Елімізде бар ғұмырын білім беру саласына арнап, ұлағатты ұстаздан бастап басқарма басшысына дейінгі бұралаңы көп жолды жығылмай-сүрінбей жүріп өткен жандар саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі – ұзақ жыл бойы облыстық білім беру басқармасының тізгінін ұстаған білікті маман, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, ҚР Оқу ісінің үздігі, ҚР Білім беру саласының Құрметті қызметкері Бақыт Мақанқызы Бексейітова.
Көпшіліктің сұрауы бойынша елінің елеулісі бола білген ұлағатты жанмен сұхбаттасқан едік.
— Бақыт Мақанқызы, ұзақ жылдар бойы мемлекетке тынымсыз еңбек еткеніңізді білеміз. Қазір зейнеткерлік өміріңіз қалай өтуде?
— Мен білім беру саласында 40 жыл қызмет істедім. Шынымен де, бұл ұзақ уақыт, мол тәжірибе екені сөзсіз. Бірақ осы жолды таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Сол үшін де маған әрдайым қолдау көрсеткен жолдасыма және балаларыма ризамын. Ал зейнетке шыққаннан кейін ата-аналық парызымды атқаратын, немерелерімді бағып-қағып, оларға саналы тәрбие беретін кезім келді деп шештім. Сөйтіп, қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстармен айналысудамын. «Бала — балдан тәтті, немере — жаннан тәтті» демекші, қалған өмірімді жанымнан тәтті немерелеріме арнағым келеді. Жалпы, мен зейнетке шыққаннан кейін жұмыс барысы бойынша түрлі ұсыныстар, шақыртулар түсті. Өз таңдауымды жасадым. Әрине, ол — отбасымның игілігі үшін қызмет қылу. Яғни, шаңырағыма көп көңіл бөліп, салиқалы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосудамын. Бұдан бөлек, пайдалы фильмдер мен спорттық бағдарламаларды көремін, кітап оқимын және жақын достарыммен кездесуге де уақыт табамын. Сондай-ақ, жаяу жүргенді ұнататындықтан, күн сайын 7 мыңнан астам қадам жасаймын. Гүл өсіріп, оларды күтемін. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласамын. Мәселен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасы бойынша аймақтарда облыстық білім беру басқармаларының жұмысына көмектесетін Ардагерлер кеңестері құрылған болатын. Осы басқарма жанындағы өңірлік ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайландым. Мұнда жұмыс жоспарына сәйкес саладағы күрделі мәселелердің мән-жайын зерделеп, кеңес береміз. Тәжірибелі маман болғандықтан көпшілік бізге бағынады және қолдайды. Сонымен қатар, «Тәлімгерлер кеңесі» атты үкіметтік емес ұйымның да мүшесімін.
— Білім беру саласының жілігін шағып, майын ішкен ардагер әрі көпті көрген білікті маман ретінде осы саладағы соңғы реформаларға қатысты ойыңыз қандай?
— Әрине, бүгінде білім беру жүйесінде оң реформалар көп екенін көріп жүрміз. Мәселен, мектептер мен колледждердің жаңғыруы, материалдық-техникалық базасының жаңаруы, жыл сайын жаңа білім беру мекемелерінің бой көтеруі, бастысы, балаларға жайлы жағдайдың жасалуы қуантады. Нәтижесінде, білім сапасының артқаны анық байқалуда. Сондай-ақ, мұғалімдердің еңбекақысын өсіріп, ынталандыру арқылы педагогикалық мамандықтардың мәртебесі де көтерілді.
Өкінішке қарай, «бір қайнауы ішіндегі» асығыс шешімдердің де қабылданып жатқанына куә болудамыз. Мысалы, оқу жылын ұзарту бойынша эксперимент жасалды, мұғалімдерді аттестациялау үрдісінде де мәселелер туындады. Кез келген істе кемшілік болатыны белгілі жайт. Десе де, осы салада игі өзгерістер басым екенін атап өткім келеді.
— Шыны керек, қазіргі қоғамда балалар арасындағы әлімжеттік, ұстаз бен оқушының келіспеушілігі сынды жаға ұстатарлық жағымсыз жайттар көбейіп кетті. Бұған не себеп және не істеу керек деп ойлайсыз?
