Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны жыл санап артып келеді. Бүгінгі таңда ата-аналардың ең үлкен уайымы — сол балаларды қоғамға бейімдеу және сапалы білім беру мәселесі. Ал жаңа оқу жылының басында бұл мәселенің өзектілігі екі еселенетіні анық. Осы ретте «ерекше» балаларды дамыту бағытындағы инклюзивті білім беру жүйесінде қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алуда? Бұл туралы облыстық білім беру басқармасына қарасты балалардың құқығын қорғау және инклюзивтік білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мәдина Ғабдулинамен сұхбаттасқан едік.

Мәдина Ахметжанқызы, 2024-2025 оқу жылының басталуына орай ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндерге қандай жағдай жасалуда? Осындай балалары бар ата-аналар қайда жүгінуі керек?

— Даму мүмкіндігі шектеулі балалар біздің тікелей бақылауымызда. Биыл облыс бойынша жалпы орта білім беретін мектептерде 10 инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. Оның 9-ы Павлодар қаласында, 1-і Екібастұз қаласындағы мектептерде жұмыс істейді. Атап айтқанда, Павлодар қаласындағы М.Әлімбаев атындағы, Қ.Мақпалеев атындағы, Х.Бекқожин атындағы және №2, 6, 15, 18, 43 орта мектептерде, Екібастұз қаласындағы №10 орта мектепте орналасқан. Мұнда ерекше білім беруді қажет ететін балаларды дамыту, ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету жұмыстары жүргізіледі. 2027 жылға қарай қосымша 14 инклузияны қолдау кабинетін ашу жоспарлануда. Ал одан бөлек, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды дайындайтын 35 арнайы ұйым бар. Оның 7-і — арнайы мектеп, 10-ы — арнайы балабақша, 4-і — психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орталығы, 13-і — түзету кабинеті, 1-і — аутизм орталығы.

Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету шаралары жасалуда. Мысалы, Павлодар қаласындағы №26 орта мектеп базасында ресурстық орталық жұмыс істеп тұр. Мұнда осы саланың педагогтеріне түрлі семинарлар, дөңгелек үстелдер, тренингтер өткізу арқылы әдістемелік көмек көрсетеді. Бұл орталық 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

— Ал «ерекше» бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға қандай қолдау көрсетілуде?

— Иә, мұндай ата-аналар психо-логиялық, әдістемелік қолдауға мұқтаж екені жасырын емес. Сондықтан, ағымдағы жылдың
19 тамызында Павлодар ауданының және Екібастұз қаласының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде ерте қолдау қызметтері есігін ашты. Бұған ата-аналар өздері жүгініп, мамандардан кеңес ала алады. Айта кетейік, бұл «Дара» қайырымдылық қорының бастамасымен, «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асты. Жаңа жобаны облыс әкімдігі де бірден құптап, қолдау білдірді. Мақсаты – дамуында кемшілігі бар балаларды және олардың ата-аналарын жан-жақты қолдау.

— Қазіргі таңда облысымызда қанша «ерекше» бала бар?

— Қазіргі уақытта облыста ерекше білім беруді қажет ететін 8159 бала тұрады, оның ішінде 2064-і —
мүмкіндігі шектеулі балалар. Өткен жылы мұндай балалар саны 7489 болатын. Негізі, Павлодар, Екібастұз қалалары мен Баянауыл және Павлодар аудандарында көбейіп келеді.

Ерекше балаларды оқытуда қандай тәсілдер қолданылуда?

— Қазіргі уақытта облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудың бірнеше тәсілі бір мезгілде қолданылады. Атап айтар болсақ, арнайы мектептер мен мектеп-интернаттарда сөйлеу, есту, көру қабілеттері мен ақыл-ойы дамымай қалған балаларды саралап оқыту жүргізілуде. Сонымен қатар, балабақшаларда және жалпы білім беретін мекемелерде арнайы топтар (сыныптар) жұмыс істеп, балаларды кешенді оқытуды, дайындауды қолға алды. Кейбір мамандар мұндай балаларды қарапайым балалармен бірге оқыту тәсілін де қолдануда.

— Ақпаратыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.