Жасыратыны жоқ, бүгінде ел арасында екпеге қатысты екіұдай пікір қалыптасуда. Біреулер түрлі дертке екпе ғана ем десе, енді біреулер оның пайдасы кем деген пікір айтып, вакцинадан жапа шеккен жандардың жағдайын әлеуметтік желі арқылы жалпыға жария етуде. Өкініштісі, кейінгі кезде мұндай жайсыз жаңалықтарды жиі еститін болдық. Осындай көріністер көпшілікке әсер етті ме, елімізде баласына екпе салдырудан бас тартатын ата-аналар көбейген. Қоғамға қозғау салған мәселенің мән-жайына біз де үңіліп көрген едік.

 

Мамандар пікірі қалай?

 

Бауыр еті баласына екпе салдыруға қарсылық білдіретін ата-аналардың азаймай тұрғаны ақ желеңділерді алаңдатуда. Себебі, олар вакцинадан бас тартудың соңы үлкен қауіпке әкелуі мүмкін екенін айтады.

— Вакцинация иммундық жүйені түрлі инфекциядан қорғайды. Яғни, екпе ауыр асқынулардың, тіпті өлімнің алдын алады деп айтуға болады. Ал профилактикалық егуден жаппай бас тартқан кезде инфекциялар қайта оралады. Сондықтан екпе егуге бірден қарсылық танытуға асықпау қажет. Егер күмән болса, дәрігермен кеңесіп, жұқпалы аурудың қауіптілігі мен вакцинаның пайдасы туралы толық ақпарат алған жөн. Кейбіреулер иммунитетті вакцинациямен емес, жұқпалы ауру жұқтырса да табиғи жолмен қорғаған жөн деген пікір айтады. Бұл дұрыс емес. Себебі, аурудың кері әсері қандай болатынын ешкім де болжай алмайды. Дерт дендесе, мұның соңы қайғылы жағдайға әкеліп соғуы да ықтимал, —
дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар-таменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова. Сондай-ақ, ол профилактикалық вакцинацияның арқасында ғана «ұжымдық иммунитет» қалыптасатынын айтады. Егер елімізде дифтерия және полиомиелит сынды сирек кездесетін сырқаттарға қарсы екпе егу тоқтатылса, олар қайтадан өршуі мүмкін екенін де алға тартуда.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департа-ментінің ақпараты бойынша, биыл жыл басынан бері аймағымызда
16 жасқа дейінгі балалар арасында екпе алуға қарсылық танытқан 54 жағдай тіркелген. Ал соңғы бірнеше жылдың ішінде облыстық екпеден бас тарту реестрінде 958 баланың тіркелгені анықталған. Мұның себептеріне тоқталар болсақ, олардың ішінде 729 адам жеке сеніміне байланысты екпе алмаса, 147 азамат вакцинаға сенімсіздік танытқан, 72 тұрғын діни көзқарасына, 10 павлодарлық әлеуметтік желідегі ақпараттарға байланысты шешім қабылдаған көрінеді.

Департамент басшысы орынба-сарының айтуынша, биыл аймақ бойынша 62 мың бала мен жасөспірім және 20 мың ересек адамды егу жоспарланған. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында қызылша, қызамық, паротит, көкжөтел, сіреспе, дифтерия, гемофильді инфекция, А және В вирустық гепатиті, БЦЖ, пневмококктық инфекция ауруларына қарсы
20 084 бала вакцина алған. Ал 16 мың бала, 3900 жасөспірім және 9643 ересек адам аталған вирустық ауруларға қарсы ревакцинацияланған.

Эпидемиолог мамандар халық арасында екпе егілудің пайдасы мен аурудың алдын алуға бағытталған жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатқанын айтады. Соған қарамастан бас тартатындар қатары азаяр емес.

