Аймағымызда балалардың жарақат алу фактілері азаймай тұр. Облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесіне күн сайын 60-тан астам жасөспірім түрлі дене жарақатымен жүгінеді. Ал демалыс күндері бұл сан 80-нен асып түседі. Мамандар балалардың оқыс жағдайға тап болуына ата-аналардың салғырттығы себеп екенін айтады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Павлодар облысының штаттан тыс балалар нейрохирургі Талғат Қасымбеков мәлім етті. Оның айтуынша, облыстық балалар ауруханасындағы травматологиялық бөлімше тәулік бойы жұмыс істейді. Жыл басынан бері аймағымызда 19 мыңнан астам бала жарақат алған. Оның ішінде өте ауыр және стационарлық емді қажет еткен фактілердің саны 1400-ге жуықтайды. Көп жағдайда балалар үйде және далада жарақаттанады.

— Биыл 7145 бала үй жағдайында, 6255 жасөспірім далада жарақат алды. Бұдан бөлек, 50 жағдай санитарлық тазалық сақталмайтын отбасыларда орын алған. Ата-аналар бірнеше күн балаларын қараусыз қалдырып, тамақ бермеген. Өзекті фактілердің бірі – балалардың биіктіктен құлауы. Жыл басынан бері 21 жағдай орын алды. Өкінішке қарай, екі бала мерт болды, — дейді Т.Қасымбеков.

Талғат Оразғалиұлының айтуынша, облыстағы травматология бөлімшелерінде 60 орын бар. Оның 50-і облыстық балалар ауруханасында, 10 орын Екібастұз қалалық ауруханасында жұмыс істейді. Биыл осы бөлімшелерде 1380 бала ем қабылдаған. Оның ішінде 980 жасөспірімге ота жүргізілген. Сонымен қатар, облыстық балалар ауруханасында травматология бөлімшесінде баланың денсаулығын қалыпқа келтіретін оңалту бөлімі де жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде 43 бала оңалтудан өткен.

— Биыл травматологиялық бөлімшенің дәрігерлері бір тәулік ішінде 60-75 баланы қабылдады. Оның ішінде бір күнде кем дегенде 2-3 ота жасалады. Балалардың жарақат алу фактілерін азайту мақсатында дәрігерлер қауымы жауапты мекемелермен бірлесіп, профилактикалық шараларды ұйымдастырады. Өкінішке қарай, балалардың жарақат алуына ата-аналардың жауапсыздығы себеп. Биыл мопед, скутер, самокат тізгіндеген балалардың көбі дене жарақатын алды. Жануарларға соғылып, ауыр жараланғандар бар. Тіпті, ауылдарда баласына мотоцикл беріп, мал бақтыратын отбасылар да жоқ емес. Осы мәселеге тыйым салу үшін облыстық полиция департаментімен бірлесіп, мотоцикл мінген балаларға жаза қарастырылатынын ескерттік. Нәти-жесінде статистика көлемі өткен жылмен салыстырғанда артпады, — дейді Талғат Оразғалиұлы.

Жыл басынан бері облыста 188 бала уланған. Оның ішінде ас үйге арналған жуғыш заттарды, дәріні ішіп қойған жасөспірімдер бар. Сонымен қатар, плитадағы қайнап тұрған суға, тамаққа күйіп қалғандар да көп. Ата-анасы үйде бола тұра, тиын жұтып қойған жағдайлар да тіркелген. Мамандар ата-аналардан бала қауіпсіздігіне ерекше мән беруді сұрайды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.