— Негізі, балалар мен ұстаздар арасындағы келіспеушілік, буллинг — бұрыннан бар жағдай. Әр баланың мінез-құлқы әр түрлі болып келеді. Мұндай мәселе көбінесе агрессивті балалардың кесірінен туындап жатады. Соған қарамастан, қоғамда «әрдайым баланікі дұрыс, мұғалімдікі бұрыс» деген түсінік қалыптасқан. Бұған отбасындағы тәрбиенің таяздығы себеп деп ойлаймын. Сонымен қатар, психологтар мен педагогтер кейбір баланың бойында жанашырлық, үлкенге деген сыйластық сынды асыл қасиеттердің аздығын айтады. Қатыгез ұрпақтың өсуіне интернеттің де кері әсері көп. Қысқасы, бұл мәселені шешудің әмбебап рецептісі жоқ. Сондықтан ата-аналардың жауапкершілігін күшейту керек. Мектептер мен балабақшаларда тәрбие жұмысын жандандыру қажет. Осы бағыттағы іс-шараларды көбірек ұйымдастырып, жеткілікті деңгейде көңіл бөлген жөн.
— Бұрын мұғалімдердің жалақысы аз, қағазбастылық басым деген сияқты мәселелер жиі көтерілетін. Ал бүгінде «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, біраз түйткілдің түйінін тарқатты. Алайда «Сырт көз — сыншы» демекші, қазіргі мұғалімдерге көңіліңіз тола ма және оларға айтарыңыз бар ма?
— Иә, педагогтерге деген қолдау артқаннан кейін мектепте еңбек еткісі келетін ұстаздар көбейді. Ер мұғалімдердің де қатары толықты. Алайда жоғары жалақы педагогтердің кәсіби біліктілік деңгейінің де жоғары болатынына кепілдік бермейді. Осыны мойындауымыз керек. Онсыз да мектептерде білімді, талантты ұстаздар аз емес. Оған республикалық, халықаралық, әлемдік олимпиадалардағы оқушыларымыздың жетістіктері дәлел бола алады.
Менің мұғалімдерге айтарым, әсіресе, жастарға ақылым — таңдаған мамандықтарыңды жүрекпен сүйіп, сол саланың шебері болуға тырысыңдар деймін. Сонда ғана абыройларың артады.
— Білім беру саласында сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің үдеп бара жатқаны байқалады. Бұл болашақ үшін қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Бұған не дейсіз?
— Соңғы кезде елімізде жемқор-лыққа қатысты қылмыстық істер көбейді. Мұндай оқиғалар Шымкент, Талдықорған өңірлерінде жиі болатынын, басқа да облыстарда орын алып жатқанын естіп жүрміз. Көбінесе мұны білім беру жүйесінде жүріп, сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін мәселелерді әбден біліп алған әккі мамандар жасауда. Яғни, директорлар электрондық цифрлық қолтаңбасын есепшіге беріп қояды. Оған шүбәсіз сенеді. Басшылардың осындай жауапсыздығы мен немқұрайлылығы мемлекет қаражатын жымқыруға жол ашып береді. Сондықтан қаржыға қатысты мәселенің бәрінде жемқорлықтың алдын алу шараларын қатаң қабылдау қажет. Менің ойымша, білім беру жүйесін қаржыландыру ісін аудан, қала әкімдіктерінің құзырына қайтару керек. Өйткені, олардың тарапынан бюджетті жоспарлау әрі бақылау жұмысы жүргізіледі. Бұрын әкімдіктердің экономика және қаржы бөлімі тарапынан қатаң бақылау болатын. Осы істі қолға алған дұрыс.
— Жасыратыны жоқ, бүгінде өңірімізде орыс сыныптарына баратын қазақ балаларының саны көбеюде. Осы жағдайға не айтасыз?
— Бұл мәселені үнемі бақылауда ұстау қажет. Әрине, көп нәрсе ата-ананың таңдауына байланысты болатыны түсінікті. Десе де, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге баса мән беру керек. Ата-ананың өзінің де қазақша сөйлеуі маңызды рөл атқарады. Осы жағын жайлап саналарына сіңіріп, балғындарды қазақ балабақшаларына беруге шақыруымыз керек. Сол үшін алдымен бақшаларда мемлекеттік тілде тәрбие беретін топтарды көбірек ашып, қазақ мектептерінің санын көбейткен жөн.
