Біз бен сіз – тұтынушымыз. Бірде белгілі бір тауарды сатып аламыз, тағы бірде ақылы қызметке жүгінеміз. Кей жағдайда сапасыз қызмет немесе бағасына сай келмейтін тауарға тап болуыңыз мүмкін. Мұндайда көп адам бір бұрқылдайды да, қолын бір сілтейді. Заңды тұтынушылық құқығын қорғауды құнттамайды. Ал құқықты қорғамау қоғамда адамдардың жауапсыздығының жайлауына әкелетіні сөзсіз.

 

Бірақ, соңғы кезде табандылық танытып, тұтынушылық құқығын таптатпауға тырысып жүрген тұрғындар бар. Мәселен, жуырда Павлодар қаласының азаматы облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне өтініш түсіріпті. Ол ваннасын реставрациялауға, яғни, сұйық акрилмен сырлауға 35 мың теңге төлеп, қызмет берушімен шарт жасасқан.  Қызмет атқарылды. Алайда, 3 айдан соң ваннаның сапасыз істелгені байқалады. Түбінде кедір-бұдыр тұстар пайда болады. Салдарынан ваннаның болаттан жасалған жеріне дейін ұсақ тесіктер түзіледі. Тұтынушы қызмет көрсетушіге наразылығын білдіріп, қайтадан реставрациядан өткізуді немесе жұмсаған қаржысын қайтаруды ауызша талап етеді. Компанияның өкілі тұтынушыға 8 мың теңге ұсынған. Бірақ, ол сома шығынды жаппайтын еді. Одан кейін наразылығын жазбаша да жолдайды. Компания заңмен белгіленген мерзімде талап — арызға жауап бермейді.

Жазбаша жауап ала алмаған соң тұтынушы аталған департаменттен көмек сұрауға мәжбүр болған. Өтініш негізінде наразылыққа жауап бермеуге қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Тексеріс нәтижесінде кәсіпкерлік нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған қоса, қосымша тексерістен кейін тұтынушының сапасыз қызметке жұмсаған 35 мың теңгесін қайтарыпты.

Осыған орай, облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандары тұрғындарға тұтынушы ретінде нені талап етуіне болатынын түсіндіріп берді. Яғни, «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заңның 35-бабына сәйкес тұтынушы атқарылған жұмысқа қатысты кемшіліктерді көрсе, қызмет көрсетушінің алдына келесі талаптардың бірін қоя алады. Мәселен, атқарылған жұмыстағы кемшіліктерді қайтарымсыз негізде жоюды немесе атқарылған жұмыс үшін төленетін ақыны сәйкесінше азайтуды талап ете алады. Сондай-ақ, дәл сондай сападағы біртекті материалдан басқа затты қайтарымсыз негізде жасауды немесе қызметті қайтадан көрсетуді алға тартуына әбден болады. Егер шартта тұтынушы кез келген кемшілікті өзі жоюға құқылы екені қарастырылса, онда оған кеткен шығындардың орнын толтыруды талап етуіне жол ашық. Тағы бір нұсқа, егер атқарылған жұмыста, көрсетілген қызметте кеткен кемшіліктер белгіленген мерзімде жойылмаса, сондай-ақ, оны жою мүмкін болмаса, тұтынушы шартты бұзуға және шығындарды өтеуді талап етуге құқылы.

Ал 42-баптың 4-тармағына сәйкес құқығы мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы сатушыға, бұйымды жасаушыға, жұмысты атқарушыға кемшіліктерді жоюды және тауардағы, қызмет пен жұмыстағы кемшіліктер салдарынан болған шығындарды өтеуді ерікті түрде жоюды талап ете алады. Егер күнтізбелік он күн ішінде сатушы жазбаша жауап бермесе немесе кемшілікті ерікті түрде жоюдан, сотқа дейінгі тәртіпте тұтынушылық дауды шешуден бас тартса, азаматтар тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың көмегіне жүгіне алады. Сонымен қатар, құқығын қорғау үшін Е-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы немесе департаменттің (7182)55-10-70 жедел желі телефонына хабарласуға болады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.