— Жұқпалы аурулардың алдын алудың бір ғана жолы бар. Ол — екпе салдыру. Сондықтан ата-аналарды, тұрғындарды балаларына жоспарлы вакцина салдыруға белсенді қатысуға шақырамын. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керектігін түсінуге тиіспіз, — дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев.

 

Қауіп бар ма?

«Таяқтың екі ұшы болады» демекші, адам ағзасы үшін екпенің пайдасымен қатар, қауіп те бар екенін мамандар жоққа шығармайды.

— Вакцинация да басқа медициналық емшаралар сияқты белгілі бір қауіптерге ие. Анығын айтқанда, екпеден кейін реакция- лар және асқынулар болуы мүмкін. Реакцияларға қызба, әлсіздік, инъекция орнындағы ауырсыну, қызару сынды белгілер жатады. Бұл симптомдар өздігінен өтеді және адам өміріне қауіп төндірмейді. Аталған өзгерістер денеде иммундық реакция қалыптаса бастағанын білдіреді. Ал вакцинациядан кейінгі асқынулар өте сирек кездеседі. Мұндай жағдайда тырысулар, естен тану, дене қызуының жоғарылауы, жалпы жағдайдың күрт нашарлауы сияқты белгілер байқалады. Егілген адамның осындай күйге түсуіне екпе салу техникасының бұзылуы, вакцинаны дұрыс сақтамау, иммундық жүйенің жеке ерекшеліктері және бұрын болған аурулардың салдары кері әсерін тигізуі ықтимал, — дейді Зәмзәгүл Дощанова. Оның айтуынша, вакцинациядан кейінгі асқынулар медициналық бақылауды және емдеуді қажет етеді. Осындай қауіпті жағдайға жол бермес үшін екпе салу ережелерін қатаң сақтаған жөн екенін айтады.

— Біріншіден, балаға екпе салмас бұрын дәрігер немесе фельдшер оны мұқият тексеруі тиіс. Яғни, екпе алушының денсаулығы туралы мәліметтерді қарап, дене қызуын өлшеп, екпе егілуге болатындығын анықтауы қажет. Баланың денсаулық жағдайы туралы қорытынды мен вакцинаға рұқсатты дәрігер (фельд- шер) жазбаша түрде қолын қоя отырып рәсімдейді. Бұл ретте, ата-аналар және қамқоршылардың екпе салдыруға келісімі немесе жазбаша түрде бас тарту құқығы ескеріледі. Вакциналарды егуге рұқсаты бар медбикелер ғана салады. Оларға мұндай құқықты арнайы оқыту мен аттестаттаудан өткеннен кейін медициналық ұйымның басшысы береді. Сондай-ақ, ол екпелер арнайы жабдықталған бөлмеде жүргізіліп, оны сақтау және тасымалдау барысы бақыланып отырады, —
дейді ол. Соған қарамастан, вакцинаға қатысты қателіктерге жол беріліп жатқаны өкінішті. Мәселен, осы жылдың басында облыстық прокуратура денсаулық сақтау басқар-масының орталықтандырылған сақтау қоймасынан медициналық мекемелерге жіберілген дәрі-дәрмектердің жарамдылығы өтіп кеткенін анықтаған. Нәтижесінде, жарамсыз препараттар жойылып, кінәлі адамдар жауапқа тартылды. Тексеру барысында мерзімі өткен екпенің екі балаға салынғаны анықталған. Абырой болғанда, әлгі екеуі де аман, жағдайлары жақсы, дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев.

Демек, екпені салу, сақтау талаптары қатаң қадағаланбаса, одан төнер қауіп те бар екенін ескерген жөн.

