Жақында Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау барысында депутат Елнұр Бейсенбаев Үкіметке бюджеттің жаңа кіріс көздерін ұсынды. Депутат, аңшылық арзан ойын-сауық емес, жауапты таңдау болуы керектігін айтып, үкіметтен аң аулаудың барлық түріне бағаны қайта қарап, бюджетке түсетін түсімдерді арттыруды сұрады. Халық қалаулысы айтқандай, елімізде аңшылық туризм қалыптастырып, бұл саланы халықаралық деңгейге дейін дамыта аламыз ба? Аңшыларды алаңдатқан тақырыпты «Алаң» қатысушыларының талқысына салып көрдік.
Ақжол ЕСІРКЕПОВ, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының маманы:
— Жыл сайын Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен жануарлар мен құстарды аулауға лимит бекітіледі.
Биыл бұл бұйрық 2025 жылғы 15 ақпаннан бастап 2026 жылғы 15 ақпанды қоса алғандағы кезеңді қамтиды. Айта кету керек, аң аулау объектілері болып саналатын жануарлар түрлерін аулауға лимиттер әр аймаққа бөлек белгіленеді. Мысалы, биыл жалпы 18 878 қабан, 1 257 марал, 14 068 елік, 419 428 қоян аулауға рұқсат етілген. Ал олардың бағасы жануарлар түрлеріне қатысты әртүрлі болып келеді. Әрине, аңшылық салықты арттыру жобасы қабылданып жатса, түскен қаражатты табиғатты ретке келтіру жұмыстарына жұмсаған жөн. Сондай-ақ, жабайы аңдардың санын қадағалап отыру үшін алдағы уақытта бұл саланы толық цифрландыру керек.
Қанат АЙБАРОВ, «Қансонар» аңшылар қауымдастығының мүшесі, Ақсу қаласы:
— Аң аулау – ақыл мен айланың, тіпті ардың ісі. Аңшылықтың өзіне тән мәдениеті мен тәртібі бар. Дегенмен бізде осы саланың ақсап тұрған тұсы жетеді. Соны жою үшін қолданыстағы заңды жетілдіру керек. Жалпы, аңшылық шаруашылығы — тәуелсіздік алғалы бірде-бір рет реформаға ілікпеген сала. Түзеп-күзеуді қажет ететін жерлері жетерлік. Мәжіліс қабырғасында мәлім етілгендей, әлемде аңшылықты табыс көзіне айналдырған елдер баршылық. Бізде бұл бизнес берекелі емес. Туризм тұрғысынан да тұсаулы. Сондықтан осы саланы сауықтыру маңызды. Ол үшін жабайы аң-құсты аулауға ғана емес, қорғауға, көбейтуге де ден қою керек. Аң аулауға салық мөлшерін арттырсақ, аңшыларға жағдай да жасай білу қажет.
Оксана ЕГОРОВА, «ЭкоМир» бірлестігінің мүшесі, Павлодар қаласы:
— Соңғы жылдарда экологиялық жағдайдың шиеленісе түсуі даламызда мекендейтін жабайы жануарлардың тіршілік ету тынысын тым тарылтып жіберді. Тіршілік ететін ортасының өзгеруі, адам қызметі әсерінен, әсіресе, браконьерліктің белең алуы салдарынан бірқатар жабайы жануарлардың азайып, тіпті кейбіреулерінің құрып кету қаупі туындап отыр.
Былтырдың өзінде елімізде 10 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркеліп, мыңға тарта қылмыстық іс қозғалды. Бұның бәрі аңшылық саласы тым қолжетімді болғанның кері әсерінен. Бұл ретте аң аулауға салықты көтеру керек. Сондай-ақ, аңшылық сертификатын алу, қару ұстау ережелерін қатаңдату қажет.
«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек МҰҚЫШЕВ.