Павлодар облысында асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын қожалықтар саны жыл санап артып келеді. Бұл ретте мал баққан ағайынға көрсетілетін қолдау шаралары да мол. Себебі, асыл тұқымды мал сатып алу бағыты мемлекет тарапынан субсидиялауға жатады. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде күні бүгін облыста асыл тұқымды саналатын ірі қараның үлесі көбейді. Осы орайда субсидия алуға үміткер тауар өндірушілерге қойылатын талаптар қандай? Мал тұқымын асылдандыру ісін неден бастау керек? Осы іспетті сұрақтардың жауабын іздеп көрелік…

Селекциялық жұмысты жетілдіру қажет

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша облыста ірі қара малдың саны
581 мың басты құрайды. Сондай-ақ, өңірде 712,1 мың бас қой, 80,1 мың бас ешкі, 304,5 мың бас жылқы және 1 058,8 мың бас үй құстары тіркеулі. Ағымдағы жылдың басынан бері 100,4 мың тонна сүт, 30,9 мың
тонна тірі салмақтағы ет және 64,8 млн дана жұмыртқа өндірілді. Сонымен қатар, саланы дамытудың сапалық көрсеткіштері де өсуде. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы құрылымдарында сүттің орташа көлемі 10 пайызға артса, жұмыртқа өндірісі 22 пайызға өсті.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашы-лығын дамыту бөлімінің басшысы Қайырболат Байсариновтің айтуынша, аймақ басшысы Асайын Байхановтың қолдауымен 2023 жылы жем-шөп шығындарының құнын арзандатуды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3 млрд теңге бөлініп, игерілді. Нәтижесінде мемлекеттік қолдаумен 1,5 мыңнан астам фермер қамтылды. Оның ішінде ірі қара мал өсірумен айналысатын 1 199 фермер және ұсақ мал бойынша 339 шаруа қожалықтары бар.

– Облыста ірі қара малдың асыл тұқымды аналық мал басын өсірумен айналысатын 170-ке жуық шаруа қожалығы бар. Ет бағытындағы ірі қара малдың асыл тұқымды аналық басы – қазақ ақбас, герефорд, абердин-ангус, әулиекөл және сүт бағытындағы – симментал, голштин, қызыл-дала тұқымы өсіріледі. Қойлардың асыл тұқымды аналық басын өсірумен
21 шаруашылық айналысады. Оларда 20 мыңнан астам бас тіркеулі. Сондай-ақ, бір шаруашылық саны 5 мыңнан асатын ешкінің асыл тұқымды аналық басын өсірумен айналысады. Атап айтсақ, асыл тұқымды аналық ешкі басының таулы Алтай тұқымы өсіріледі. Жылқылардың асыл тұқымды аналық басын өсірумен 15 шаруашылық айналысады. Шаруа қожалықтарында 13 мыңнан астам бас бар. Бұдан басқа, 1 шаруашылық 11 мыңнан астам асыл тұқымды аналық шошқа өсірумен айналысады, – деді Қ.Байсаринов.

Сонымен қатар, бөлім басшысы мал шаруашылығындағы тиімділікті арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы жануарлары тұқымдарының генетикалық әлеуе-тінің деңгейін және мал санының өсу қарқынын жеделдету үшін селекциялық жұмыстарды жетілдіру қажет екенін айтты. Мәселен, бүгінгі таңда Еуропадан 940 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Атап өтсек, Ақсу қаласындағы «Кронос-Павлодар» шаруа қожалығына Даниядан 272 бас сүтті бағыттағы гольштейн-фриз тұқымы әкелінді. Сондай-ақ, Ақтоғай ауданының «Ақтоғай-Агро» фирмасы Чехиядан 319 бас сүт бағытындағы симментал тұқымы жеткізілсе, Успен ауданының «Галицкое» ЖШС Словакиядан сүт бағытындағы ірі қара малдың
349 басын әкелді.

 

Басты мақсат – арзандату

Мал шаруашылығы саласын дамыту мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Ағымдағы жылы аталған бағдарлама бойынша 7,2 млрд теңге бөлінді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызме-тінің мәліметінше, ережеде субси-дия алуға үміткер тауар өндіру-шілерге қойылатын талаптар мен өлшемдер жазылған. Мәселен, мал шаруашылығында мемлекеттік қолдау субсидиялаудың 37 бағыты бойынша жүзеге асырылады. Оның ішінде «асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» бағыты бойынша 3,2 млрд теңге бөлінді.

