Аймағымыздың алты айдағы экономикалық даму көрсеткіштері қандай? Қай салада өсім бар? Алда қандай ауқымды жобалар жоспарлануда? Қай бағытқа басымдық берілуде? Міне, осы сұрақтарға Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берілді.

 

Дербестік берілді

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктің мәлімдеуінше, негізгі экономикалық көрсеткіштердің нәтижесі бойынша еліміздің өзге өңірлері арасында екінші орынды алып отыр. Мемлекет басшысы еліміздің экономикасының 6 пайыздық өсімін қамтуды тапсырғанын білесіздер. Қазіргі таңда осы көрсеткішке жету үшін облыста қосымша резервтер табылған. Әсіресе, ауыл шаруашылығындағы биылғы егіннің шығымдылығы айтарлықтай өсім береді деп күтілуде.

Басқарма облыстың бюджеттік саясатын қалыптастыруға жауапты. Сондықтан аймақ қазынасын уақытылы түзетіп, тұрғындар қажеттілігін қанағаттандыруға маңыз беріледі. Қазіргі таңда облыстық бюджеттің түзетілген көлемі 484 млрд теңгені құрайды. Өткен жылғыдан 34 млрд теңгеге өсім бар. И.Назарчук, әдеттегідей, әлеуметтік блокқа басымдық берілетінін атап өтті. Қазынаның шамамен 60 пайызы дәл осы салаға бағытталады. Бірқатар ұлттық жобаларды жүзеге асыруға қаржы қарастырылған. Атап өтсек, олар — «Жайлы мектеп», «Ауыл денсаулық сақтау саласын жаңғырту» бағдарламалары.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл қала-аудан әкімдерінің дербестігіне көңіл бөліне бастады. Яғни, қазынадан қаржы қарастырылып, олардың жүзеге асырылатын жобаларды өздерінің таңдауына ерік берілді. Ағымдағы жылы жалпы құны 7,7 млрд теңгенің 200-ден аса жобасы іске асуда. Бұл ретте, әкімдер тұрғындармен кездесулерде көтерген мәселелерін қамтуға басымдық береді. Нақтысы, аулаларды, саябақтарды абаттандыру, балалар және спорт алаңдарын орнату, көшелерді жарықтандыру, ішкі жолдарды жөндеу сынды ұсыныстар ескерілген.

Былтыр Железин, Ақтоғай, Шарбақты аудандарында аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Әкімдердің сайлауалды бағдарламаларында қамтылған ұсыныстар іске асырылуда. Ол үшін облыс қазынасынан 82 жобаға 7,9 млрд теңге бағытталған.

 

Баспананы өзі салса болады

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының барысы да – бақылауда, дейді Ирина Петровна. Бұл жоба шеңберінде облыста 16 елді мекен жаңғыртылуда. Аталмыш жоба аясында өңірімізде 56 жоба қолға алынған. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында мамандарды ауылдық елді мекендерге тарту жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылы баспана алуға жас мамандарға 167 бюджеттік несие үлестіру жоспарланған. Аудан орталықтарына баратындарға үй алуға берілетін максималды сома 10 млн теңгеге жуықтайды. Нақтысы, 2500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде несие беріледі. Ал шалғай ауылдарға тұрақтауға ниет еткендерге 2000 АЕК шамасында қарастырылған. Бұл – 7 млн теңгеден астам қаражат. Қазірдің өзінде 53 азамат бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгеріпті. Басқарма басшысы бюджеттік несиеге жас мамандар үйді өздерінің салып алуына да рұқсат барын мәлім етті. Себебі, кейбір ауылдарда сатып алуға тұрғын үй болмайтын жағдайлар кездеседі. Бағдарлама басталғаннан бері аймағымызда тек бір азамат баспананы өзі салып алған екен. Одан бөлек, жас мамандарға 442 көтермеақы төлеуге қаржы қарастырылған.

Аймағымыздың бас экономисі алдағы жылдарға жоспарланған бірқатар ауқымды жобаларға тоқталды. Мәселен, алдағы жылы Павлодар қаласында құны 19 млрд теңге  болатын мұз айдынын салу көзделуде.  Мұнда қысқы спорт түрлерінен спортшылар жаттықтырылмақ. Тұрғын үй құрылысының қарқыны, кезекте тұрған тұрғындарды баспанамен қамту ісі де бәсеңдетілмек емес. Биыл 2,9 млрд теңге мақсатты трансферт есебінен сатып алу құқығынсыз жаңа 200 жалдамалы пәтер сатып алынбақ. Одан бөлек, сатып алу құқығымен кезектегілерге баспана сатып алу үшін 12,8 млрд теңгенің құнды қағазы шығарылмақ. Оған 815 пәтер сатып алынатын көрінеді.

Брифинг барысында павло-дарлық футболды қаржыландыру жайы да сұралды. Ирина Назарчук қазіргі таңда бюджет қаражатын кәсіби клубтарға бөлу кезінде ҚР Спорт министрлігінің 2021 жылғы хаттамасына сүйенеміз, деді. Мәселен, облысымызда футбол спортына бөлінуі тиіс максималды сома 1,2 млрд теңге деп белгіленген. Осы мөлшерде ғана қаржы қарастырылады. Бұл сома үш қаланың футболдан кәсіби клубтары мен балалар футбол орталық-тарының қажеттіліктеріне жаратылады. Әр спорт түріне бөлінетін қаржының көлемі әртүрлі көрінеді. Дегенмен, бөлінетін қаражат көлемі жағынан футбол әлі де көш бастап тұр.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.