Қалада білім алып, жайлы өмірге үйреніп қалған жастардың көбі ауылға еңбек етуге соншалықты құлшына қоймайтыны рас. Шамасы келсе, қалалық жерді мекен етіп қалғысы келеді. Салдарынан ауылдарда маман тапшылығы қалыптасады. Мұндай кадр жетіспеушілігі медицинада орын алуы, тіпті, қиын. Бірақ, біздің кейіпкеріміз жылдар бойы дәрігерлік мамандықты меңгеріп, туған өлкесіне – ауылға тер төгуді жөн көрген.
Железин аудандық ауру-ханасының бас дәрігері Роман Пактың айтуынша, Игорь Макроменко жас та болса, бүгінде ауданның беткеұстар білікті мамандары қатарына қосылып үлгерген.
— Алты жыл бұрын Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін бітіріп, терапевт дәрігер атандым. Ойланбастан туған ауылымда қызмет етуді таңдадым. Ата-анамның қасында өзім туып-өскен өлкеге өз үлесімді қосуға бел будым. Еш өкінбеймін, — дейді Игорь Александрович.
Анасы – стоматолог. Анасының жақындарының бәрі дерлік медицинада еңбек еткені бала Игорьдің болашақ мамандықты таңдауына әсер еткен көрінеді. Ол кішкентайынан өзін ақ желеңділер қатарынан көреді. Арманы орындалды.
— Дәрігер – адам жанының арашашысы. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сондықтан саналы түрде таңдадым. Ауылда қызмет етуді де жаным қалады. Жұбайым Карина да — жалпы практика дәрігері. Ол қазір декреттік демалыста. Бір ауылға осылай екі жас маман болып әріптестеріміздің қатарын толықтырдық. Бар білгенімізді, оқып-үйренгенімізді, тәжірибемізді тұрғындар денсаулығын жақсартуға бағыттай бермекпіз, — дейді жас маман.
Жас мамандар ауылға үлес қосуға келді. Ендігі мәселе олардың тұрақтап қалуы, әлбетте. Осы ретте, елімізде «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы бар. Игорь Макроменко да бұл мемлекеттік қолдауды көріпті. Алғаш келген жылы көтермеақыға қол жеткізсе, екі жыл бұрын төмен пайызды несие алып, баспаналы болған.
Железиндік тұрғындардың сенімінен шығып жүрген жас маман ауылдық медицинаның өзіндік қиындықтары барын жасырмайды. Әсіресе, толыққанды диагностика жасауға жабдықтардың жеткіліксіздігі қолбайлау, дейді.
— Ауылдың шалғайлығы және кейбір заманауи аппараттардың жоқтығы, маман тапшылығы қынжылтады. Әйтпесе, ауылда да табысты еңбек етуге болады. Алты жыл ішінде қызметімде түсініспеушілік орын алған емес. Тұрғындар қабылдауыма сеніммен келеді. Сол сенімді ақтауға тырысамын. Ауруханамызда стационарлық та, емханалық та қызмет етемін. Яғни, стационарда жатып емделетін науқастарға, күнделікті қабылдауға келетін тұрғындарға сырқатына қарай қажетті талдау түрлерін, емдік шараларын тағайындап жүрген жайым бар. Кейбір жағдайларда профильді мамандардан кеңес алып тұрамын. Жалпы, аурулардың белгілерін анықтап, диагноз қоюда қатты қиналған сәттерім болған емес, — дейді ақ желеңді.
Жас маман тұрғындар арасында онкологиялық сырқаттардың жиі тіркеліп жатқанына алаңдаулы. Көп жағдайда ауруы асқынып, төртінші сатысына өтіп кеткенде көмекке жүгінетіндер аз емес көрінеді. Мұндай жағдайда қолдан келер шара қалмайды. Айтуынша, тек паллиативті бөлімшеде науқасқа ауырсынуды басатын дәрі салып, күтім ғана жасалады. Сонымен қатар, қан айналымы жүйесі, ишемиялық аурулар, артериалды гипертония, қант диабеті сынды сырқаттар да көптеп кездеседі, дейді. Сондықтан жас дәрігер тұрғындарға уақытылы скринингтен өтіп, өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Иммундық профилактиканы да ұмыт қалдырмаса, дейді.
— Ауылдық медицинаға әлі де көзқарас өзгерсе деймін. Құрал-жабдық жағынан қолжетімділік әлі де төмен. Мәселен, бізге бірқатар компьютерлік томографтар, артериалды қысымды тәуліктік бақылау мүмкіндігін беретін аппараттар, холтер аппараты болғанын қалаймын. Сонымен бірге, заманауи биохимиялық анализаторлар да қажет. Диагностика бағыты бір орында тұрған жоқ. Даму үстінде. Сәйкесінше, белгілі бір диагнозды растау немесе жоққа шығару үшін мұндай жабдықтар бізге өте қажет, — дейді И.Макроменко.
Десе де, біз тілдескен ақ желеңді қолда бар мүмкіндікпен ауылдастарының денсаулығы үшін аянып қалмақ емес. Туған өлкесіне тұрақтап қалмақ.
Айта кетейік, қазіргі таңда облысымызда 166 дәрігердің орны бос. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әсіресе, ауылдық елді мекендерде ақ желеңділер тапшы. Жуырда аймағымызға 53 жас маман келген. Тағы 139 медицина қызметкері дәрігерлер қатарын толықтырады деп күтілуде. Жалпы, ауылдық медицинаны кадрлармен қамту үшін түрлі қолдау қарастырылған. Қазіргі таңда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жас мамандарға ауылдық елді мекендерге барғандарға 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы және баспана сатып алу үшін 0,01 пайыздық мөлшерлемемен 2000 АЕК шамасында несие беріледі.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.