— Қазір оқушыларға ақылы түрде қосымша сабақ беретін жеке меншік оқу орталықтары, жалдамалы репетиторлар көбейіп кетті. Бұл нені білдіреді? Әлде, жалпы орта білім беретін мектептердің жағдайы сын көтермей ме?
— Ақылы сабақтар мен репетиторлардың көмегіне жүгіну –
баласының жақсы білім алғанын қалайтын ата-ананың таңдауы. Сонымен қатар, ұл-қызын беделді мектепке бергісі келетін немесе жоғары оқу орындарына дайындайтын ата-аналар да осындай қадамға барады. Менің ойымша, жоғары сыныптағы балаға репетитор алса, ол оған мотивация береді әрі нәтижеге жетуіне көмектеседі. Сол үшін қалтасы көтеретіндер ақылы білім ала берсін, артықтық етпейді. Бірақ төменгі сынып оқушылары үшін мұндай шығындар ақтала бермейді. Одан да ата-ананың өзі баламен жұмыс істегені дұрыс. Кейбіреулер уақыты жоқтығын айтып жатады. Бұл сылтау деп ойлаймын.
Жалпы, Павлодар облысында жеке меншік мектептер айтарлықтай дамып, жетістікке жетті деп айта алмаймын. Мұндай білім мекемелері бәсекеге қабілетті бола алмайды. Өйткені, жеке меншік мектептерде бала саны аз болғандықтан, педагогтерді жоғары жалақымен қамтамасыз етуі мүмкін емес. Сондықтан табысты да талантты мұғалімдер барғысы келмейді, көбінесе жас мамандар жиналады. Ал балаға қолайлы жағдай жасау жағынан артықшылықтары бар, әрине. Мәселен, жеке меншік мектептерде жақсы тамақ, таза дәретхана, демалуға ыңғайлы орындар қарастырылған. Мемлекеттік мектептен басты айырмашылығы –
осы ғана. Еркетотайына ерекше жайлы жағдай жасағысы келетіндер осындай мектептерді таңдауда.
— Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек еттіңіз. Бүгінде осы еңбегіңіз еленді ме? Яғни, мемлекет тарапынан лайықты деңгейде бағаланды ма?
— Мен марапатқа, атақ-даңққа мүлдем қызықпайтын адаммын. Ол үшін еңбек еткен жоқпын. Десе де, еңбегімнің бағаланғаны болар, 2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталдым. Ал 2021 жылы зейнеткерлікке шығып, үйде отырған кезімде ҚР Білім және ғылым министрлігі «Парасат» орденімен наградтады. Басқа да марапаттарым баршылық. Қазір ел қатарлы зейнетақымды аламын. Оның мөлшері де өзгелердікі сияқты соншалықты көп емес. Барға – қанағат!
— Қазір «әже» атанып отырсыз. Қалай екен?
— Әрине, әже болу – әр әйел үшін баға жетпес бақыт деп ойлаймын. Өмірдегі ең қызықты әрі ең тәтті сәт немере сүйіп, солармен бірге болу екенін түсіндім. Балаларым және біздің ортақ мақсатымыз – осы Алла берген немерелерді тәрбиелеп, адам қатарына қосу. Сол үшін де бәріміз бір одақпыз деп айтуға болады. Ендігі бар өмірімді балапандарыма арнаймын. Әжесі болсам да үлкен немерелеріммен достық қарым-қатынастамын. Олар — менің сенімді серіктестерім. Ал кішкентайлары ақыл тоқтатқанша айтқанын істеп, еркелетіп, дегеніне көнеміз.
— Қазақта «Ене мен келін» тақырыбы әрдайым өзекті. Екі-үш әйелдің басы қосылса осы әңгіме қозғалатыны сөзсіз. Бұл ретте, көзі ашық, көкірегі ояу білімді әйел ретінде қазіргі енелер мен келіндерге қандай кеңес бересіз?