 

Ата-аналар алаңдаулы…

Соңғы уақытта баласына екпе салдырғаннан кейін түрлі асқынулар мен ауруларға тап болғанын айтып, араша сұраған ата-аналар қатарының артқаны байқалады. Әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы мұндай шағымдарын жеткізіп жатқан жандарды көптеп кездестіруге болады. Жақында ғана желіде жанары жасқа толған жас ананың бейнежазбасы жарияланды. Онда ол 4 айлық сәбиі екпеден кейін есінен танып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққанын баяндайды. Бұл бейнежазба екпеге деген қоғамның қорқынышын еселей түсті. Мыңдаған адам пікір қалдырып, жапа шеккен бейкүнә сәбидің сауығып кетуіне тілекші болды.

Ең өкініштісі, елімізде вакцинадан кейін баланың денсаулық жағдайы нашарласа, ешбір маман да, мекеме де жауапкершілікті мойнына алмайды. Өйткені, баласына екпе салмас бұрын ата-ана арнайы рұқсат қағазына келісімін беріп, қол қойғаннан кейін ешкімді де айыптай алмайды. Тіпті, екпеден кейін баланың бойында пайда болған кері әсерді дәлелдеу де мүмкін емес, дейді көпшілік. Себебі, біздің елде әзірге бұл мәселені зерттеп, анықтаумен айналысатын органдар жоқтың қасы. Ал Америка, басқа да дамыған елдерде арнайы вакциналық сот жұмыс істейді екен. Сол жерде екпенің зардабын көрген балалар мен олардың ата-аналарының құқығы қорғалады. Жазықтылар жауапқа тартылады. Бізде мұндай қатаң тәртіп болмағандықтан дәрігер-лердің көбі вакцинаның пайдалы жақтарын ғана түсіндіреді. Бірақ зияны да бар екенін білгенімен, бүгіп қалатыны жасырын емес. Сеніміне селкеу түскен бұқара шетелдердегі сияқты екпеден зардап шегушінің құқығын қорғайтын мекемелер Қазақстанға да қажет екенін айтады.

—  Пандемиядан кейін учаскелік медбикенің шақыруы бойынша екі балама да екпе салдырдым. Екпеден кейін балалар мазасызданды, қызуы көтерілді. Әдеттегідей ыстықты түсіретін дәрі беріп, тәуір болды. Арада бірнеше ай өткен соң ұлым аяғы ауыратынын айтып, біраз жүрсе шаршап қалатынды шығарды. Оны учаскелік педиатрдың қабылдауына апардық. Дәрігеріміз невропатологқа, ал ол неврологқа жіберді. Сөйтіп, бұл маман баланың сирек кездесетін ауруға шалдығуы мүмкін екенін айтып, қан талдауларын Астана қаласындағы медициналық орталыққа жолдады. Оның қорытындысы бойынша, баланың болжанған аурудан аман екені анықталды. Бірақ аяғы ауырып, жүріп-тұруының қиынға соғуының себебін дәрігерлер анықтай алмады. Ақыр аяғында несие алып, Алматы қаласындағы бір беделді медициналық орталыққа ақылы түрде тексерттік. Ондағы білікті маман баланы заманауи аппаратқа отырғызды. Бұдан кейін бұл баланың әу баста гипоксиямен туылғанын, кейін АКДС екпесін алғаннан соң реакция болып, оның әсері аяққа берілгенін айтып түсіндірді.  Сөйтіп, тиісті ем-дом алғаннан кейін ұлым тәуір болып қалды. Осы баламен әлек болып жүріп, 2 жасар тықылдақ қызымның да сөйлеу тілінің қалай тежелгенін байқамай қалдым. Оған да екпенің кері әсері тиді ме деп ойлаймын. Бүгінде оны қатарына қосу үшін түрлі мамандардың есігін тоздырып жүрміз. Әрине, оның бәрі ақылы. Тегін көмек алу үшін айлап кезекте тұрмыз. Біздің мемлекетте шетелдегі сияқты мұндай балалардың құқығын қорғауға көмектесетін мекеменің болмауы өкінішті, — дейді павлодарлық көпбалалы ана. Ал Павлодар қаласының тұрғыны Айгүл (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді) есейіп қалған ұлының сал ауруына шалдығуына екпенің кесірі тигеніне толық сенімді екенін айтады.