– Ірі қара малдың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүргізуге (тауарлық норматив – 10 000 теңге,
асыл тұқымдық – 15 000 теңге), қойдың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге (тауарлық норматив – 2 500 теңге, асыл тұқымдық – 4 000 теңге), асыл тұқымды өндіруші бұқаларды сатып алуға (норматив – 150 000 теңге), асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға (ет бағытындағы норматив: отандық – 150 000 теңге, ТМД елдерінен, Украинадан импортталған – 225 000 теңге, Австралиядан, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінен, Еуропа елдерінен импортталған – 300 000 теңге, сүт бағытындағы: отандық – 200 000 теңге, ТМД елдерінен, Украинадан импортталған – Австралиядан, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінен, Еуропа елдерінен импортталған 225 000 теңге – 400 000 теңге), асыл тұқымды қойларды сатып алуға (отандық норматив – 15 000 теңге, импорт-талған аналық қойлар – 30 000 теңге, импортталған асыл тұқымды қой – 150 000 теңге) мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Қайырболат Байсаринов асыл тұқымды малдардың сапасын арттыру, мал азығын дайындау бағыты бойынша 4 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Айтуынша, ауыл шаруашылығы жануарларына жем-шөп шығындарының құнын арзандату, сондай-ақ, субсидиялар алу критерийлері мен өтінімдер беру мерзімдері мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру жөніндегі мамандандырылған бейінді ғылыми ұйымның қаулысымен бекітіледі.

– Барлық өтінімдер ағымдағы жылдың 20 қаңтарынан 20 желтоқ-санына дейін (қоса алғанда) қабыл-данады. Биыл ауыл шаруашылығы жануарларының мал басына жем-шөп шығындарының құнын арзандатуды субсидиялау гидрометеорологиялық қызметпен расталған, яғни, төтенше жағдай жарияланған немесе қалыптан тыс ауа райы жағдайлары басталған кезде ғана жүзеге асырылатынын атап өткім келеді. Осыған байланысты былтыр жалпы ауданы
25 мың гектардан астам мемлекеттік орман қорының жерлерінен шөп дайындау үшін шабындық жерлер бөлінді, бұл шамамен 20 мың тонна шөп дайындауға мүмкіндік берді, –
деді бөлім басшысы.

Субсидия алу тәртібі қандай?

Өтінімдерді қабылдау Ауыл шаруашылығы жануарларының орналасқан/тіркелген жері бойынша жүзеге асырылады. Тауар өндіру-шіде субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде дербес тіркелу үшін ЭЦҚ болуы қажет. Сондай-ақ, жыл сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «plem.kz» базасын пайдаланғаны үшін абоненттік төлем жүргізеді. Жеке кабинетте тіркелу үшін тауар өндіруші өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін, бизнес-сәйкестендіру нөмірін, байланыс деректерін, екінші деңгейдегі банктің ағымдағы шотының деректемелерін көрсетуі тиіс. АШТӨ тіркелгеннен кейін «subsidy.plem.kz» веб-порталында субсидия алуға электрондық өтінім беріледі. Өтінім тауар өндірушінің ЭЦҚ-сына қол қою арқылы тіркеледі және тауар өндірушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы 2 жұмыс күні ішінде субсидиялар алуға арналған өтінімді қарау нәтижелері туралы веб-порталда ЭЦҚ-мен хабарламаға қол қою арқылы өтінімнің қабылданғанын немесе Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты растайды. Осылайша ведомство веб-порталда қалыптастырылған төлем құжаттарын жүктеп, қаржыландыру жоспарына сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге тиесілі бюджеттік субсидияларды аударады. Өтінімдер тиісті бағыттарға көзделген қаражат шегінде қабылданады. Тиісті бағыттарға көзделген қаражат жетіспеген кезде өтінімдер резервке (күту парағына) түседі. Ағымдағы жылы резервке (күту парағына) түскен өтінімдер бойынша қосымша бюджет қаражаты болмаған жағдайда, субсидиялар төлеу келесі жылы жүзеге асырылады.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.