Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Жарысқа әлемнің 100-ден астам елінен спортшылыр келіп, көшпенді халықтарға тән этникалық спорт түрінен бақ сынайды деп күтілуде. Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар да қызу дайындық үстінде. Оларға отандастарымыз да зор үмітпен, сеніммен қарап, тақым қысып отырғаны жасырын емес. Осы дүбірлі додаға облыс делегациясының құрамында баратындардың бірі — жас құсбегі, саятшылықтан спорт шебері Шамиль Жексенбаев. Осы ретте саятшы бозбаланы сөзге тартып, құс баптау өнері және алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары хақында әңгіме өрбіттік.

— Шамиль, биыл Елорда төрінде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына облыс делегациясының құрамында бару бақыты бұйырған екен. Алғаш естігенде қандай сезімде болдың?

— Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын көзбен көру, онда өтетін жарыстарды сол үлкен доданың дәл ортасында тамашалау — әр адамның арманы ғой. Әсіресе, ұлттық спортпен шұғылданатын біз үшін үлкен тәжірибе алаңы болары сөзсіз. Себебі, көптеген мемлекеттен әріптестеріміз келеді, олармен кері байланыс орнатып, тәжірибе алмасу мүмкіндігі туады деп ойлаймын. Мен өзім саятшы ретінде қазақстандық құсбегілерден үлкен үміт күтемін, қазір олардың дайындығы да жоғары деңгейде жүріп жатыр.

— Құсбегілікпен неше жасыңнан бастап айналысып келесің?

— Мен 11 жасымнан бастап саятшылықпен айналысамын. Құс ұстауды және аңға баптап салуды әкемнен үйрендім. Ал әкеме жас кезінде атам үйреткен екен. Яғни, біздің әулетте саятшылық өнері атадан балаға жалғасып келе жатыр деуге болады. Менің ендігі мақсатым — атадан балаға жеткен киелі өнерді өгейсітпей, кейінгі буынға жеткізу. Себебі, бұл —
халқымызда ұрпақтан-ұрпаққа берілу арқылы жалғасатын ұлттық құнды-лығымыз.

— Қандай құс баптап отырсың?

— Осы күнге дейін әртүрлі құс баптап көрдім. Олардың әрқай-сысымен түрлі тәсілде жұмыс істеп, бабын келтіріп, аңға салып үйрендім. Ал бүгінгі таңда Сонар және Ақзар есімді екі бүркіт ұстап отырмыз. Сонар қазір алты жасар. Мен оны бірнеше жылдан бері баптап келемін, бір-бірімізге әбден үйренісіп қалдық. Аңға шығатын мезгілді асыға күтеміз. Негізі бүркітті ыстықтың беті қайтқан қыркүйек айынан бастап аңға сала бастаймыз. Сонымен, аң аулау маусымы наурыз айына дейін жалғасады. Көктем келе аң қағуды тоқтатып, бүркіттерді түлекке қоямыз.

— Саятшылық өнерімен шұғылданғалы қандай үлкен жарыс-тарға қатысып, қандай жетістікке жеттің?

— Сонармен серік болғалы көптеген ірі жарыстарға қатысып, бабымыз бен бағымыз қатар шауып келеді. бірнеше мәрте облыстық және республикалық бүркітшілер сайысына, республикалық чемпионатқа қатысып, топ жардым. Атап айтар болсақ, 2019 жылы Баянауылда өткен республикалық бүркітшілер сайысында жеңіске жеттім. Сонымен қатар, 2022 жылы Павлодарда өткен Қазақстан чем-
пионатында топ жарып, чемпион  болдым. Міне осы сайыстан кейін саятшылық бойынша спорт шебері атағын алдым. Мен үшін Сонардың орны бөлек. Осы құс қолыма түскелі көп қызықтың куәсі болдым. Оның бабын келтіру үшін барлығына дайынмын. Енді келесі көктемге дейін бабында тұруы үшін еңбектенудемін. Міне, осы құсбегілік өнері арқылы халқымыздың ұлттық құндылығының кеңінен насихатталуына өз үлесімді қосқым келеді.

— Дүниежүзілік көшпенділер ойынында саятшылықтың неше түрі бойынша сайыстар болады?

— Көшпенділер ойынында құсбегілер саятшылықтың үш түрі бойынша сынға түседі. Бірінші – бүркіт салу, екінші – қаршыға салу, үшінші – сұңқар салу. Сайысқа қатысушы құсбегі-лердің әрқайсысында ойын шартына сәйкес ұлттық киім болуы керек.  Жарыстар – Республикалық «Құсбегілік» федерациясының ережелеріне сәйкес өткізіледі. Ойын шарты бойынша жарысқа тек 18 жастан асқан спортшылар ғана жіберіледі.

—  Команда құрамында қанша адам өнер көрсетеді және қандай сайыстар бойынша бақ сынайды?

— Мысалы, бүркітшілер командасында бес адам болады. Оның үшеуі — бүркітші, біреуі — бапкер, енді біреуі — дәрігер. Жарыстың бұл түрінде қатысушылар бүркіттерін екі жаттығуда сынайды: құсты қолға шақыру және шырға салу. Жарыс жеңімпазы екі сайыста жинаған ұпай саны бойынша анықталады. Бірінші жарыста бүркіт спортшыдан 500 метр қашықтықта болуы керек. Төрешінің белгісі берілгенде бүркітші қолындағы жемді көрсетіп, қолына шақыра бастайды. Мұнда бүркіттің қолға қону уақытының жылдамдығы бойынша жеңімпаз анықталады. Сайыс барысында бүркітші өзінің құсын бір рет қана шақыруға рұқсат етіледі. Ал шырға салуда қатысушылар өзінің бүркітін шабандоз сүйреп келе жатқан түлкі терісінен жасалған нақпішін бағытына қарай ұшырады. Бүркіт орташа жылдамдықпен келе жатқан нақпішінге жетіп, оны ұстап алуы керек. Бүркіттің ұшатын жолының бойына екі жалауша орнатылады. Жалаушалардың ара қашықтығы –
300 метр. Бұл жалаушалар арасында құстың ұшу уақыты мен жылдамдығы бағаланады. Ережеге сәйкес, аңшы өзінің бүркітін бір рет қана ұшыра алады.

— Уақыт бөліп, әңгімелескенің үшін алғыс білдіремін!

 

Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.