— Мен баламды Алматы қала-сында босандым. Ол мерзімінен бұрын, яғни 7 айлық болып туылды. Оған 6 ай толғанда невропатолог дәрігер екпе алуға болатынын айтты. Екінші вакцина егілгеннен кейін балам жылай берді. Содан жағдайы оңбады. Жеке меншік клиникадағы тәжірибелі невропатолог маманға көрсетіп едік, шала туылған балаға ауыр екпелер салдыруға мүлдем болмайтынын айтты. Ол кезде бәрі кеш еді. Балам жарымжан болып қалды, — дейді жапа шеккен ана.

Өкінішке қарай, осындай күй кешкен ата-ана аз емес. Бірақ сөз басында айтып өткеніміздей, ешкім мойнына жауапкершілік алмайтындықтан, тіпті бұл мәселе мемлекеттік деңгейде талқы-ланбайтындықтан жабулы қазан жабулы күйінде қала беруде.

 

АКДС: сенім мен селкеу

Мамандардың айтуынша, екпе-лердің ішіндегі ең ауыры – АКДС. Жалпы, ата-аналар да осы вакцинадан кейін балада мазасыздық жиі байқалатынын айтады. Тіпті, кейінгі кезде сөйлемейтін балалар санының артуына аталған екпенің әсері бар дейтіндер көбейген. Алайда дәрігерлер бұл пікірмен келіспейтінін алға тартуда.

— Ата-аналар алдымен вакцина туралы объективті ақпараттарды көбірек зерттеуі керек. Екпеден бас тартудың салдары инфекциялардың өршуіне әкеліп соғады. Ел арасында көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы вакцинация церебральды сал ауруына және сөйлеудің кешігуіне әкеледі деген пікір бар. Біздің елімізде балалар жасушасыз АбКДС вакцинасымен егіледі. Бұл препарат церебральды сал ауруын немесе сөйлеудің кідірісін тудыруы мүмкін емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректері бойынша АбКДС екпесінен кейінгі асқыну ықтималдығы 1:2,5 млн екенін айта кеткен жөн. Вакцинациялар адамның психикалық дамуының бұзылуын да тудырмайды. Жалпы, еліміздегі иммундау үшін қолданылатын барлық екпеде ДДҰ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының сапа және қауіпсіздік сертификаттары бар. Қолданылатын вакцина халық үшін қауіпсіз, — дейді Зәмзәгүл Дощанова.

Айта кетерлігі, өткен ғасырдың аяғында Англия мен АҚШ-та АКДС екпесіне қарсы қоғамдық қозға-лыстар болған екен. Аталған мемлекеттердегі ата-аналар бұл екпені балалар арасындағы көп кеселге себепші екенін айтып, сотқа ұжымдық арыз түсіреді. Оның ақ-қарасын анықтау үшін ұзақ уақыт және ауқымды зерттеулер жасау қажет болады. Бұл туралы практик педиатр, жұқпалы аурулар мен екпелер бойынша маман, иммунолог әрі вирусолог Пол Оффит өзінің Америка мен Еуропадағы екпе тарихы туралы «Қатерлі таңдау» деген еңбегінде кеңірек жазған деген мәлімет бар ақпарат көздерінде. Бұдан кейін америкалық билік екпе өндірушілерді қорғайтын «Балалар екпесінен зардап шеккендерге өтемақы беру туралы» ұлттық заң қабылдайды. Сол бойынша фармацевтикалық компа-ниялардың жауапкершілігі артып, ата-аналарды екпенің қауіпсіздігі туралы ақпараттандыру механизімі қалыптасып, екпелердің жанама әсерін тіркеу жүйесі құрылған. Нәтижесінде, еуропалық фармкомпаниялар әлдеқайда қауіпсіз АКДС
екпесін жасап шығаруда деседі.

