Кеше облыс орталығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қолдау аясында мәслихаттардың 30 жылдығына арналған тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» турнирі ұйымдастырылды. Бұл жарыс республикалық турнирдің облыстық кезеңі десе болады.

 

Шахмат үйінде өткен ұлттық зияткерлік ойында бақ сынауға аймағымыздың аудан-қалаларынан мәлихат депутаттары, қызмет-керлері мен қоғам белсенділері қатысты. Айта кетейік, аталмыш турнирдің ұйымдастырылуына Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты және еліміздің барлық деңгейдегі мәслихаттары қолдау білдірген. Жарыстың салтанатты ашылуы кезінде қатысушыларға Халықаралық және ҚР Тоғызқұмалақ қауымдастығының төрағасы Әлихан Байменовтің бейнеқұттықтауы көрсетілді. Қауымдастық басшысы турнирдің неліктен «Абай жүлдесі» атанғанын түсіндіріп берді.

— Турнирдің бас жүлдесіне Ұлы Абайдың есімі берілуі тегін емес. Себебі, әр заманда қазақтың ұлы тұлғалары тек қана мықтыны анықтайтын сайыс емес, сонымен бірге тәрбие құралы болып келген тоғызқұмалаққа көңіл бөліп, оны дәріптеуге үлес қосса, Ұлы Абай өзі ойнап қана қоймай, төңірегіндегі шәкірттеріне жарыс ұйымдастырып, тоғызқұмалақ мектебін дамытқан. Соның заңды жалғасы ретінде кеңес идеологиясы қысымымен тоғызқұмалақтан айырылып қала жаздағанымызда оны қайта жандандырудың басы-қасында Мұхтар Әуезов пен Қалибек Қуанышбаевтар тұрды. Тоғызқұмалақ жарыстарында жеңімпаздар болады. Бірақ, біздің ортақ қағидамыз бар. Біздің жарыста жеңімпаздар болады, бірақ жеңілетін ешкім болмайды. Ұтатын –
ұлттық мұрамыз, — деді павлодарлық ойыншыларға бейнежазбасын жіберген Ә.Байменов.

Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко ойыншыларды облыс әкімі атынан құттықтап, сәттілік тіледі.

— Қазіргі таңда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында аймағымызда түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылуда. Облыста өтіп жатқан әлеуметтік спорттық шаралардың жиі өтуі біздің өңірде патриоттар мен спортшылар қатарының көптігін көрсетеді деп ойлаймын. Яғни, еліміздің мәдени-көпшілік өміріне атсалысуға асық адамдардың аз еместігін білдіреді. Бұған дейін шахматтан турнир өткізіп, республикада облыс намысын қорғайтын ойыншыларды анықтадық. Енді тоғызқұмалақтан да мықтыларымызды анықтап, Астанада өтетін республикалық жарысқа жолдаймыз, — деді Илья Теренченко.

Шарбақты ауданынан келген ерлі-зайыпты Нұрлыбек пен Гүлмира Рамазановтар тоғызқұмалақтан турнир өтетінін ести сала бірден қатысуға құлшынып тұратындарын айтады.

— Ұлттық ойынымызды меңгеріп алғаныма отыз жылдан астам уақыт болды. Мектепте мұғалім болып жүргенде үйренуге тура келген еді. Одан кейін өзім тереңінен түсініп алған соң шәкірттер дайындадым. Қазір зейнеттемін. Үйде қолымыз босаса жұбайымыз екеуіміз ойнап, тәжірибемізді шыңдап отырамыз. Бұған дейін ауданымыздың атынан түрлі турнирге қатысып, жүлделі орыннан көрініп келеміз. Мәселен, былтыр ардагерлер арасында өткен облыстық жарыста чемпион атандым. Жұбайым 50-60 жас шамасындағы азаматтар арасындағы облыстық сайыста бірінші орынды иеленді. Бұл — адамның ойлау жүйесіне өте пайдалы зияткерлік ойын. Сондықтан, әлі де күш-қуаттың барында жарыстардан қалмауға тырысамыз, — дейді Нұрлыбек Рамазанов.

Турнирдің бас төрешісі Шәріп Қашкенов 20-дан астам ойыншы 5 минуттан ойнайтынын, төрт жеңімпаз республикалық
жарысқа іріктеліп алынатынын атап өтті. Республикалық кезең 23 тамыз күні Астанада өтпек. Оған депутаттар арасынан 1-ші және 2-ші орын алған екі ойыншы, қоғам белсенділерінің
ішінен екі ойыншы республикаға жолдама алады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.