Photo Valeriy BUGAYEV

Кеше аймақ басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласына жұмыс сапарымен барып, ондағы қабырғасы қаланып жатқан бірқатар нысандар мен күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан әлеуметтік мекемелердің жағдайымен танысты. Сондай-ақ, шаһардағы автокөлік жолдарын қайта жаңарту, жылу маусымына дайындық жұмыстарын да қадағалап қайтты.

 

Облыс әкімі алдымен Ақсу қаласының іргесінде орналасқан Үштерек ауылына ат басын бұрды. Мұндағы салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен таныс болды. Жаңа нысанға жауапты мердігер —
«Промжилстройкомплект» ЖШС-нің директоры Виталий Овцыновтың айтуынша, спорт мекемесі осы жылдың шілде айынан бастап салынуда. Бұл бағыттағы жұмыстарға қазынадан 381,2 миллион теңге қарастырылған.

— Спорт кешенінің жалпы аумағы 812 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда іргетасы құйылып, қабырғалары қалануда. Сыртындағы негізгі жұмыстар біткеннен кейін бірден залды істеуге кірісеміз. Бүгінде құрылыс басында 15 адам тынымсыз еңбек етуде, — дейді мердігер ұйымның басшысы. Жоспар бойынша құрылыс жұмыс-
тары биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Жалпы, ағымдағы жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Ақсу қаласына қарасты Алғабас, Еңбек, Үштерек, Пограничник, Қанаш Қамзин ауылдарында спорт кешендері салынуда. Алайда құрылыс жұмыстарының мерзімінен кешігіп жатқаны байқалады. Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Марат Зенов аталған жағдайға жосықсыз мердігерлер мен қаржының кешігуі себеп болғанын алға тартты.

— Бұл жерде мердігер ғана емес, шенеуніктердің де жазығы бар. Құрылыс бөлімінің басшысы жауапкершілікке тартылып жатыр. Сіздер қайда қарадыңыздар? Бұл —
өте маңызды жобалар. Қаражат аларда халықтың сұранысына ие мәселелер екенін айтып, қолдау көрсетуімізді сұрадыңыздар. Әрине, спорт кешендері керек. Балалар телефонда телміріп отырғанша, спортпен шұғылданғаны дұрыс. Сол үшін нысандар кешікпей халық игілігіне берілуі тиіс, — деген облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды. Сонымен қатар, ол жыл соңына дейін шаруа бітпесе, жауаптылардың жылы орнын босататынын да тілге тиек етті.

Үштерек ауылының тұрғындары аймақ басшысына атқарылып жатқан жұмыстар үшін алғысын айтып, күрмеуі шешілмеген мәселелерін де жеткізді. Солардың бірі —  Давахан есімді ақсақал:

— Биыл ауылымызға кіреберіс жол жөнделді, ауызсу да бар. Енді спорт кешені салынуда. Халық үшін жасалып жатқан игі істер үшін алғысымыз шексіз. Бірақ мәселе де жоқ емес. Бүгінде бұл елді мекенде көпбалалы отбасылар көбеюде. Шағын орталықта орын тапшы. Сол үшін балабақша қажет. Осы мәселені шешуге қолдау көрсетсеңіз, — деген өтінішін айтты. Кейбір тұрғындар мәдениет үйі керек екенін алға тартты. Тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асқан Асайын Байханов:

— Әрине, бәрі бірден шешілмейді. Сондықтан келесі жылы облыстық бюджеттен қаржы қарастырып, балабақша мәселесін реттейік. Одан кейінгі жылы мәдениет үйінің мәселесін қарастырайық. Үштерек —
қаймағы бұзылмаған ауылдардың бірі. Халқының саны да көп. Облыс бойынша 352 ауыл бар болса, оның 30-ында ғана
1 мыңнан астам халық тұрады, қалғандары —
шағын ауылдар. Сондықтан мұндай үлкен елді мекендерді қолдауымыз керек. Біраз шыдаңыздар, сабырлық танытыңыздар! — деді.