Дегенмен де, бұдан 100 пайыз қауіп жоқ деп айту ақылға қонымсыз. Дәрігерлер әр адамның ағзасы әр түрлі болғандықтан екпе алған бір мың баланың біреуіне ауырлау тиюі мүмкін екенін де айтады. Сонымен қатар, ақ желеңділер егер халық жаппай вакцинадан бас тартса, елде екпе салдырмағандардың саны артып, жұқпалы аурулардың қаулайтынын да қатаң ескертеді.

 

Асыл дініміз не дейді?

Медицина мамандары діни ұстанымына қатысты екпеден бас тартатындар аз еместігін алға тартуда. Ал дін өкілдері керісінше, Алла берген денсаулықты сақтау үшін екпе алудың еш әбестігі жоқ екенін айтады. Павлодар қаласына қарасты Әбу Бәкір Сыддық медресесінің директоры, облыстың пәтуаға жауапты маманы Есімбек Советұлы ислам дінінде екпеге ешқандай шектеу жоғын жеткізді. Сондай-ақ, ол Қазақ-стан мұсылмандар діни басқар-масының Muftyat.kz сайтындағы екпеге қатысты төмендегі ақпаратты ұсынып, осыдан артық алып-қосары жоқ екенін мәлімдеді. Онда былай деп жазылған (ақпарат қысқартылып алынды):

— Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік», – дейді (Ахмад ибн Ханбал). Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді. Әйтсе де ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген кісі зиян көрмейтіні анық. Вакциналау заңды түрде әрі кәсіби мамандардың нұсқауымен жүзеге асуы керек. Бұл мәселе медицинаға қатысты болғандықтан, сол саланың мамандары оны жан-жақты зерттеп, адамның денсау-лығына пайдалы немесе зиянды тұстарын анықтап, оны қолдану туралы нақты шешім қабылдауы тиіс. Өйткені, Алла Тағала Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахыл» сүресі, 43-аят), — деген. Вакцина құрамында шариғатта тыйым салынған заттардың болмауы тиіс. Себебі, шариғатта кез келген
харам затпен емделуге рұқсат жоқ.

Вакцина адамның денсау-лығына зиян келтіріп, оның ауруын асқындырып немесе мүгедек етіп қоймауы тиіс. Ислам діні әрқашан зиянды нәрседен аулақ болуға шақырады. Пайғамбарымыз: «Өзіңе де, өзгеге де зиян беруге болмайды» (Ахмад ибн Ханбал), – деп айтқан. Сондықтан вакциналау денсаулыққа зиянды болса немесе пайдасынан зияны көбірек болса, онда емделудің басқа жолын қарастыру қажет.

Міне, өздеріңіз куә болғандай, ислам дінінде де екпеге еш қарсылық жоқ. Тек оның адам денсаулығына кері әсері тимесе болғаны.

       *  *  *

  Осылайша, екпеге қатысты ел пікірі екіге жарылуда. Медицина мамандары адам өміріне қауіп төндіретін жұқпалы ауруларды ауыздықтау үшін вакцинаның тиімділігі зор десе, екпенің салдарынан есеңгіреп қалған қауым пайдасынан зияны мол екенін айтып, өзгелерді сақ болуға шақыруда.

Тарихқа жүгінсек, екпе болмаған заманда мыңдаған қазақ оба, тырысқақ, сүзек, қызылша сияқты қатерлі кеселдің кесірінен қырылып қалғаны белгілі. Кейін вакцинаның арқасында мұндай қауіпті індеттер азайды. Бірақ бүгінде екпеден кейін баласы мүгедек болып қалған ата-ананың жанайқайын естігенде, шыбын жанын қоярға жер таппай шырқыраған балалардың көз жасын көргенде еріксіз жүрегің ауырады. Сонда не істемек керек? Ал сіз қандай ой қосасыз, құрметті оқырман?

Нұржайна ШОДЫР.