Шәкен Айманов — қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы, талантты актері әрі режиссері. Ол ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуы мен дамуы үшін бар ғұмырын арнады. Қазақ халқы осынау ардақты ұлымен мәңгі мақтана береді. Шәкен Айманов есімі бәрінен бұрын қазақ киносы тарихында тұңғыш рет ұлттық киноны түсірген адам ретінде және оны барынша биікке көтерген талант ретінде ел жадында мәңгілік сақталған.
Театр сахнасында болсын, кино әлемінде болсын, Шәкен Аймановтың қолтаңбасы қалған дүниелердің бәрі ерекше құнды. Шәкен ойнаған Хлестаков («Ревизор»), Ақан сері («Ақан сері-Ақтоқты»), Кассио («Отелло») рольдері — мәңгілік бейнелер. Актер ретіндегі талантына оның жиырма жылдай театр сахнасында сомдаған образдары куә. Ол ойнаған әрбір роль өзгеше бір әлем, өзгеше бір құдіретті паш ететін. Петруччио, Ақан сері, Абай, сияқты сан рөлдері көрерменін еш жалықтырмады. Кинорежиссердің «Алдаркөсе», «Атамекен», «Тақиялы періште, «Атаманның ақыры» және т.б. фильмдері шын мәнінде қайталанбас туынды болып қалды. Экранға шыққанына қырық алты жылға жуықтаған «Тақиялы періште» фильмі әлі күнге көрерменін еш жалықтырған емес. Қырық жылдан астам уақытта бірталай ұрпақ ауысты. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін «Тақиялы періштенің» әрбір эпизодын жатқа біледі. Кино арқылы бүтін бір ұлтты тәрбиелеуге болады.
Шәкен Аймановтың киноға келу тарихы да өте қызық. Режиссер өз естелігінде: «Соғысқа дейінгі кезең. Киноға түсуге кино алаңына келдім. Бұл 1937 жыл болатын. Қастек ауылында Амангелді Иманов туралы фильм түсірілді. Режиссері – М.Левин. Бір сағат қана тамашалауға келгем. Бірақ кино алаңынан кете алмадым. Күні бойы осында жүрдім. Режиссерге келіп, өзіме роль беруін өтініп едім, ол маған барлығы таратылып қойғанын, массовкада сарбаздың қатарында болуымды өтінді. Сарбаз болса, несі бар? Өзіме костюм дайындап, опа-далапты да өзім әзірледім. Сол күні мені түсіріп алды. Сол күннен бастап, менің киноға деген ерекше махаббатым оянды. Әрбір дүйсенбі күні кино түсіру алаңына келіп жүрдім. Қолымнан келген шаруаларды атқара беремін. «Алда тағы кино түсіретін болсам, саған міндетті түрде роль беремін», – деп уәдесін берді М.Левин. Режиссер өз уәдесінде тұрды. Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильмінде Сәрсеннің роліне бекітті. Осылайша, мен киноактер болдым», – деп жазады.
