемін, – деді Әйгерім.
– Менің атымды әжем Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан алыпты.
– Мағынасы қалай екен? – деді Балгүл. Әйгерім іркіліп қалды.
– Қарсы болмасаңдар, барып Күләйдің әжесінен сұрайық.
– Сұрасақ, сұрайық.
– Онда кеттік…
Орнынан тұрған қыздар көше басындағы көк қақпаға қарай беттеді.
– Жаңа туған сәбиге жарасымды ат қою – ата-бабамыздың жақсы дәстүрі! – деді Әсем әже қыздарға қарап.
– Таңдалған әрбір есімде жақсы ниет жатады. Сондықтан сендер өз аттарыңның мағынасын білулерің керек. Мәселен, Балгүл – «бал шырынды гүл, ата-ананың ең сүйікті баласы» деген мағынаны білдіреді. Ал Әйгерім – «әй» және «керім» сөздерінен қосылған. Атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында бұл есімнің тарихы баяндалады. Оны білу үшін кітапты оқу керек. Оқисыңдар ма?
– Оқимыз, әже!
– Жарайсыңдар! Енді Жазираға келсек, бұл сөз «кең дала, жасыл аймақ» деген мағынаны білдіреді. Баланың көз аясы ашық, мінезі кең, көпшіл болсын деп қойған. Ал Күләй – «гүл» және «ай» сөздерінен жасалған. Ай мен гүлдей жайнап жүрсін деп қойған. Ақжібек – «жібек» сөзіне «ақты» қосып, аппақ, әдемі болсын деп қойған. Көрдіңдер ме, сендердің аттарың өте мағыналы. Сол үшін сендер сол атқа лайық боп өсулерің керек!
– Рақмет, әже!
Гүлдей жайнаған қыздарды Әсем әже кезек-кезек құшағына қысты.
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы.