Photo Valeriy BUGAYEV

Биыл Ертіс-Баян өңірінде есімдері ел тарихында алтын әріптермен қашалған даланың дара перзенттерінің мерейтойлары аталып өтілуде. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы аясында Баянауыл ауданы Мойылды шатқалында тұлғалар этноауылы бой көтеріп, республикалық ақындар айтысы, ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.

Қазақ ғылымының атасы

Ауқымды шараға  ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, облыс әкімі Асайын Байханов, Қаныш Имантайұлының немересі Әлима Жармағамбетова, ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел азаматтары қатысты. Мерейтойлардың негізгі бөлігі Баянауыл ауданындағы Мойылды шатқалында өтті.

Тарихтың төрінен орын алған тұғыры биік таутұлғаларды еске алуға Қазақстанның барлық облысынан келген қонақтар үшін жүзден астам киіз үйден құралған этноауыл бой көтерді. Сондай-ақ, мерекелік бағдарлама автокөліктер мен ірі жүлде қоры тігілген қазақ күресі, көкпар және бәйге сынды жарыстарды да қамтыды. Этно-ауылда ортаазиялық халықаралық қолөнершілердің  бұйымдарының жәрмеңкесі және павлодарлық суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды.

Ауқымды шараның мәртебелі мейманы болған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов аталмыш іс-шараның ерекше маңыздылығы мен еліміздің абыройын асқақтатқан Қаныш Имантайұлының сіңірген еңбегін атап өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.

— Қаныш Сәтбаев – қазіргі заманғы қазақ ғылымының атасы. Ол Ұлттық ғылым академиясының негізін қалады, білікті ғалымдардың тұтас буынын тәрбиелеп шығарды, жаңа зерттеу жүйесін қалыптастырды. Сондықтан Ғылым қызметкерлері күні оның туған күніне орайластырылған. Халқымыздың біртуар перзенті көптеген кен орнын ашып, өндірістің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Еліміз әлі күнге дейін оның еңбектерінің игіліктерін көріп отыр. Сәтбаев мұрасы ұлтымыздың теңдессіз қазынасы саналады. Оның еңбегін жан-жақты дәріптеу – ортақ парыз. Болашақта Сәтбаев салған сара жол жалғасып, қазақ ғылымы қарқынды дами береді деп сенемін, – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Сонымен қатар, Ерлан Қошанов биыл қасиетті Ертіс-Баян өңірі мерейлі даталарға толы екенін атап өтіп, тарихи тұлғаларды ұрпақ жадында дәріптеу керектігін айтты.

– Биыл Қаныш Сәтбаевтан бөлек, қазақтың көрнекті жазушысы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Сондай-ақ, қазақ археологиясының атасы, көрнекті қайраткер Әлкей Марғұланның туғанына — 120 жыл. Қазақ киносының саңлағы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы. Бұл той – елдіктің тойы, бірліктің тойы, – деді Мәжіліс төрағасы.

Аймақ басшысы Асайын Байханов Баянауыл төріндегі мерейтойлардың маңыздылығына тоқталып, ақжарма тілегін ақтарды. Облыс әкімі биыл мерейлі даталардың барлығы кеңінен тойланып, жергілікті тұрғындар арасында тарихи тұлғаларды ұлықтау арқылы ұрпақтар сабақтастығына жол ашылатынын жеткізді.

— Хәкім Абай атамыздың «Адам адамнан ақыл, ғылым, ар және мінезбен ғана озады» деген қанатты сөзі бар. Осы айтылғандай ғылымға құштар ұрпақ тәрбиелеп, тарихымызды тану — біздің негізгі міндетіміз. Сондықтан бұл мерейтойлар өткенді саралап, ұлттық рухты бекемдей түседі деп сенемін. Ауқымды мерейтойға облысымыздың әр қала мен аудандары киіз үй тігіп, қонақжайлық көрсетті. Игі істің басы-қасында жүрген барлық азаматтарға алғыс білдіремін, — деді облыс әкімі.

 

Белгітас орнатылды

Алдымен тұлғалар мерейтойлары аясында Алаш қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі,  жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай Баянауыл ауданы, Қызылтау өңірі маңында «Мәдени кіндік» рухани тәрбие және білім беру кешеніне орнатылған белгітастың ашылу салтанаты өтті. Рухани шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, Ертіс-Баян өңірінің ақын-жазушылары, жергілікті тұрғындар мен бұл белгінің қойылуына түрткі болып, ел ішінде алғаш бастама көтерген өлкетанушы, еңбек ардагері, тарихи тұлғамыздың аталас туысы Рамазан Нұрғалиев қатысты. Аталмыш белгітас Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің және Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының ұйытқы болуымен, тарихи жәдігерлерге жанашыр азаматтардың демеушілігімен орнатылды.