Шәкен Аймановтың кино әлеміне енуімен кинодраматургия атты қиын да күрделі жанр қазақ киносына көп қиындық тудырды. Бұл 1953 жыл болатын. 1945 жылдан 1952 жылға дейін Қазақстанның киноиндустриясы тоқтап қалды. Мықты режиссерлердің көбі Алматыны тастап, орталыққа кетті, бос қалған павильондар мен цехтарда жұмыс істейтін кадрлар жоқтың қасы еді. Кинодраматургияның дәмін татып үйренген режиссерге бұл әлем таңсық емес еді. Осылайша, болашақ режиссерге кино үйінің есігі айқара ашылды. Дарынды ұл қазақ кино әлемінде өшпестей ізі бар туындыларды дүниеге әкелді. Осы тұста тағы бір пікірге көз жүгіртер болсақ, көзкөргендердің көбі Аймановтың мейірімді, білікті, сұлу, ақылды, дарынды, адамгершілігі мол, қайырымды жан екенін көбірек айтады. «Тақиялы періште» фильмінде Айша рөлін ойнаған актриса Шолпан Алтайбаева: «Шәкен Айманов нағыз қазақ еді. «Менмін» деген әр қазақ дәл Шәкен Аймановтай болса ғой деп армандаймын. Мінезі қандай еді?! Шәкен Аймановтай актердің жанын түсініп, актерді ерекше сүйген режиссер көрген емеспін», – дейді. Расында, тағдыр Шәкен Аймановтың бір басына барлық дарынды үйіп-төгіп бере салғандай еді. Ән өнерінде «Жиырма бес» пен «Екі жиренді» Шәкендей ешкім орындай алған жоқ деседі. Оны өнерге алып келген де — ән. Өнер әлемінің есігін қақтырған да ән. Ән болғанда да қандай ән. «Жиырма бес» пен «Екі жирен». Әйгілі «Атаманның ақыры» фильмінде «Жиырма бесті» орындаған Шәкен Аймановтың өзі болатын.
Шәкен Айманов: «Оператор да, суретші де, композитор да сөз жоқ талантты болуға тиіс. Тіпті, администратор мен пиротехникте ерекше дарынды болса деймін. Дегенмен, фильмнің жетістікке жетуіне де, құлдырауына да кінәлі адам – режиссер» – дейді. Шәкен Айманов ерекше дарын иесі болмаса, талантты фильмдер өмірге келмес те еді. Кино алаңында дана да, бала да бола білген дара таланттың құдіретінің арқасында мәңгі өлмейтін туындылар дүниеге келді. Ол шын мәнінде аса дарынды суреткер еді. Сонымен бірге Шәкен режиссер ғана бола білген жоқ. Ол дүниеге келген кино әрбір туындысының төл әкесі де болды. Дарынның арқасында әрбір рольге лайықты мықты таланттарды тани білді. Таланттардың қайсысының икемі қай рөльге келетінін дөп басып білді. Әрі оның бұл интуициясы алдаған жоқ. Ол таңдаған актерлер өз образдарын қалай ойнап шыққанын көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Егер Аймановтың қолтаңбасы қалған фильмдер ғажайып болмағанда, қырық-елу жыл бойы телеэкран бетінен көрінбес еді. Әлі күнге ол фильмдер өзінің құнын жоғалтқан жоқ.
Шәкен Аймановқа тән ерекше тағы бір қасиет – ағаларына, інілеріне, достарына еркелей білгені. Көзкөргендер Шәкеннің қалжыңы да ерекше болғанын айтады. Қазақ театр өнерінің, кино өнерінің алыптарымен бірге әзіл-қалжыңға толы әңгімелері әлі күнге аңыз болып айтылады. Аймановтың қалжыңына алданған қаламгер ағаларымыз да аз емес. Олардың қай-қайсысы да Шәкеннің бұл ерекше қырын мақтанышпен еске алар еді. Дара таланттың еркелігін көтере де, еркелете де білді.
Арада ұзақ жылдар өтсе де, Шәкен Аймановтың әрбір сөзі, әрбір естелігі әлі күнге бүгінгі ұрпағына сабақ болып келеді. Кинодраматургияны дамытамын деген, қазақ киносын жаңа белеске көтеремін деген әрбір жас ең әуелгі қадамын Шәкентанудан бастағаны жөн. Шәкен Айманов кино түсіргенде қалай болды? Оның өзге режиссерден кереметі неде? Ол неге өлмейтін, өшпейтін фильмдер түсірді? Оның құпиясы бар ма? деген сияқты сан-сауалға жауап іздеген ұрпақ көп болса, қазақ киносының да алтын дәуірі қайта туары даусыз. Сонда ғана қазақ киносының бағы жанады. Сонда ғана қазақ киносын жаңаша деңгейге көтерген алыптардың армандарының орындалары хақ.
Айдана БОРАНБАЕВА.