— Енелер келінін саналы түрде өз қызындай жақсы көріп, қабылдауы қажет. Әрине, ол басқа отбасынан келгендіктен, тәрбиесі, мінез-құлқы, дүниетанымы, түсінігі басқаша болуы мүмкін. Бірақ қандай жағдай болса да оның жаманын жасырып, жақсысын асыра білу керек. Өйткені, ол сенің сүйікті немерелеріңнің анасы, бауыр етің балаңның таңдауы екенін әрдайым есте сақтап, сыйластық танытсаң ешқандай мәселе туындамайды деп ойлаймын. Содан кейін келінге қатысты кез келген әңгімені басқа біреуге айтып, талқылау мүлдем дұрыс емес. Дәл сол сияқты келіндер де енесін туған анасындай құрметтеп, ол жолдасының аяулы анасы, балаларының асыл әжесі екенін әркез есінен шығармағаны жөн.
— Дәл қазір сізді не толған-дырады, не ойландырады?
— Мені алаңдататын жайттар көп. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейін… Ең алдымен, біздің мемлекет балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беруі қажет. Ол үшін қорғаншылық қызметін және әкімдік тарапынан бақылауды күшейту керек. Осы салада жұмыс істейтін мамандар тапшы. Кадр мәселесі шешілуі тиіс. Екіншіден, бүгінде терезеден құлап жатқан балалар көбейді. Жаныңды ауыртатын жайсыз жаңалықты жиі еститін болдық. Осы бағыттағы алдын алу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейді. Бұл жағдайға бей-жай қарамауға тиіспіз. Өйткені, бұл —
ұлттық трагедия. Үшіншіден, жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі алаңдатады. Оның себептері көп. Десе де, бұған көбінесе социализацияның (әлеуметтенудің) болмауы кері әсерін тигізуде деп ойлаймын. Қазір бұрынғыдай көшелерде топтық ойындар жоқ, балалар үйкүшік болып телефонға телміріп отырады. Тіпті, кейде баланы далаға шығарсақ, онымен ойнайтын ешкім таппайтын жағдайға жеттік. Сол үшін мектептерде топпен жұмыс істейтін қызықты үйірмелерді, секцияларды көбейту қажет. Біздің балалық шағымыз қалай өтіп еді? Үнемі үй бетін көрмей ойнайтынбыз, сол сәттегі көріністер әлі көз алдымызда. Сондай-ақ, қазіргі ата-аналар баламен көп сөйлеспейді. Айтатын әңгімесі «тамақ іштің бе, сабаққа бардың ба?» дегеннен аспайды. Баланың жан дүниесіне терең үңілмейді, сырласпайды. Соның салдарынан өзіндік ой-пікірі жоқ, не айтсаң соған басын изей беретін жастар өсіп келеді. Олардың алды мемлекеттік қызметке келіп жатыр. Ертеңіміз қандай болмақ деген ой мазалайды, әрине. Төртіншіден, білім саласына қатысты да толғандыратын мәселе жоқ емес. Айталық, қазіргі таңда білім беру бөлімдеріндегі қызметкерлердің жалақысы аз. Сол үшін олар біраз уақыт жұмыс істеп, кетіп қала береді. Әсіресе, балалардың құқығын қорғау, қамқоршылық, тәрбие бөлімдерінде маман тапшы. Осы жағдай шешілуі тиіс. Тағы бір мәселе – өңірдегі білім беру ұйымдарының бірінші басшысын тағайындау міндеті облыстық білім беру басқармасына жүктелді. Бұл жағдай да басқарманың кадр қызметіне жүктеме болып отыр. Олар конкурс жариялайды, үміткерлер жоқ. Сөйтіп, жылдар бойы бос тұрған орындар аз емес. Ал «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған жердің берекесі кететіні түсінікті жайт. Менің ойымша, осы істі қарау құзыретін қалалық, аудандық білім беру бөлімдеріне жүктесе, дұрыс болар еді. Өйткені, қай мұғалімнің білімді, басқару қабілеті мықты екенін сол бөлімдерден артық ешкім білмейді. Жалпы, тізбектеп айта берсек, мәселе көп.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, сөз соңында осы салада тер төгіп жүрген барлық әріптесімді, ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, сәттілік тілеймін.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.