Салтанатты шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Барлыбайұлы бүгінгі күні жастар арасында Жүсіпбектей тарихи тұлғаның өнегелі өмірі көптеп дәріптелуі тиіс екенін атап өтті.

— Жүсіпбек Аймауытовтың есімі  қазақ елінің тарихында, халық жадында мәңгі сақтаулы. Жазушының шығармалары әдебиет әлемінде өзіндік орнын алып, қалың оқырманның көңілінен шығып, асыл қазынаға айналып кеткелі қашан. Болашақ ұрпаққа тұлғаның жазушылық қырынан басқа, тарихта қалдырған ілкімді істерін, ұлт үшін атқарған қызметін үлгі ретінде жеткізе білсек, ұлт болашағы биіктей түспек, — деді ол.

Сонымен қатар, жергілікті өлкетанушы, еңбек ардагері Рамазан Нұрғалиев Жүсіпбек Аймауытовтың ұлт мүддесі жолында атқарған бірегей істері жайлы баяндады. Соның бірі — 1921 жылы Семей губерния-сында оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда оның ықпалымен Баянауыл жерінде «Мәдени кіндік» білім ошағының ашылуы.

— Бұл қасиетті мекенде қазақтың талай атпал азаматтары, елге белгілі тұлғалары білім алған. Өкінішке қарай, «Мәдени кіндікке» ұзақ жыл тарихи тұрғыдан баға берілмей келді. Бүгінгі күні бұл сең қозғалып, аталмыш жерге белгітас орнатылып, алдағы уақытта қоршауға алынбақ.

Еліміздің өткен тарихы көптеген қайғылы кезеңдерден тұратынын білеміз. Сол кезеңде алып тұлғалар қатарында өзіндік тума талантымен, сегіз қырлы, бір сырлы дарынымен, ұлтжандылығымен,  адамгершілік қасиеттерімен көріне білген Жүсіпбек Аймауытов болатын. Ол қазақ даласында жұттан халық аштыққа ұшырап, ел-жұрт босып жатқан шақта жетім қалған балаларды Қызылтау өңіріне жинайды. Жергілікті байлардың демеушілігімен ас-суы, жатар орны ұйымдастырылып, жүздеген қазақ баласының аман қалуына себепші болыпты. Жүсекең және онымен пікірлес ел азаматтары Қызылтау маңында «Мәдени кіндік» деп аталатын білім ошағын салуға бел буады. Осылайша, 1921 жылы  жергілікті төрт рудың ірі байларының қаржыландыруымен әлгі жерге әуелі бастауыш мектеп салуға ұйытқы болады. Соңынан ағылып келіп жатқан баланың көптігін ескеріп, «Мәдени кіндікте» шаруашылық ғимараттары, жатақханалар бой көтереді, — деді Рамазан Дінісұлы.

 

Тұлғалар аллеясы

Мерейтойлар аясында Мұса Шорман ауылының кіреберіс жолында орналасқан Баянауыл ауданынан шыққан ұлы тұлғаларға арналған лайтбокстардың ашылу салтанаты өтті. Ауылдың кіреберісіне сән берген «Баянауыл біртуарлары» атты заманауи аллеяның ашылуына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы мұрындық болып, аталған лайтбокстарда Баянтау өңірінен шыққан бірқатар тарихи тұлғаның бейнелері мен «Алтын домбыра» иегері, ақын-жырау Аспанбек Шұғатаевтың ұлыларға арнап шығарған өлең шумақтары берілген.

Автордың айтуынша, лайт бокстарда жазылған жырлардың барлығы да – оның «Баян.Мен.Таулар» атты кітабынан алынып отыр. Ақын алдағы уақытта туған жерінің қасиетті топырағынан түлеп ұшқан әрбір тарихи тұлғаға арнап бір-бір кітап жазуды мақсат тұтып отыр. Оның сөзінше, мерейтой қарсаңында жарық көрген «Қанышнаме» кітабы қазіргі уақытта қалың оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленуде.

— Аллеяда орнатылған заманауи блоктарға тұғыры биік тарихи тұлғалардың бірқатары еніп отыр. Нақтылап айтсақ, мұнда 35 тұлғаға арналған өлеңдер жазылған, — деді Аспанбек Шұғатаев.