Тұрғындардың айтуынша, қазіргі таңда осында 1600 адам тұрады. Мектепте 385 оқушы білім алса, шағын орталықта
40 балғын тәрбиеленуде. Балабақша кезегінде 70 бала тұр. Қуантарлығы, халық саны жыл сайын артуда екен.

Бұдан кейін облыс әкімі Ақсу қаласының орталығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің «Достық» стадионының күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Аталмыш нысанды салуға 399 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда спорт алаңында баспалдақтарды қалпына келтіру, пластикалық орындықтар орнату және өзге де жұмыстар жүргізілуде. «Цитадель» мердігерлік ұйымының басшысы Игорь Веретнов күрделі жөндеу жұмыстарын осы жылдың қазан айына дейін аяқтайтынын айтады.

— Соншалықты күрделі мәселе жоқ. Фут-
бол алаңына қажетті материалдар алынды. Осы аптаның соңына дейін бетон жұмыстарын бітіреміз. Қазіргі таңда жарықдиодты экран орнатылып, жарықтандыру, аумақты абаттандыру, қоршау жұмыстары жүргізілуде. Тек трибуналарды күрделі жөндеу бойынша ғана кешігу бар. Оған олардың көлемінің біркелкі болмауы себеп болды, —
дейді Игорь Веретнов.

Аймақ басшысы сапар барысында қаладағы бірнеше шағын ауданда автокөлік жолда-
рын қайта жаңарту жұмыс-тарының жай-күйімен де танысты.  Бұл бағыттағы жұмыстармен айналысып жатқан «Гордорстрой» ЖШС-нің директоры Игорь Моисеевтің айтуынша, биыл 15,5 шақырым жол жөнделеді деп жоспарланған.

— Шағын аудандардағы 19 көшенің 14-і жөнделді. Қазір жұмыс жалғасуда. Енді бес көше ғана қалды. Оларды жөндеу жұмыстарын биыл қазан айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді мердігер.

Атап өтерлігі, Ақсу қаласында жол жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүзеге асуда. Ағымдағы жылы қала көшелерінен бөлек, бес ауылдың кіреберіс жолдары жөнделуде. Келесі жылы 7 ауылдың кірме жолы жөнделеді деп жоспарлануда.

Қаланың жылыту маусымына дайындығы да әкім назарынан тыс қалған жоқ. Ол  шаһардағы 3, 5, 8 шағын аудандарын жылыту жүйесі бойынша атқарылған жұмыстарды пысықтады. Сонымен қатар, Ақсу қаласында салынған жаңа қазандыққа қатысты ақпаратымен де бөлісті.

— Бұл қазандыққа биыл сәуір айында іске қосу сынақтары жүргізілді. Сол кезде күл шығару жүйелерінің жұмысы дұрыс болмады. Яғни, температуралық параметрлері талапқа сәйкес келмегендіктен, біз оны қабылдаудан бас тарттық. Қазір мердігер өз қаражаты есебінен қазандыққа техникалық өзгерістер жасауда. Бірақ қазандықтарды іске қосу жылыту маусымының басында немесе аяғында ғана болады. Олар осы күзде үлгермейді. Келесі жылы көктемде жасалатын сынақтарға байланысты шешім қабылданады. Егер, қазандықтың жұмысынан ақау шықса, сотқа арыз түсіреміз, — деді Асайын Байханов.

Сапар барысында облыс әкімі Ақсу қаласында салынып жатқан мұз аренасы, күрделі жөндеуден өткен №16 балабақша және көптен күрделі жөндеу көрмеген Ы.Алтынсарин атындағы қазақ мектебіне де бас сұқты.

Жаңа кейіпке енген балабақшаның қызметкерлері мен ата-аналары алғыс білдірсе, 85 жылдық тарихы бар Ақсудағы алғашқы қазақ мектебінің ұжымы білім ордасының қабырғасы қаланғалы күрделі жөндеу көрмегенін айтып, көмек сұрады.

 

Нұржайна ШОДЫР.