Таутұлғаларды дәріптейтін «дала мұражайының» ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова мұндай іс-шараның маңызы зор екенін айтты.

— Баянауыл — қасиетті жер, тек  табиғатымен емес, елімізге дала дарындыларымен ерекшеленеді. Қасиетті елінің тарихи тұлғаларына арналған лайтбокстардың ашылуы да бір ғанибет. Бұл тарихқа — тағзым, тұлғаларға – құрмет, — деді А.Мәлікова.

Игі шараға Қаныш Имантайұлының немересі Әлима Жармағамбетова, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Мемлекеттік сыйлық иегері Тыныштықбек Әбдікәкімов, жергілікті зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты шарадан соң мәртебелі меймандар Шорман әулетінің кесенесіне барып, зиярат етіп, дұға бағыштады. Сондай-ақ, қонақтар Қаныш Имантайұлы Сәтбаев оқыған мектеп орнын, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу тәрбие кешеніндегі музейін тамашалап, жауһар жәдігерлерге көзайым болды.

Айта кетейік, аталған лайтбокстарда қойылған суреттерді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабаев бейнелеген. Ал оның бой көтеруіне меценат Ғаббас Бектұров пен Теміртай Ізбастин демеушілік еткен.

Кітаптардың тұсаукесері өтті

Аудан орталығындағы мәдениет үйінде қазақ даласының дара перзенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы аясында «Баянауыл – ұлылар мекені» атты әдеби-рухани шара ұйымдастырылды. Жиын барысында таяуда жарыққа шыққан бірқатар кітаптың тұсаукесері мен таныстырылымы өтті. Атап айтқанда, академик Әлкей Марғұлан туралы алаштанушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың «Еңбек сүйген өмір» атты эссе жинағының, Торайғыров университетінің профессоры Амантай Құдабаев құрастырған академик Әлкей Марғұлан туралы «Дархан дарын» естелік кітабының, ақын-жазушы Сайлау Байбосыновтың «Жүсіпбек Аймауытұлы» жинағының және Халықаралық Сәтбаев қоғамдық қоры жарыққа шығарған академик Қаныш Имантайұлы туралы «Естеліктер» кітабының тұсауы кесілді. Сонымен қатар, А.Құдабаевтың Шәкен Аймановқа арналған «Сұңғыла» атты естеліктер кітабы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Жұмағали Қоғабайдың «Сәтбаевтар әлемі» кітабының және айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаевтың «Қанышнаме» кітабының таныстырылымы өтті. Игі шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, тарихи тұлғалардың туған туыстары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Тарихи кітаптардың тұсау кесу рәсімін Қаныш Имантайұлының немересі Әлима Жармағамбетова, алаштанушы, әуезовтанушы, ғалым Тұрсын Жұртбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, профессор Алтынбек Нухұлы, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Ғалымбек Жұматов, Баянауыл және Ертіс аудандарының Құрметті азаматы Қорабай Шәкіров, әулиелі Қызылтау өңірінде ашылған «Мәдени кіндік» білім ошағы тарихын зерттеуші Рамазан Нұрғалиев, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Шахимардан Әбілов және тағы да басқа құрметті қонақтар мен өңірімізге белгілі зиялы қауым өкілдері өткізді.

Торайғыров университетінің профессоры, ғалым Амантай Құдабаев қазақ кино әлемінің жарық жұлдызы, дарынды кинорежиссер Шәкен Аймановқа арналған «Дархан дарын» атты құнды еңбегінде тұлғаның өнері мен өмірі ұштастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта «Дархан дарын» атты бірнеше кітап жарық көріп, жинаққа айналып, тарихи тұлғалар туралы құнды еңбектердің қатарын толықтыра түспек.

— Аталған кітапта Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Шапық Шөкиннің Әлкей Марғұлан туралы естеліктері енгізілген. Әлкей Хақанұлы ғылыми мақалалар жазды. Бұл жинаққа оның ғылыми мақалаларынан үзінділер де енді. Негізінен, «Дархан дарын» кітабы
басылымдар сериясы болады. Бірінші кітапты Шәкен Аймановқа арнадық. Одан кейін Қ.Сәтбаев, С.Торайғыров сияқты тұлғалар жайлы жазуды жалғастырамыз, –
деді ғалым.

Сондай-ақ, рухани шара аясында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана мен Баянауыл аудандық орталық кітапхана «Баянауыл — ұлылар мекені» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге қасиетті мекен — Баянауыл жайлы және биылғы мерейтой иелері — Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкен Айманов секілді белгілі тұлғалардың өмірі мен еңбек жолынан жинақталған таңдамалы еңбектер қойылды.

 

Ән әуелеп, жыр жауды

Ресми шарадан соң тұлғалардың мерейтойы республиканың үздік ақындары өнер көрсеткен жекпе-жек айтыспен жалғасты. От ауызды, орақ тілді ақындар сынға түскен айтыста ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман қазылық етті. Сөз додасында Аспанбек Шұғатаев, Рауан Қайдар, Нұрқанат Қайрат сынды жергілікті айтыскерлермен қатар, қарағандылық Тілеген Әділов, Айтбай Жұмағұлов, тараздық Айтбек Тұрсынбай, елордалық Еркебұлан Қайназаров, шымкенттік Нұрлан Есенқұлов, шығысқазақстандық Нәрия Ақбабақызы, атыраулық Батыржан Кәдірбай, маңғыстаулық Абай Жолмағанбет өнер көрсетті. Айтыс қорытындысы бойынша, жүлделі үшінші орынды Нұрлан Есенқұлов пен Рауан Қайдаров иеленсе, екінші орынды Тілеген Әділов қанжығалады. Бірінші орын батыс қазақстандық ақын Абай Жолмағанбетке бұйырды. Ал бас жүлде мен автокөлікті жергілікті айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев жеңіп алды. Мәшһүр Жүсіп атындағы арнайы жүлде елордалық ақын Еркебұлан Қайназарға табысталды.

Тұлғалар мерейтойларына арналған екі күндік салтанатты іс-шаралар қазақстандық эстрада жұлдыздары Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева, Еркін Нұржанов, Ернар Айдар, Меруерт Түсіпбаева және «Шаңырақ» орталығы мен облыстың шығармашылық ұжымдары өнер көрсеткен мерекелік концертке ұласты. Сонымен қатар, даланы дүбірлеткен торқалы тойда аламан бәйге ұйымдастырылып, шабандоздар атқа қонды. Бұдан бөлек, ұлттық көкпар ойынынан, қазақша күрестен жарыс өткізілді. Бас жүлдені Ақкөл ауылы жеңіп алса, майқайыңдық спортшы Мұхтар Дәлелхан түйе палуан атанды. Осылайша, Ақбеттауды ән мен күйге бөлеп, даланы дүбірге толтырған Баянауыл ауданы, Мойылды шатқалында өткен аталмыш ауқымды мерейтойлар ел есінде мәңгі сақталып қалары анық.

 

А.МҰҚЫШЕВ. Баянауыл ауданы,

Мойылды шатқалы.

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы:

— Әр ұлтта сол ұлттың тағдырын ойлайтын ұлы тұлғалар болады. Сол тұлғалардың өмірі арқылы елдің өткенін бағалап, бүгінгісін саралап, ертеңгіге жол таңдайсың. Қаныш Сәтбаев — қазақ ұлты үшін сондай ұлы тұлға. Ел-жұрты, Баянауыл айналасы түгел желмен көтерілген бұлттай болып қуаныштан қалқып жүр. Бүкіл қазақ осылай «менің Қанышым» деуі керек

 

Аманжол ӘЛТАЕВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

— Хәкім Абай — ұлттың алтын қазағы, Ахмет Байтұрсынұлы — ұлт ұстазы, ал Қаныш Сәтбаев — қазақ ғылымының атасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлы ғұламаның мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуді тапсырды. Осы мақсатта өкіметтің арнайы қаулысы шығып, жыл басынан бері Тәуелсіз мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде Қаныш Имантайұлын ұлықтауға арналған қаншама игі шаралар өтіп жатыр. Елордамыз Астанадан бастап, әрбір қазақ даласының түкпір-түкпірінде ұлы перзентіне деген халқының сағынышы, махаббаты көрініс тауып келеді

 

Шағангүл ЖАНАЕВА, филология ғылымдарының кандидаты:

— Қаныш Сәтбаев дегенде бірден ойымызға оралатыны — ол кісінің елдік мүддеге, ұлттық мүддеге мақсатшылдығы. Кешегі Жүсіпбектердің қасында жүруі, елдің ертеңі қалай болады деген қайраткерлер өмір сүрген заманда ол кісі де болды. Сондықтан оның ішкі жан дүниесінде үнемі қазақ ғылымына алапат жаңалық әкелуге құштарлық болатын-ды. Елдің ұлы ұлтымның ертеңі деп лаулап тұрды деп ойлаймын.

Суреттерді түсірген – В.Бугаев.